Қызылорда облысынан Азия ойындарына 13 спортшы қатысады
Төрт жыл сайын өтетін жазғы Азия ойындары биыл кезекті мәрте жалауын желбіретеді. Оған еліміздің байрағын абыроймен көтеріп жүрген Сыр елінің саңлақтары да қатысады.
XVIII жазғы Азия аймақтық мульти спорттық іс-шарасы Индонезия астанасы Джакартада және Суматра аралының ең үлкен қаласы Палембангте ұйымдастырылады. 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Азия мемлекеттерінің сайыпқырандары 41 спорт түрінен сынға түседі. Ал елімізден 419 спортшы ойынның 38 түрінен жарыс жолына шығады. Бұл жолы 462 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қызылорда облысынан 13 атлет 6 спорт түрінен бағын сынайды. Олар, байдарка және каноэде есуден Азия чемпионы Мерей Медетов, каратэ-додан 3 дүркін Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, таеквондодан 2 дүркін ҚР жеңімпазы Айнұр Есбергенова, белбеу күресінен бірнеше дүркін жеңімпаздар Арайлым Қанзада, Нұрлыбек Алдабергенов, стенд атудан 7 дүркін ҚР жеңімпазы Максим Коломоец және гандболшылар Дана Әбілда, Мария Пупченкова, Татьяна Давыдова, Наталья Ильина, Жаннат Әйтенова, Виктория Колотинская мен Вероника Хардина қатысады.
Айта кетейік, 2014 жылы Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII Азия ойындарында ауыр атлетикадан Алмас Өтешов күміс жүлдені иеленсе, гандболдан Евгения Цупенкова, Виктория Колотинская, Наталья Ильина Қазақстан құрама сапында өнер көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Намысты қолдан бермейтін спортшыларымыздың бұл додадан топ жарып, жүлдесіз қайтпайтыны белгілі.