Мемлекеттік қызметшілер арасындағы жарыс
Өткен аптада Қазалыда мемлекеттік қызметшілер күні мерекесі қарсаңында спорттың бірнеше түрлерінен жарыс өтті. Байрақты бәсекеге мемлекеттік қызметшілерден жасақталған командалар мен жекелеген азаматтар бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.
Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс батыр атындағы орталық стадионда жалауын көтерген жарыста аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Бәсі биік бәсекеде мемлекеттік қызметшілер спорттың 8 түрінен пневматикалық винтовкадан ату, шахмат, дойбы, шағын футбол, волейбол, үстел теннисі және садақ атудан сынға түсті.
Шаршы тақтадағы шахмат сайысында аудан әкімі аппараты ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Дәурен Тілеумбетовтің бәсі биік болып, жеңімпаз атанды. Ал, екінші, үшінші орындарды Қызылқұм ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жарасхан Жалғасбаев пен аудан әкімі аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Сәндібай Жансұлтан өзара бөлісті.
Дойбы жарысында Қызылқұм ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Инабат Ерліханов, Құмжиек ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Санат Жұмашев, Аранды ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Ақтілеу Баймұрат жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Үстел теннисінен өткен бәсекеде Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Жомарт Сарабек жеңістің ең биік тұғырына көтерілсе, аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Ғани Махмұтов күміс медальға қол жеткізді. Үшінші орынға Сарыбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ақтөре Баймұрат ие болды.
Пневматикалық винтовкадан атуда Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Елеу Қанатовтың мерейі үстем болды. Ал, күміс медальді Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Абай Рыстығұлов еншілесе, қола медаль аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалиевтің қанжығасында кетті.
Ұлттық спорт түріне жататын садақ атудан өткен сынға бірнеше адам қатысқан болатын. Алайда, нысананы дәл көздеген аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Асылбек Нұрадинов пен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Баймахан жеңімпаз атанды.
Тартысты өткен волейбол бәсекесінде бірінші орынды "2-ші аймақ" (Арықбалық, Көларық, Майдакөл, Тасарық және Алға ауылдық округтері) командасы олжаласа, екінші орынға "1-ші аймақ" (Қазалы қаласы әкімі аппараты, Сарыкөл, Мұратбаев, Қызылқұм және Майлыбас ауылдық округтері), үшінші орынға "3-ші аймақ" (Құмжиек, Қарашеңгел, Басықара, Ақжона және Шәкен ауылдық округтері) командалары ие болды.
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы жарыстың көркін қыздырған аяқдоп бәсекесі болды. Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы және өзге де мекемелерден жасақталған 10 команда жасыл алаңда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде аудандық футбол федерациясының президенті Фердоуси Қожабергенов бастаған ұжым финалдық ойында әлеуметтік сала қызметкерлерінен жасақталған команданы 6:0 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды. Үшінші орын "1-аймақ" (Қазалы қаласы әкімі аппараты, Сарыкөл, Ғ.Мұратбаев, Қызылқұм, Майлыбас ауылдық округтері) командасына бұйырды.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ