Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Зілтемірші қыздар қуантып тұр

Зілтемірші қыздар қуантып тұр

2012 жыл. 29 шілде. Көк жәшіктен Лондон қаласындағы кезекті Жазғы Олимпиада ойындары қалың көрерменге жол тартуда. Бұл күні ауыр атлетикадан 53 келіге дейінгі әйелдер арасында жүлдеге талас жүруде. Қазақ елінің намысын ауыр атлетші Зульфия Чиншанло қорғауда. Отбасымызбен Қазақстан арнасына үңіліп, спортшы қызға жанкүйер болып отырмыз. Жер-жерден келген зілтемірші қыздар сынақтан сүрінбей, берген тапсырыстарына сай ауыр салмақты бағындыру үстінде.
Сол сәтте бұл додада Қазақстанның басты қарсыласы молдовалық бойжеткен жұлқа көтеруден екі зілтемірді қиналмастан еңсеріп, үшінші мәрте бағын сынауда. Діттегеніне жетіп, ауыр салмақты бағындырды. Ал бұған дейін Зульфия жұлқа көтеруден 95 келіні ­бастан асырып үлгерген. Таблодағы тапсырыстар сәт сайын өзгеріп, жер жаһанның сен тұр мен атайын арулары алтыннан алқа тағуға барын салуда. Кезек серпе көтеруде. Қызықтың көкесі осы кезде басталды.
Бірінші зілтемірден мүлт кетпеген Зульфия екінші мәрте тапсырыс беруде. Бұл жолы 131 келі. Бапкердің мотивациялық бірнеше сөзінен соң, спортшы қыз аяқ басып келеді. Көк жәшіктің бергі бетінен әкем «Алтын қоржында жатыр» деп сенімді түрде айтқанымен алаңдап отырғанын түрі жария етіп тұр. Айтып ауыз жиғанша болмады, Зульфия 131 келіні бағындырды. Құлақ түбімнен әкем «Бәрекелді, дүнген қызы!» деп айқайлап, қос қолын жоғары көтерді. Ал бұл кезде жат елдегі арулардың самайынан салқын тер бұрқ етіп «мұны қайтсек тоқтатамыз?» деген күйде тұр. Біздің қызда тағы бір мүмкіндік бар.
Білесіз бе, сол сәтте «Біздің қызды тізе бүктіреміз!» деген арулар бірінен соң бірі сүрінді. Кезек үшінші мәрте Зульфияға келді. Алдында 135 келі зілтемір жатыр. Бірақ бұл жолы тапсырысқа сай салмақты ­бастан асыра алмады. Қобалжу басталды. Қазақстандық жанкүйерлер алтын медальдің өзімізде қалатынынан үміт үзбей тұр. Үлкен аренада айқай-шу. Өйткені мұнан соң алаңға шығатын өзге елдің бойжеткені алтынды алып кетуі мүмкін. Ол үшін тек тапсырысқа сай темірді бағындыруы қажет. Алайда жағдай күрт өзгеріп, Зульфия Чиншанло алдыңғы қатарға шықты. Сөйтіп байрақты бәсекедегі екінші алтын қоржынға түсті. Дәл осылай 31 шілде күні 63 келіде Майя Манеза елдің намысын қорғап, мойнына алтыннан алқа тақты. Одан соң 3 тамыз күні 75 келіде тайталасқа түскен Светлана Подобедова да қазақстандықтардың қуанышын одан әрі еселей түсті.
Жазғы Олимпиада қазақ елінің көк туын үш мәрте көкке көтерген ауыр атлетші қыздар екенін дүйім жұрт ұмытпаған болар. Жер жаһанға Қазақстан спорттың осы түрінен осал еместігін дәлелдеп, жұрт алдына шыққанда кез келгеніне шаң ілестірмей кететінін ұқтырды. Әрине, бұған дейін талай мәрте мойындаттық қой! Бұл жолы тағы да әлем елдерін мықтылығымызға бас игізуге дейін апардық. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені сол ауыр атлетші қыздардың ізін қуған қазақ қыздары біздің ауданда да жетерлік. Бұл спорт түріне қызығатын жергілікті қыздар бүгінге дейін талай додада топ жарып, аудан абыройын сәтті қорғап келеді.
Сондай-ақ ел есімін әлем халқы алдында танытатын, көк байрақты биікке желбірететін спортшылар тәрбиелеп шығу да ұлт көшбасшыларының назарынан тыс қалмауда. Соның арқасына қазалылық ауыр атлетші қыздары үлкен додаларда оқ бойы озып келеді. Оған дәлел №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің «Ауыр атлетика» бөлімінің 2016 жылдан бүгінге дейін жеткен жетістіктері.
Несін жасырамыз, алғашында аудандағы №204 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте ауыр атлетика үйірмесі ашылды дегенде көпшіліктің қуанғаны рас. Оның үстіне бұрынырақ «Азиз есімді азамат қыз-жігіттерді баптап жатыр» деп газет беттеріне басылғаны тағы бар. Осы бір жас жігіттің қазір чемпиондар шығара бастағаны да қазалылықтардың осы спорт түрінен қатардан қалмай келетінінің дәлелі болса керек. Олай болса қазір сонда жаттығып, додаларда жеңістің туын желбіретіп жүрген жергілікті қайсар қыздарға тоқталайық.
Жуырда Аяжан Нұржан есімді қыз 1-9 қараша күні өткен Қазақстан біріншілігінде алтыннан алқа таққанын естідік. Аудан атын шығарып жүрген аруға риза болдық. Сәттілік тілеп, жеңісті күндері көп болғанын қолдадық. Жалпы Аяжан бұл ауыр атлетикамен 2016 жылдан бері айналысып келеді. Жасы небәрі 19-да болса да бүгінге дейін көптеген жетістікке жетіп, өз қатарластарын мойындатып үлгерді.
Атап айтсақ, жасөспірім ер және қыз балалар арасында ҚР чемпионатының бес дүркін, 20 және 23 жасқа дейінгі жастар арасында ҚР чемпионатының, әйелдер арасында ҚР ­чемпионаты мен Кубогының және жасөспірім ер және қыз балалар арасындағы спартакиаданың жеңімпазы. Сондай-ақ ҚР чемпионатының бірнеше дүркін күміс және қола медаль иегері. Міне бұл – Аяжанның бүгінге дейін бағындарған белестері.
Мұнан соң аудан намысын абыроймен қорғап жүрген қыздар қатарына Алтынай Тәңірбергенованы қосуға болады. 2016 жылдан бері қарай өз-өзін шыңдап келе жатқан Алтынай ауыр атлетикадан жасөспірім ер және қыз балалар арасында ҚР чемпионаттарының алты дүркін жеңімпазы. 14 жасар арудың осыдан-ақ алдағы күндері талай тартыста жеңісті жұлып әкететіне сенім білдірмеске болмас. Өйткені бала күннен аудан абыройын асқақтатып, алдыңғы қатарға шығарып жүрген Алтынай жергілікті жұртшылықтың мақтанышына айналып үлгерген.
2016 жылы ауыр атлетика табалдырығын аттаған қазалылық арулар көп бола қойған жоқ. Оның ішінде Аяжан мен Алтынайдан бөлек, Салтанат Қыпшақбай да осы спортты таңдап, қайсар қыздар қатарынан төбе көрсете білді. Қазірдің өзінде ауыр атлетикадан жасөспірім ер және қыз балалар арасында ҚР чемпионаттарының жеңімпазы болғаны өз алдына, қоржынында екі қола медаль бар. Ауыр атлетиканы таңдаған Салтанат еш өкінбейді. Керісінше мақтана айтып, қазақтың туын көкте желбірететіндігін жеткізді.
Ептеп ауданда спорттың бұл түріне қызығатындардың саны артты. 2017 жылдың өзінде қатысушылар саны екі есеге ұлғайып, нәтижелері де жаман болмады. Солардың ішінде аз уақытта нәтиже берген қос қызды айта кету керек. Олар Таисия Алексеева мен Таңшолпан Каюпова. Таңшолпан жасөспірім ер және қыз балалар арасында ҚР чемпионаттарының жеңімпазы және екі күміс пен қола медаль иегері. Ал Таисия ауыр атлетикадан жасөспірім және қыз балалар арасында ҚР чемпионаттарының үш дүркін жеңімпазы. Оған екі қола медалін қосыңыз. Бұл қос ару зілтемірді көтеруді бастағаннан оң нәтиже беріп, сырт қалаларда өткен сайыстарда алдыңғы қатардан көріне бастады. Көптеген қарсыластарын шаңына ілестірмей, оқ бойы оза шауып жүр.
Ауданның ауыр атлетикадан республика бойынша көрсеткіші жаман емес. Тіпті басты орында деп айтуға әбден болады. Ерлерден бөлек қыз балалардың өзі талай додада топ жарып, қалың көпшілікті мойындатты.
Айтпақшы, республикалық ­жарыста жерлестеріміздің жеңіске жетуіне №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Азиз Жақсылықтың еңбегі орасан. Мұны біз айтып отырған қыздармен әңгіме барысында да байқадық. Мақтауын асырып, «барлығы ағайымыздың арқасында» деумен болды. Соған сәйкес жаттықтырушының өзімен байланыс құрып, әуелден барлығы қалай басталғанын сұрап білуге асықтық. Қазір Шымкент қаласында балаларды жарысқа баулу үстінде. Бос уақыттың тапшы болуына байланысты ашып ештеңе айтпады. Бар жеткізгені «шәкірттеріммен мақтанамын!» дегені болды.
– Иә, барлығы 2016 жылдан басталды. Ақырында ауыр атлетиканың табалдырығын аттаған аудан жастарының қатары көбейді. Қазіргі нәтижеміз де жаман емес. Барған жерден құр қайтып жүрген жоқпыз. Алыстан ауданның намысын қорғап барған соң, өз басым құр алақан оралуға арланамын. Сол үшін жұмыс жасап, шәкірттерімнен үлкен еңбекті талап етемін. Алда қандай жеңісті күндердің күтіп тұрғанын айтып, жігерлендіремін. Мақсатым – ауданнан Әлем, Олимпиада чемпиондарын шығару, – деді жаттықтырушы.
Біз де дарынды шәкірттерді шыңға шығаруға бекінген жаттықтырушыға сәттілік тіледік.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

19 қаңтар 2021 ж. 3 949 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930