Қарағанды облысында екі жетім баланы кімнің азаптағанын тексеріп жатыр
Қарағанды облысында екі баланы азаптағандар тексеріліп жатыр. Көршілері мен мұғалімдер апала-сіңлілі қыздарды өгей шешесі азаптаған болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.
Ал, өгей шешесі балаларды мектептегілердің ұратынын айтуда. Денесінде сыныптастарының ұрған іздері барын айтады.
6 және 7 жастағы қыз балалар мен олардың 4 жастағы інісін асырап алған. Алайда оларды жақында бейімдеу орталығына қайта әкелді. Көршілері балаларға өгей шешесінің күн көсетпейтінін айтып бақты. Айтуынша, тек кіші балаға тиіспейді екен.
«Біз дәл қабырғамыз бір көршілеріміз. Бәрін естіп, біліп жатамыз. Анасы қолына түскен, таяқ, оқтау, тоқ сымы секілді заттармен ұрады. Оның айқай шуынан менің де балаларым көз іле алмайды. Жетімдерді аяп кеттік. Сосын полицияға хабарластық», – дейді Айымгүл Асауова.
«Менің тобымда қыздары да, баласы да болды. Анасы балаларын мектепте ұрып-соқты деп отыр. Балалардың денесіндегі көгерген іздерді көріп анасына хабарластым. Ол балаларының өз-өздерімен төбелесетінін айтты. Кейде інісі ұрады екен. Мұндай балалардың бейімдеу орталығынан соң сіңісіп кетуі қиын. Оның үстіне 54 жастағы әйелдің алғаш рет ана болып отырғанын да ескеру керек. Бірақ балаларды осылай ұруы тәрбие емес», – дейді мұғалімі Алтынгүл Мұсаханова.
«Дәл сол сәтте балаларды киіндіріп, мектепке бардым. Директорына барсам «Кешіріңіз, мұғалімі шығып кетіп, сыныпта түсінбестік болған» деді. Қандай түсінбестік болуы мүмкін? Мұғалім не үшін керек? Полициға арызданбаңызшы деп өтінді. Мен арызданған жоқпын», – дейді анасы. Рымбала Ескендірова.
Балаларды әлдекімнің күнделікті ұрып-соққаны байқалып тұр. Кім болса да, оған қатысты іс қозғалады. Полицейлер тергеу жүргізіп жатыр. Балалар қазір бейімдеу орнында.