Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Сыр сақшылары спорттық турнир өткізді

Сыр сақшылары спорттық турнир өткізді

Ішкі істер органдарының зейнеткері, отставкадағы полиция полковнигі Ғалымжан еске алу құрметіне «Еуразия» спорт кешенінде шағын футбол мен волейболдан турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысы және Қызылорда облысы Ішкі істер департаменттерінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және Ғалымжан Ахметовтің балалары, туыстары қатысты.
Ғалымжан Ахметов Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 1952 жылдың 16 қарашасында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1980 жылдың маусым айында Қызылорда облысы ІІБ социалистік меншікті жымқырумен күрес бөлімінің ұйымдастырушылық-әдістемелік тобының инспекторы лауазымынан бастаған. Өзінің адалдығының, өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында әр жылдары жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. 2005 жылдың қаңтар айында ІІО қатарынан полковник шенінде құрметті еңбек демалысына шығады. Қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін бірнеше мәрте ҚР ІІМ-нің омыраулық белгілерімен, Қызылорда ОІІБ-нің құрмет грамоталарымен марапатталған Ғалымжан Ахметұлы 2014 жылдың 6 маусымында 62 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Аталмыш турнирге құқық қорғау органдары, басқа да арнайы құрылымдардың және Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД командалары қатысты.
Спорттық шараның ашылу салтанатында әнұран шырқалып, алғы сөз департамент бастығы полиция полковнигі Қайрат Мұхитовқа берілді.
Бір күнге созылған спорттық бәсекенің нәтижесінде шағын футболдан І орынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды Шекара қызметінің 2019 әскери бөлімі мен Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің құрамалары бөлісті.
Ал волейболдан І орынды Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің командасы қанжығасына байласа, Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті ІІ орынға, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құрамасы ІІІ орынға табан тіреді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар жарыс кубогымен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
06 маусым 2018 ж. 37 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930