Батыр жүлдесіне бақталас
Жуырда Қ.Пірімов ауылында 2009-2010, 2011-2012 жылдары туылған жасөспірімдер арасында бокстан аудандық ашық турнир өтті. Даңқты қолбасшы Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлының жүлдесі үшін және «Балалар жылы» аясында өткен жарысқа алыс-жақын жерлерден 12 команда келді. 30-ға жуық бапкер дайындап әкелген 180 оқушы бақ сынасты.
Оның ішінде Өзбекстан Республикасы қалаларының былғары қолғап шеберлері бар. Сондай-ақ Арыс қаласы мен Түркістан облысынан да спортшылар ат басын бұрған. Бұдан бөлек Қызылорда қаласы мен аудандарынан жас өрендер келді.
Бес күнге жалғасқан турнирдің негізгі ұйымдастырушысы №18 Қазалы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі.
– Туып өскен жерімде бокстан ауқымды біріншілік өткізу көптен ойымда жүрген. Жоспар орындалды. Бастапқыда қорқыныш болғанымен абыроймен алып шығуға тырыстық. Барлығы ойдағыдай өтті. Андижан, Шыржық, Арыс, Түркістан, Қызылорда қалаларынан келген спортшыларға ризамын. Қазалының жылы қабақпен қарсы алып, шығарып салып жатқанын қуанышпен жеткізді. Сәтін салса, алдағы уақытта бұданда көлемді қылып ұйымдастыратын боламын.
Осы тұста турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандардың бар екенін айта кетейін. Аудандық спорт бөлімі, аудандық ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы мамандарына алғысым шексіз. Сондай-ақ №18 балалар-жасөпірімдер спорт мектебінің азаматтары мен Жалаңтөс Баһадүр ұрпақтарына да ризашылығымды білдіремін. Мұндағы азаматтар қолдарынан келген көмектерін аямай, барынша қолдау көрсетті, – дейді бапкер Руслан Жолбарысов.
Кіл мықтылар бас қосқан турнирде шаршы алаңға шыққан боксшылар жарыстың көркін қыздырды десек артық болмас. Олай дейтінім, алғашқы күннен бастап сен тұр мен атайын спортшылар қарсыластарынан басым түсуге тырысты. Дегенмен жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сондықтан бірі жығылды, бірі жеңді. Соның ішінде ерекше көзге түсіп, 28 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған Ж.Баһадүр ауылынан Бексұлтан Өмірбек болды. Ал бұл салмақтағы күміс жүлде Арыс қаласынан келген Нұрислам Маратқа бұйырды. Қ.Пірімов ауылының спортшысы Нұрсұлтан Меңдібай 32 кг салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Бұдан бөлек, Арал мен сарыағаштық жігіттер де жүлде орындарынан көріне білді. Алыстан ат терлетіп келген өзбекстандық былғары қолғап шеберлері Иманазам Нуманов 36 кг салмақта, Абубакр Соийбжонов 44 кг салмақта жеңімпаз атанды.
Айтпақшы, Сарыағаштан келген төреші «Үздік төреші» бағамымен, Андижан бапкері «Үздік жаттықтырушы»» және Қазалы қаласынан келген Бағдәулет Әріп «Үздік боксшы» номинациясын иеленді.
Айта кетейік, жарыс аяқталған соң аталған спортшылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК