Саңлақтарға сый-құрмет
Мемлекет туы білім белесін бағындырғандар мен спортта биік көрсеткіш көрсеткен азаматтар арқылы желбірейді. Сондай-ақ спортпен айналысу дені сау қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Қазақ елінде спортшыларға айрықша қолдау көрсетілуінің себебі де осы. Елімізде 18 тамыз күні Спортшылар күні тойланады. Онда бұқаралық спортпен айналысатындардың санын арттыруға күш салып жүрген азаматтар, спорт жаттықтырушылары мен кәнігі сала саңлақтарының абыройы асқақтайды.
Жексенбі күні Жалаңтөс баһадүр атындағы стадионда өткен мерекелік шарада аудан спортшылары да марапат төрінен көрінді.
Жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сөз алып, сала мамандарын мерейлі мерекемен құттықтады. Олардың қоғам дамуына, халықтың денсаулығын арттыру жолындағы ізгі істерін тілге тиек етті.
– Жыл басынан бері әр түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысқан қазалылықтар аудан қоржынына 16 алтын, 21 күміс, 36 қола медаль салды. Бұдан бөлек аудандағы бұқаралық спортпен айналысушылардың саны 27 000 адамға жуықтады. Саланы дамытуға типтік жобадағы спорт кешендері мен алаңдардың тигізіп отырған үлесі басым. Қазіргі таңда аудан бойынша 2 стадион, 3 спорт кешені және 33 жасанды футбол алаңы тұрақты жұмыс істейді. Биыл Қазалы қаласы мен Ақсуат ауылында кіші футбол алаңы салынды. Алдағы уақытта да игі шара өз жалғасын табатын болады, – деді аудан басшысы. Сонымен қатар жергілікті білім беру мекемелерінің дене шынықтыру пәні мұғалімдерін, спорттық сектор жаттықтырушылары мен спорт саласының ардагерлерін марапаттады. Волейболдан аға жаттықтырушы Марат Мамаев, №18 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресінің жаттықтырушысы Мұхтар Серікұлы мен Әйтеке би спорт клубы қоғамдық бірлестігінің нұсқаушысы Ернар Қайыржанұлына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының арнайы Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ аудан әкімі спортшылар күніне орай екі күнге созылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өткен ашық турнир қорытындысын жариялады. Сәйкесінше дойбы, үстел теннисі, қол күрес, шахмат сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтар алды.
Бұдан кейін аудандық футбол федерациясының президенті Фердауси Қожабергенов жасөспірімдердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткізілген “Бәріміз футболға” атты аудан әкімінің ауыспалы кубогі үшін футболдан аудан біріншілігінде озық шыққан командаларға марапат берді. 2005-2006 жылғы балалар арасында өткен турнир қорытындысы бойынша “Айбосынов” командасы бірінші орынды иеленді. “Ғани жастары” екінші орынға тұрақтап, “Қыран” тобы үштікті қорытындылады. Ал 2007-2008 жылы туған балалар арасындағы сайыста “Әліпбаев” командасына тең келетіндер табылмады. Екінші орын “Қазалы” командасына бұйырып, “Айбергенов” ойыншылары үшінші орынды місе тұтты. Жеңімпаздар кубоктар пен медальдарға ие болды.
Ересектер арасындағы біріншіліктің жеңімпаздары сахнаға шақырылмас бұрын үздік ойын өрнегін көрсеткен спортшылардың есімі аталды. Олар маусым бойы өткізілген барлық ойын қорытындысы бойынша таңдалып алынған. Мәселен, “Жанқожа командасының голкипері Бақтияр Саламатов “Үздік қақпашы” бағамына лайық деп танылды. “Достық” командасының ойыншысы Айболат Сахиев “Үздік қорғаушы”, қайсарлық Батыр Бақи “Үздік жартылай қорғаушы”, “Әмір” тобының ойыншысы Қанат Кежденбек “Үздік шабуылшы”, намыстық Арыстанбек Құлмағамбетов “Үздік ойыншы” номинациясына ие болды. «Үздік сұрмерген» ретінде “Мирас” командасының шабуылшысы Нұржан Жұмабай танылды. Ол қарсыластар қақпасына 19 рет доп салған. Сайыстың “Ең жас ойыншы” бағамы жас та болса тартымды ойын өрнегін көрсете білген “Авангард” командасының спортшысы Нажмадин Қасымжомартқа бұйырды.
Әлемдік футбол ойынында білікті жаттықтырушы табу клубты жеңіске әкелетін бірден бір қадам саналады. Аудан біріншілігінде өз шәкірттерін жоғары дәрежеде жасақтап, үздік тактикада ойната білген “Намыс” командасының бапкері Ардақ Жұмахметов “Үздік жаттықтырушы” атанды. Сонымен қатар тартысты доданың өз дәрежесінде өтуіне аянбай еңбек еткен Мұхтар Шүленбаев көпшілікке “Үздік ұйымдастырушы” ретінде таныстырылды. Ойын барысында керек-жарағымен жан-жақты қамтамасыз етіп отырған “Сыр маржаны” командасының демеушісі Руслан Мінажадин “Үздік демеуші” деп танылды.
Бақ пен бап қатар сынға түсетін сайыста жанкүйерлердің демеуі ауадай қажет екенін спортшылар жақсы біледі. Аудан әкімінің ауыспалы кубогы үшін болған ойындарда жанкүйердің үздіксіз қолдауының арқасында есептен артта қалып келе жатқан командалардың гол соққанын талай мәрте көрдік. Әсіресе Нұрбек Әбибулла бастаған “Қайсар” командасының жақтастары жабыла ұрандағанда сүйікті командаға деген жанашырлықтың қандай болатынын түсінесіз. Олар төрешілердің назарына ілігіп, “Үздік жанкүйер” бағамын иемденді. Белгіленген позицияда үздік ойнаған ойыншыларға естелік сыйлық тапсыруға демеушілік жасаған Нұртай Аманов та назардан тыс қалмады.
Ересектер арасындағы аудан біріншілігінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты мерекелік шараның маңызды сәті болды. Қорытынды есеп бойынша 47 ұпаймен турнир кестесін бастаған “Намыс” құрамасы чемпион атанды. Алтыннан алқа тағынған олар “Намыс – Құрылыс” серіктестігінің директоры Өтеулі Әбдімәлік тағайындаған 150 000 теңгені қанжығаға бас¬ты. 36 ұпаймен екінші орынға тұрақтаған “Мирас” командасына жеке кәсіпкер Ерлан Өтеевтің демеушілігімен 80 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды. Сондай-ақ “Достық” командасы жеке кәсіпкер Әділет Қарымсақов демеушілік еткен 70 000 теңге сыйақы мен қоладан медаль тағынды.
Айта кетейік, мерекелік шараға дейін “Қайсар” мен “Сыр маржаны” командалары арасында турнирдің соңғы ойыны өткен болатын. Бірінші таймда сырмаржандық ойыншылар гол соғып, жеңіске бір қадам жақын тұрды. Алайда ойынның екінші бөлігінде біріншілікте белсенді жанкүйерлерімен есте қалған қайсарлықтар екі ойыншысы қызыл қағаз алғанына қарамастан есепті теңестіріп, ойынды аяқтады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ