Былғары қолғап шеберлері
Қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. Қайсар мінезді қазақтың қыз-жігіттері шаршы алаңда өздерінің шеберлігі жоғары, шоқтығы биік екенін мойындатып келеді. Қазақстанда жастардың бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары деп нық сеніммен айта аламыз. Мұндай өскіндердің қарасы бізде де қалың. Оған дәлел жергілікті жердегі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің былғары қолғап шеберлері.
Шаршы алаңда намысты қолдан бермейтін қазалылық жастардың қайсар мінезіне талайлар таңдай қағып келеді. Олар өзінің алдыңғы буын ағаларын, елдегі күрзі жұдырықты батырларын үлгі тұтады, мақтан етеді.
Талай бокс майталмандарын шыңдаған бөлімше тарихы тереңде. Ал бүгінде спорттың бұл түрімен 102 жасөспірім шұғылданып, қыр-сырын үйреніп келеді. Олардың дені өткен жылы дүбірлі додаларда топ жарды. Аудан абыройын асқақтатып, жеңіс төрінен көріне білді. Бұл төккен тердің жемісі, бапкерлер бейнетінің зейнеті. Осы ретте оларды дайындап, жоғары нәтижеге жеткізген бапкерлерді айтпай кету әбестік. Қазір мұнда жастарды 4 жаттықтырушы боксқа баулиды.
Оның ішінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаев бар. Білікті бапкер Қазалы ауданының спорт саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан азамат. 2012 жылы өткен Лондон олимпиадасында қола жүлдені қанжығасына байлаған Марина Вольнова осы мектептің түлегі әрі Бақытбек Жұмабекұлының шәкірті. Одан бөлек көптеген шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы.
Аудандағы бокс бөлімшесіндегі бапкерлер қатарын толықтыратын Жеңіс Боранбай мен Азамат Құтмамбетов І санатты жаттықтырушылар. Атпал азаматтардың үздіксіз дайындығының арқасында былтырғы жылы спортшылар жақсы көрсеткіш көрсетті. ҚР чемпионатында жүлделі орындардан көрінді. Осы тұста «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» деп әрдайым аудан спортшыларының жанынан табылатын №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің басшысы Бақытбек Мәмбетжанов жастарға деген қолдауын аямайтынын жеткізді.
– Мектеп спортшылары халықаралық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Болашақтарынан үміт зор. Атап айтсам, бокстан кадеттер арасында өткен ҚР-ның чемпионатында Ерхан Оңталапов жүлделі ІІІ орынды жеңіп алса, ҚР-ның әйелдер арасында өткен чемпионатта Гүлсая Ержан ІІ орынды иеленді және спорт шебері нормативін орындады. Облыс біріншілігінде аудандардағы спорт мектептері арасында өткізілген сайыста былғары қолғап шеберлеріміз жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Жаттықтырушыларымыздың еңбегі мақтанарлық. Алдағы ақпан айында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына іріктеу өтіп, екі спортшы жолдама иемденді. Олар үстіміздегі жылы мектеп қоржынына алтын медальдар салатынына сенімдіміз. Алдағы өтетін додаларға сәттілік тілеймін, – деді.
Ел ішінде бокспен айналысатын ер азаматтар жетерлік. Олардың қатарында нәзік жандылар да аз емес. Нақтыласақ, ол қатарды ұлттық құрама мүшесі, ел бойынша жастар арасындағы бокстан екі дүркін чемпион атанып үлгерген Гүлсая Ғалымжанқызы толықтырады. Мақсаты – әлемдік додаларда топ жару. Ол өмірін спортсыз елестете алмайтынын айтады. Алаңға шыққанда қызу қандылықтан гөрі аса шыдамдылықпен ұтқыр болуды жөн санайды. Гүлсая жайында бапкері: «Қазақ қыздары қай кезде де сұлулық пен қайсарлықтың символы бола білген. Батыр әпкелерінің ізін жалғастыратын жұдырықты нәзік жанды Гүлсая болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы» дейді.
№17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің мақтаныштары жеткілікті. Соның ішінде шаршы алаңның шаңын шығарып жүрген біздің боксшылардың алар асуы әлі алда. Түрлі додаларда топ жарып, ел еңсесін көтеретін чемпиондардың шығуына біз де тілекшіміз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК