Облыстан олжалы қайтты
«Ұлттық мектеп лигасы» білім саласындағы тартысты бәсекенің бірі. Бұл оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануына, ептілікпен ерек көрінуіне септесетіні белгілі. Бұл сайыс биыл да жалғасын тауып, дода дүбірін естіртуде.
10-12 наурыз күндері Қызылорда облыстық білім басқармасының Аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығының ұйымдастыруымен 5-6 сынып мектеп оқушылары арасында үздік мектеп командасын анықтау мақсатында «Ұлттық мектеп лигасы» бағдарламасына сәйкес Волейболдан «Шұбар доп», Гандболдан «Ұшқыр доп», Баскетболдан «Алтын доп» спорт түрлері бойынша облыстық іріктеу өтті. Жарысқа Қазалы ауданынан 6 команда, 60 жуық оқушы қатысты.
Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Бұл аламанда да қазалылық жүйріктер жеңімпаздар қатарынан табылды. Облыстық іріктеу жарыстарының нәтижесі бойынша гандболдан «Ұшқыр доп» 5-6 сынып ер балалар мен қыз балалар арасындағы жарысқа №91 мектеп командасы қатысып, алтыннан алқа тағынды. Шәкірттің мерейі тасып, ауданның абыройы асуын команда жетекшілері Д.Бақытбергенов, Б.Алиасқаров, Ғ.Төлегеннің еңбегі ерекше екенін айта кетейік.
Бұдан бөлек волейболдан «Алтын доп» сайысында №92 мектеп командасы екінші орынға тұрақтап, жаттықтырушылары Ж.Мамаев, Е.Қайсарға орасан алғысын білдірді.
Осы доданың ер балалар арасындағы тартысында №96 мектеп командасы үздік үштікті қорытындылады. Қ. Әбдіжаппар, А.Әлімжан күміс медаль иегерлерін баптады.
Сондай-ақ баскетболдан қыз балалар арасындағы тартыста Б.Балымбетов пен Ғ.Алиасқаров жетектеген №249 мектеп командасы үшінші орынды қанжығаға басты.
Облыстық жарыста жеңімпаз атанған мектеп командалары республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысына жолдама алды. Жас спортшылар Қазалы ауданының абыройын алдағы сайыста да асқақтатады деген сенім мол.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ