«Азаматтығымнан бас тартқан жоқпын ғой»: Сәбина Алтынбекова өзін «сатқын» дегендерге жауап берді (ВИДЕО)
Бір жылдары Жапония волейбол клубында өнер көрсеткен Сәбина Алтынбекованы жерлестері сатқын деп айыптаған еді. Көптен бері журналистерден қашып жүрген спортшы қыз күні кеше блогер Бейбіт Әлібековке сұқбат беріп, осыған қатысты өз ойын ашып айтты деп жазады Sputniknews.kz.
Сәбинаның айтуынша, бұл арада үлкен түсінбестік орын алған.
«Адамдар мына бір нәрсені түсінбейді: команда үшін ойнау деген бір басқа, клуб үшін ойнау деген бір басқа. Ол мен үшін кәсіби деңгейімді, біліктілігімді арттыру, тәжірибе алмасу үшін қажет болды. Одан жақсы болмасам жаман болмадым. Иә, бір жыл келісімшартпен Жапонияда ойнап келдім.
Бірақ мен азаматтығымнан бас тартқан жоқпын ғой. Осыны адамдар дұрыс түсінсе деймін. Жалпы, бұл арада осындай түсінбестік орын алған деп ойлаймын, сондықтан бұл айыптауға мен еш ренжіген жоқпын», - дейді ол.
Айта кетсек, 2014 жылы Қытайда өнер көрсеткен 17 жастағы қыз бір күнде жұлдыз боп шыға келді. Жарыстан кейінгі күні бүкіл БАҚ Сәбина Алтынбекова туралы жазды. Ал Алтынбекованың әлеуметтік желідегі парақшасына тіркелушілер саны бір күнде 300 мың адамға жеткен.
Қытайларды Сәбинаның спорттағы жетістігі емес, сұлулығы тәнті еткен. Ол бүкіл параметрі бойынша анимелерде сомдалатын аруға сай боп шыққан.
Бұл туралы Сәбинаның өзі былай еске алады:
«Жарыс аяқтала сап, бізді алып жүретін гид қыз қасыма келіп, маған бір қытай сайтын көрсетті. Сен туралы жазып жатыр деді. А жақсы екен деп ілтипат таныттым да қойдым. Ал келесі күнгі жарыста стадион адамға лық толды, фотографтар да қаптап жүр.
Біздің туды қайдан тауып алғанын білмеймін. Біз Қытай командасына қарсы ойнап жатырмыз ғой, ал олар болса бізді қолдап, «Сәбина«» деп шулады. Бәрі мен үшін келген ғой ойынға. Қатты есім шықты, тіпті шошып та қалдым. Бірақ оның бәрі маған ұнады, әрине», - дейді ол.
Одан кейін спортшы қыз шетелде өнер көрсетуді ойға алады. Осы кезде оған жапонның GSS Sunbeams қыздар волейбол клубы келісімшарт ұсынады. Олармен бір жылға келісімшартқа отырған Сәбина 2015 жылы Жапонияға аттанып, ол жақтан 2016 жылдың көктемінде оралады.
«Олар мені спорттағы жетістігім үшін алған жоқ. Танымалдылығыма қызықты. Расында, біздің ойынды тамашалауға келушілер спортқа емес, мені көру үшін келетін. Осы жағы мені қатты қынжылтты. Мен онда бір жыл жұмыс істедім. Қазір Алматыдамын. Осындағы қыздар волейбол клубында ойнаймын», - дейді ол.
Дегенмен Сәбина бұл танымалдылықты, фанаттарының көптігін жеке мақсатқа пайдалану туралы ойы жоқ екенін баса айтады.
«Менің мақсатым басқа. Елдің алдында үнемі көлбеңдеп жүре бергім келмейді. Ол маған ұнамайды. Егер мені бәрі ұмытып кетсе, оған еш қынжылмаймын. Менің спорттық жетістікке жету деген өзге мақсатым бар, соған жетсем, соған шүкір деймін», - дейді спортшы қыз.
Ал жігіт жағына келгенде Сәбина тым қатал екен. Өзі ай сайын телефон нөмірін ауыстырып отыратынын айтады. Өйткені жанкүйерлер, тіпті сыртынан ғашық боп қалған жандар оны үнемі тауып алады екен.
«Ондай қоңырау келіп түскенде, не деп жауап беретінімді білмеймін. Қатты ыңғайсызданамын... Қазір жігітім жоқ. Жалпы, мен жігіттерді оңайшылықпен жаныма жолатпаймын. Өйткені бос сөзді жек көремін, уақытымды текке кетіргім келмейді», - дейді ол.
Ал жалпы Сәбинаға қандай жігіттер ұнайды? Бұған ол былай жауап берді:
«Түрі маңызды емес, бастысы өз-өзіне сенімді, ақылды, мінезді мұсылман болса болғаны», - дейді ол.
Иә, Сәбина сұқбатында өзінің мұсылман екенін, болашақ жар таңдауда осыған ерекше назар аударатынын да айтуды ұмытпапты.
Сәбина Алтынбекова Ақтөбе қаласында 1996 жылы 5 қарашада дүниеге келген. 5 жасынан бастап бимен шұғылданған, ал 14 жасында волейболға барады. Жергілікті «Қазхром» клубында ойнап, команда капитаны да болған. Ал 16 жасында «Алматиночка-Алматы» клубында өнер көрсетеді.
Осы компандасымен ол 2013 және 2014 жылдары Жоғары лиганың «А» тобында сайысқа түсіп, күміс жүлдені иеленеді. 2014 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дене шынықтыру»мамандығына оқуға түседі.
Сәбинаға Қытайдағы танымалдылығынан кейін бірнеше мәрте модель болуға ұсыныс келіп түскен. Бірақ ол одан бас тартып, спорттан қол үзбейтінін мәлімдеді.
sn.kz