Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзге елде сұлтан болғанша...

Өзге елде сұлтан болғанша...

Жат жерде жүріп, сол елдің абыройын асқақтатқан қазақ спортшылары бізге қажет пе? Әлде өзімізге етене жақын болып кеткен өзге ұлт өкілдерін қолдап, көк туымызды әлемнің алдыңғы қатарынан көрсететін чемпиондардың жетістігіне мәз болып жүре береміз бе?
Мұны неге айтып отырмыз? Себебі кез келген мемлекеттің спорттағы дәрежесі мен сол салаға қаншалықты жіті назар аударатыны елдік саясаттың деңгейін көрсетеді. Біздегі спорт саласын келгенде барлығынан жұрдай деп айту әбестік болар. Әйтсе де, кейбір көз үйренбеген түрлері дамымағанын жылы жауып қоя алмайтындығымыз тағы бар. Оның үстіне қандас спортшылардың өзге ел туының астында өнер көрсетуі де мәселені қоюлатып тұр. Оған дәлел Индонезия елінің астанасы Джакартадағы ХVIII жазғы Азия ойындарында өнер көрсеткен қытайлық қазақ балуаны Ерланбек Кәтейұлының ширек финалда жерлесіміз Саятбек Оқасовпен жолы түйісуі. Абырой болғанда боз кілемдегі текетіресте Саятбек жеңіске жетті.
Әр спорт түрінен араға жыл салып өткізілетін турнирлер немесе төрт жыл сайын біз қауышып отыратын қысқы Азиада ойындарында, жазғы Азия мен жазғы Олимпиадада дара шауып, өз елінің байрағын төрткүл дүниеге таныту – кез келген спортшының арманы. Бұл жекеленген спортшының мақсаты ғана емес, тұтас ұлттың үміті сыналатын шақ. Сондықтан да өзге елдің туын көтеріп тұрған қазақ спортшыларын көргенде кеудеде намыс оты жанады. Әрине әлдекімді айыптап, не спортқа барын берген қандастарды кінәлаудан аулақпыз. Десе де қоғамның сырт елде жүрген қазақ спортшыларына қатысты ақпаратты сіңіруі бәсең. Тереңірек қазып қарасаңыз, өзге елде жүргендердің дені Қытай жерінде төбе көрсетеді. Соның бірі ел жанкүйерлеріне көптен бері таныс еркін күрес түрінен 65 келі салмақ дәрежесінде белдесетін Ерланбек Кәтейұлы. Өз салмағында аспан асты елінің құрамында қарсылас шыдатпай жүрген Ерланбек Рио-де-Жанейро Олимпиадасына және Джакартадағы Азия ойындарына қатысқан. Тек Ерланбек ғана емес, қазақстандық күрес жанкүйерлері үшін жаңа есім деп Уәлихан Серікұлын айтамыз. Қытайдың Шынжаң өлкесі, Тарбағатай аймағында туып-өскен Уәлихан грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп келеді. 2017 жылы Қытай спартакиадасында қола медаль алып, көзге түскен. Содан бері қытайлық бапкерлердің көңілінен шығып, ірі додаларда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.
Бағы жанып жүргендер санатында Тоқтарбек Таңатқанұлы, моңғолиялық боксшы Ерболат Төлек, өзбекстандық ескек есуші Серік Мейірбеков, Катардағы боксшы Аслан Мұқанов және Германиядағы хоккейші Данияр Жүнісов те бар. Бұл тек шетелдегі қазақ спортшыларының үштен бір бөлігі ғана. Өйткені сіз бен біз білмейтін қандастар Азия мен Еуропада ептеп көрініп жатыр. Бір қызығы, өзге елдегі отандастарымыздың көпшілігі «Қазақстанға оралуды ойламаппын» деп әңгіменің ашығын айтып, сұхбат беріп жүр. Енді бірі елден шақырту келсе, әрқашан қызмет етуге даяр екенін жасырмайды.
– Біз жұдырықтасатын салмақта өз боксшылары жеткілікті. Егер Қазақстанға оралсам, спорттағы жолымды кесуім мүмкін. Дегенмен ұлттық құрамаға шақырып жатса, неге бармасқа, – дейді Моңғолиядағы боксшылар.
Моңғол спортшыларының сөзіне қарап, «Қазақстанда бокс саласы ақсап тұр» деп айта алмаймыз. Көз сүйсінер спортшылар, мақтан етер бапкерлер бар. Шетелдегі қазақ спортшылары жайлы сөз еткенде Елмұрат Тасмұратовты айтпай кету мүмкін емес. Олимпиада, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт дүркін Азия чемпионы Елмұрат Өзбекстан атынан өнер көрсетіп жүргені әмбеге аян. Өзбек елінде туған Тасмұратовтың бір кездері Қазақстанға көшіп келіп, кейін белгісіз себептермен ұлттық құрамадан орын таппай, сол жаққа қайта кеткенін естіген жанкүйерлердің өкініштен өзегі өртеніп, қимастық күйін кешті емес пе?!
Байқасаңыз, бізде спорт түрлері өте көп. Алайда жаһандық додаларда қоржынға түсетін жүлделер үйреншікті спорт түрінен ғана. Көптің құлағы жете қоймаған һәм көзге аса түсе бермеген спорттан шебер атанып жүрген қандастарымыз бар екенінен көп жұрттың хабары жоқ. Австралияның сұрмергені Дина Аспендиярова, Түркиядағы таэквондошы Жансәуле Дениз, АҚШ-тағы кәсіпқой боксшы Димаш Ниязов және Ресейдегі велоспортшы Айжан Жапаровалар бұл тізімді толықтырады.
Миллиард халықтың ішінен топ жарып, саны аз қазақтың абыройын көтеру үлкен күш-жігерді қажет етеді. Осы бір тұста Қытайды мойындатқан Жұмабек Тұрсынды да тақырыпқа арқау етейік. Ережесіз жекпе-жектен ММА нұсқасы бойынша отыз рет ақтық сынға түсіп, бәрін де жеңген қазақтың қара баласын аспан асты елі, «Айбарлы жолбарыс» деп атап кеткен. Бұл аз десеңіз, Жұмабек – UFC-де өнер көрсеткен жалғыз қазақ жігіті. Оның үстіне, рингке үнемі қазақтың шапанын киіп, қазақтың әнімен шығады. Жұмабектің UFC-дегі алғашқы жекпе-жектері жеңіліспен басталғанымен, жеңістеріне де куә болатын күн алыс емес деп сенейік.
Мақтаулы елдер шақыртуын алған спортшылардың өз ортамызда бар екеніне де көз үйреніп барады. Себебі спорт бәсекесіндегі нарық таңдаулы спортшыларды шетел асырады. Мәселен, жыл басында 18 жастағы гольфші Дәулет Төлеубаевтың Стэнфорд университеті командасының құрамына қабылданғаны соның айғағы. Талантты спортшыны Американың 20-ға жуық университеті өз қатарына шақырған. Олардың арасында Гарвард, Беркли, Принсон, Дьюк сияқты әлемге әйгілі университеттер бар. Дегенмен, Дәулет Стэнфорд университетін таңдапты. Ол Ұлттық студенттер спорты қауымдастығының турнирлеріне қатысу мүмкіндігін алған бірінші қазақстандық гольфші. Дәулет Төлеубаев жастар және ересектер арасындағы жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, 2017 жылғы жазда ТМД елдері арасында алғаш рет әйгілі U.S. Amateur гольф турнирінің іріктеу кезеңінде жеңіске ­жеткен.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
18 ақпан 2020 ж. 845 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 82

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930