Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баласын орысша оқытатындар не ойлап жүр?

Баласын орысша оқытатындар не ойлап жүр?

Бала қай тілде тәрбие, білім алса, сол тілдің мүддесін қорғап жүретіні белгілі. Кешегі күнге дейін ел арасында орысша оқыған баланың ойы озық, білімі толық болады деген қаңқу сөз өріп жүрді. Оның негізі Патша үкіметіне отар болған елдің кезінде орысша білім алғанында жатса керек. Сол тұста «орысша білгеннің болашағы бар» деген тәмсіл де кітапқа түспегені болмаса, шынайы дүние еді. Нәтижесінде егемендік алғанымызға отыз жылға жуықтаса да сол тілде армандайтын, ана тілін ұмытқан атқамінерлердің қарасы қалыңдады. Бұғанасы қатаймаған баланы орысша оқытып, қатарынан озық қыламын деп арамтерге түсетіндер де осылар.

Қайбір жылдары бұқаралық ақпарат құралдары елде орыс тілді білім беретін мектептердің жаппай жабылып жатқаны туралы ақпар таратты. Бір қызығы, өзге этнос өкілдері ақжолтай жаңалыққа қолдау білдіріп, бұны мемлекеттік тіл мәртебесінің жоғарылауы деп баға берді. Алайда күні бүгінге дейін алты жасар баласын ауыл сыртындағы орыс сыныбы бар мектепке жетектеп жүрген ата-аналарды көптеп кездестіруге болады. Кейбірімен пікірлесу барысында бұның себебі орысша оқулықтардағы білімнің тереңдігі мен заманауилығында жатқандығын аңғардық. Ал осындайда «Отандық ғалымдардың, аудармашылардың даярлаған еңбектері қазақ тілінде білім алатын балалардың келешекте болашағы зор болуына көмектесе алмайды ма?» деген сұрақ көңілде қылаң береді. Олай болса мұндай ата-аналар қазірдің өзінде әлем елдерінің назарын өзіне аударған зияткерлердің кімнен тәлім алып отырғанын білмейді. Осы тұста қазақ тілді мектептердің қаншалықты жоғарғы нәтиже көрсетіп жүргенін тілге тиек ете кеткен жөн болар.
Өткен жылдары білім саласындағы тоқырауды есепке алмағанда, білім беру бағыты айтарлықтай жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Өзге тілде білім алған оқушының бағдарламаны толық меңгере алмайтынын да сол тұста уақыт көрсетіп берді. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеудің 125 балдық кезеңінде республика бойынша толық ұпай жинаған 19 оқушының бәрі тек қазақ сыныбының түлегі екенін көп адам біле бермейді. Сондай-ақ ел көлемінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген 10 мектептің 8-і таза қазақ мектебі, бірі орыс, тағы біреуі аралас мектеп екені анықталды. Сонымен бірге өткен жылы ең жоғары 139 балл жинаған оқушы да қазақ мектебінің түлегі еді.
Бұлардан бөлек дүниежүзілік олимпиадаларда алтыннан алқа тағынып, ел абыройын асқақтатып жүргендер қазақ мектептерінің тәрбиеленушілері екені анық. Бүгінгі күні додаларда топ жарып жүргендер мен белгілі бір салада орасан жетістікке жеткен жандардың барлығы дерлік ана тілінде сауатын ашқан.
Сонымен қатар қазіргі таңда балаларын қазақ тілді мектепке беретіндердің үлесі 90 проценттен асқанын естен шығаруға болмайды. Олар мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына талаптанатыны анық. Осы тұста білім грантын жеңіп алу үшін баланың қазақ мектебінде оқығаны кәдімгідей әсер етеді. Себебі Ұлттық тестілеуді мемлекеттік тілде тапсыру үшін 2017 жылғы түлектердің 76 проценттен астамы өтініш берген. Демек соған сай білім гранты қазақ тілді аудиторияға бірнеше есе көбірек берілеті белгілі.
Шамасы жететіндер мемлекеттік грантты керексінбей, бала жақсы оқып шықса болдыға салып, өз қалтасынан жоғары оқу орнына түсіруі мүмкін. Алайда университетке дейінгі оқушының білім деңгейі оның келешегіне әсер етпей қоймасы анық. Осы тұста елде орыс тілінен дәріс беретін пән мұғалімдерінің деңгейі де, саны да аз екенін ескерген жөн. Бәрін шетке ысырып қойып, аудан төңірегіндегі мектептерге көз жүгірте қалсаңыз, білікті оқытушыны саусақпен санауға болады. Бұндай әңгімені білім ошақтарының басшыларынан да, қарапайым мұғалімдердің аузынан да естіп жүргенімізді жасырып қайтеміз?!
Бүгінгі таңда ата-аналардың балаларын орыс мектебіне беруінің сыры – кішкентайлары ер жеткен соң басқа елде біліп алып, сонда көгерсін деген ой бар секілді. Әйтпесе, қазақ тілінде беріліп жатқан білімнің басқа елдердегі оқытудан кем дегендік сөз мүлде негізсіз. Бұл мемлекет пен тәуелсіздіктің нығаюына кедергі жасау мақсатында ойлап табылған, болашағы жоқ аңыз-әңгіменің көп тараған түрі болуы мүмкін. Әйтпесе дамыған Еуропа елдерінің барлығы балаларын орыс тілді мектепке беруі керек еді. Бірақ неге олай жасамайды?

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 желтоқсан 2019 ж. 1 516 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 82

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 143

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 147

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031