Қиырда қалған қазақ жері
Соңғы уақытта оңаша ойға шомғанда: «Неге барлығы қазақ жеріне иелік етуге құмар?» – деген сұрақ туындайды. Ұлт жанашырлары, көшбасшылары мұны қазақ санының аздығымен байланыстырады. Қалай алып қарасақ та, әңгіменің төркіні, қаймағы осыған саятын секілді. Үкімет басындағылардың солтүстіктегі сайын далаға оңтүстіктегі отандастарды көшіруге күш салып жатқаны да осыны аңғартса керек. Қазақтың қай жері де ұлтымыз үшін Отан екені, Мұрат Әбеновтың бастамасымен іске қосылған «Серпін» бағдарламасын қаржыландыру ертеректе мықтап қолға алынуы керек болғаны түсінікті ғой. Мұнымен қоса елдегі демографияға, жас отбасыларға лайықты жағдай жасау да ендігінің еншісінде қалып отыр. Бірақ әңгіменің ауаны басқада.
Кешегі Ресей думасының депутаты Вячеслав Никоновтың мәлімдемесінен кейін билік те, бұқара да бір сілкініп алған секілді. Десек те мұндай жағдай бірінші рет орын алып тұрған жоқ. Қайбір жылдары қытайлық интернет-ресурста қазақ жері аспанасты елінікі екенін, тіпті мектеп оқушыларына да солай дәріс беретіндігі туралы даулы ақпарат тарады. Онда да қылышты боққа шапқаннан әріге бара алмадық. Осындайда ұлттық рух тудыратын, байырғы қазақ жерін тарих тілімен тәптіштеп түсіндіріп беретін телесериалдар мен кинотуындылар жоқтығы көңілге кірбің ұялатады. Өз тарихын қияли кино арқылы жасап алған кәріс ұлтының қасында ұлтымыз қысылмай мақтана алатын дәрежеде емес пе? Керек болса, тарихшыларымыз аспанасты еліне, Ресейге, бауырлас елдерге шекара бөлу барысында өтіп кеткен жерлерді айшықтайтын немесе Жұмабек Тәшеновтің Көкшетау, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстанды орыс отарынан алып шыққанын бейнелейтін туынды түсіріп, неге таратып жібермеске? Болса да ай сайын жарық көретін ауылды, келіндерді мазаққа қосқан киноларға миллиондаған қаржы құмға шайылып жатыр. Әйтпесе ғаламтордан шетелге өтіп кеткен қазақ жерлері туралы мәлімет іздей қалсаңыз түк таппайсыз. Ал Қытайдағы қазақ жерлері туралы сұрасаңыз соғыс сарынындағы мақалалардан басқа ештеңе жоқ
Кеңес Одағының кері саясатын бастан өткермеген болсақ бұл кездегі Қазақстан териториясы біраз мемлекеттің бүйірін басып жатар еді. Мүмкін алдағы уақытта тарихи әділеттілік орнап, шетел меншігіне өтіп кеткен көшпенділер еншісі заңды иесіне қайтар. Бұл шүкіршілікті білмейтін емес, ата-бабасының шелектеп төккен қаны мен келешек ұрпағы үшін жанын берген ержүректердің еңбегі еш кетпесе екен дейтін әр қазақтың ойында жүруі тиіс мәселе. Осы тұста өскелең ұрпақ өзіне мұра, бірақ басқаның бәтеңкесі басып жүрген қара жердің қазақтікі екенін ұмытпағаны дұрыс. Бұл жағынан тарихи дәйектер жетіп артылады. Бірақ оны насихаттау белгісіз себептермен кенжелеп келе жатқаны жасырын емес. Ғаламторда ақылға қонымды бірер мақала ғана көзге түседі. Мәселен «Айқын апта» газетінде жарық көрген Кәмшат Тасболатованың «Орынбор – біздің бұрынғы астана» атты талдау материалында мына нәрсеге көбірек мән беру керек.
– Ресейде қазақтың қанша жері қалды? Орынбор, Астрахан, Омбы, Саратов, Томск сияқты қалалардың барлығы да алғашқы қазақ территориясында орналасқан. Керек десеңіз Сібір де біздің ата-бабаларымыздың меншігі. Бұл жерлер үшін батыр бабаларымыз талай шайқаста қан төкті. Қазақтың қайталанбас тарихының бір бөлігі бұрынғы Ресейдің оңтүстік шекараларына айналған, қазақтың бұрынғы териториясының солтүстік бөлігінде орын алған. Құрманғазы осында жырын айтып, «Алаш-Орданың» көсемдері біріккен. Бұл аз десеңіз қазақ тіліндегі алғашқы баспа шығармалары да аталған аумақта жарық көрді, – деген мақалада.
Ал белгілі тарихшы, археолог Арнабай Нұржанов қияда қалған қазақ жерлері туралы толымды ақпар берген.
– Оңтүстік шекаралар, Ташкент облысы және Жизақ облысы – бұл бүкіл Қазақ хандығының жарты бөлігі. Қазақтар Ташкентті 200 жыл басқарды. Ал Кеңес өкіметі шекараны басқаша бөлді. Өзбекстанда орналасқан Қарақалпақстанның өзі 1936 жылға дейін Қазақстанның құрамында болды. Бұл туралы көбісі білмеуі мүмкін, бірақ мен тарихшы ретінде сенімді түрде айта аламын. Солай бола тұра Кеңес өкіметі қарақалпақ меншігін Өзбекстан КСР-іне берді. Орынборға келер болсақ ол Қазақ КСР-нің алғашқы астанасы болғаны белгілі. Біздің жер Еділ өзеніне дейін созылып жатқан. Астрахан облысының аумағына кіретін қазақтың осынау мекенінде ұлы композитор Құрманғазының зираты қалған. Тарихтан Ноғайлар мен Алтын Орда да осында орналасқанын білесіздер. Шетелге Қорған облысы мен басқа да бірнеше қала өтіп кетті. Түркменбашыға айналған Красноводск қаласы тарихқа сүйенсек нақ адайлардың жері болды», – дейді Арнабай Нұржанов.
Ал Қытайда қалған Шыңжаң, Құлжа, Шәуешек, Алтай бөктеріндегі аумақтар туралы әңгіме мүлде қозғалмайды. Бұл жерде күні бүгінге дейін этностық қазақ ұлты қоныстанғанын білеміз. Бірақ ғаламторда болсын немесе кинолар мен тарихи кітаптарда қалалар туралы дерек жоқтың қасы. Шынына келгенде егемендігі еңселенген, өткеніне құрметпен қарайтын ұрпақ тарихи тұрғыдағы мұндай олқылыққа жол бермеуі керек еді.
Қазіргі кездегі ашық ақпараттық соғыстың салдары халықтың билікке деген сеніміне сызат салып жатқаны рас. Осындайда «біздікілер кімнен именеді?» деген сұрақ маза бермейтіні жасырын емес. Біз әңгімелеп отырған қазақтың тарихи, мұра жерін қайтару туралы әзірге жұрт талап қоймайтыны белгілі. Тек төрткіл дүниені мойындатқан заңды территориямыздың тұтастығына қауіп төндіретін керағар мәлімдемелерге жауаптылар мардымды жауап бере алмағаны ішіңді күйдіреді. Кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәселеге тікелей қатысты мақаласынан кейін министрліктер мардымды жұмыс істеуі керек-ақ.
Сондай-ақ ұлттық идеологияны жандандырып, деректі, тарихи фильмдерді түсіруді қолға алу қазірден басталса игі. Бұл сала әлсіз тұрғанда көрінгеннің кері әңгімесіне қала береріміз анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ