Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Чемпиондарды шыңдаған

Чемпиондарды шыңдаған

Қазалы талай спорт саңлақтарын түлеткен қасиетті мекен. Алғаш рет мұнда баскетболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылған. Баскетбол командасы облыс біріншілігінде үнемі жүлделі бірінші орынды иеленетін. Сол кездері аймақтың құрама командасы мүшелерінің жартысы қазалылық баскетболшылар болғанын біреу білсе біреу білмес.

Уақыт өте келе спорт мектебінде бокс, грек-рим күресі, футбол бөлімшелері жұмыс істеді. Спортпен шұғылдануға ынтық балалар саны да артты. 1991 жылғы оңтайландыруға байланысты мектеп жұмысын тоқтатты. 2004-2005 оқу жылында бұрынғы «Казсельхозтехника» мекемесінің машина жөндеу ауласы спорт залына ыңғайланып, күрделі жөндеуден өтіп, спорт мектебі болып ашылды. 2006 жылы мектеп директорлығына Қазақ ССР-нің спорт шебері – Жұмабек Құлбаев тағайындалды. Спорт жанашыры Жұмабек Әлиұлының басшылығы, ұжымының ұйымшылдығы арқасында 13 бөлмелі әкімшілік ғимараты салынды. Мектепте грек-рим, футбол, дзюдо, бокс, волейбол, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ, қазақ күресі секцияларында 640 оқушы жаттығуда. Жас спортшыларға 28 жаттықтырушы бағыт-бағдар береді.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін мектеп директоры Жұмабек Әлиұлы жаңашылдыққа бейім. Ол Арал ауданының Ақирек ауылында туған. Бала күнінен спортты жанына серік еткен жан Аралдағы №15 мектепте оқи жүріп, еркін күреске, боксқа қатысты. Ауыр және жеңіл атлетикамен айналысып, футбол мен волейболды да жақсы меңгерді. Оқушылар арасындағы аудан, облыс біріншілігінде еркін күрестен чемпион атанды. Мектептегі футбол командасының, кейінірек Қазалы ауданының қолдобы командасының қақпашысы болды. 100 метрге жүгіру жарысында да алдына қара салмай, Арал, Қазалы аудандарының чемпиондығын алды. Алматы физкультура институтынан «Дене тәрбиесі пәні» мұғалімі мамандығын меңгерген ол бірнеше еңбек сатысынан өтті. Қазір №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.

Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігімен өлшенеді. Бұл орайда Жұмабек Әлиұлының мақтанатындай жөні бар.

Ол жаттықтырған Талғат Қожамжаров 1996 жылы грек-рим күресінен Тигиранда өткен Бүкіләлемдік универсиаданың төртінші жүлдегері. Қыстаубай Мырзабарақов, Мұқан Таубаевтар 1982 жылы Орал облысының Каменка селосында Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұловты еске алуға арналған республикалық турнирде топ жарды. Әділ Кәрбозов болса, самбо күресінен КомиАССР-нің жеңімпазы. Қазақ елінің мақтанышы Азия чемпионы, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, XXX жазғы Лондон олимпиадасының қола жүлдегері, мұнайлы елдер арасында өткізілген әлем біріншілігінің жүлдегері Марина Вольнова да Жұмабек Әлиұлынан тәлім-тәрбие алған спортшы.

Чемпиондарға тәлім берген аға жаттықтырушының өзі де Қазақстан Республикасы чемпионаты мен біріншілігінің екі дүркін чемпионы. Облыстың төрт дүркін «түйе палуаны» атағын иеленген. «Қазақстан Республикасында Дене шынықтыру мен спортты дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және I дәрежелі «Еңбек даңқы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалін кеудесіне таққан.

Бүгінгі кейіпкеріміз шығармашылыққа да жаны жақын. 2001-2003 жылдары республика аймағында тараған «Спорт әлемі» газетінің бас редакторы болды. Оның «Жанқожа батыр» ерікті спорт қоғамы қоғамдық бірлестігінің президенті болуы да қоғамдық жұмысқа белсене атсалысқанын аңғартады. Бірлестік аудандық, облыстық деңгейдегі спорттық жарыстарға қолдау көрсетіп, демеушілік жасайды. «Саңлақтар», «Спортымен атағы асқақтаған Ақмешіт», «Қазақтың Қуандық палуаны» кітаптарының авторы.


Бізбен әңгіме барысында спорттың дамуына айрықша үлес қосып, талантты жастарды тауып, таудай талабын үлкен жеңіске айналдыра білген Жұмабек Құлбаев әлі талай саңлақтың спорт әлемінде еркін самғауына еңбек ететіндігін ерекше атап өтті.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
17 тамыз 2019 ж. 1 525 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930