Теңдесіз теннис тарландары

Жуырда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай жасөспірімдер арасында үстел теннисінен тартысты турнир өтті.
Онда ауданның белді бапкері Ғани Алиасқаров жетекшілік еткен №249 мектеп-лицейдің оқушылары бақ сынады. Бұл турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен кәсіби жас спортшылар жиналды. Тартысты бәсекеде Ғанидың шәкірттері айқын басымдылық танытты. Нәтижесінде 8 сынып оқушысы Тимур Сайлаубаев қарсыласын ойсырата жеңіп, бірінші орынды алып, аудан абыройын мінберден көрсетті. Тағы да жұптық ойында Тимур үшінші орынды қанжығалады.
Одан соң Қызылорда облысында өткен ашық турнирде Қазалы құрамасынан 3 топ жасақталды. Жалынды жарыста аймақтан 15 команда жиналып, барысында қазалылық 1-ші топ мүшелері Ермаханов Медетбек, Ибрай Ернар және Ерлан Майрагүл І орын орындарды иеленді. Ал, 2-ші топ спортшылары Нұрбол Рысмаханов, Рамазан Оразалы мен Фариза Маханбетжанова III орынды иемденіп, қос қуанышпен оралды. Осы орайда спортшылар «Нұрмаш ата» сауда үйі мен ДСУ Қазалы мекемесіне қаржылай және басқа да демеушілік көмегіне ерекше алғысын білдіреді. Міне, ауданның теннисшілер ұжымы бұл салада өздерінің спорттық дәрежесінің биік екенін тағы да дәлелдеп отыр.
Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанның үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Данил Пакпен кездесті. Онда облыс орталығында халықаралық стандартқа сай үстел теннисі орталығын салу мәселесі талқыланды.
Өңір басшысы аймақта бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталып, спорттық нысандар мен дене шынықтыру секцияларын көбейту керектігін айтқан болатын.
Өткен айда Қазалы ауданының спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы О.Жәмшитов уәде еткендей кентте теннис үйірмесін ашып, белгілі дайындалатын орынның берілетінін айтқан болатын. Жоғарыда айтылған спортшылар жетістігінен соң оның ашылар ауылы алыс емес деп сенеміз.
Серік АҚМЫРЗА