Қазақстанда әйел адам президент бола алады ма?
2019 жыл Қазақстан тарихында ерекше оқиғаларымен есте қалатыны сөзсіз. Билік басында 30 жылға жуық уақыт отырған елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігінен бас тартып, президент міндеттерін уақытша Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өз мойнына жүктеді. Ел арасында келесі президент Дариға Назарбаева болады деген алыпқашпа әңгімелер жүргенімен, ол өз кандидатурасын ұсынбады.
Дегенмен президенттікке әйел адамның келуі ғажап емес. Себебі "Ақжол партиясы" өз үміткері Дания Еспаеваны ұсынды. Жуырда, 23-нші маусымда өткен "Нұр Отан" партиясының жиынында белгілі қоғам-мәдениет қайраткері Жүрсін Ерман әйел адамның билік басына келуіне түбегейлі қарсы екенін, "Ондай жағдай болатындай басымызға не күн туды?!" деген пікірін білдірген болатын.
Қазақстанда әйел адам президент бола алады ма және бұған қоғам дайын ба? Бұл туралы Stan.kz тілшісі еліміздің танымал саясаттанушыларынан біліп көрді.
Серік Бисембаев, әлеуметтанушы:
Қоғамдық тұрғыдан қарайтын болсақ әйел кісі бола алмайды. Әйел туралы қалыптасып қалған түсініктер бар. Олардың отбасында болуы, үйде отыруы деген сынды. Бұрыннан келе жатқан түсініктер және ол басым. Қоғамдық шектеулер бар. Бұл дегеніміз әйел адамның президент бола алмайды дегені емес.
Жеке менің ұстанымым бойынша әйел адам президент бола алады. Меніңше, кез-келген Қазақстан азаматының биліккке, жоғары лауазымды орындарға талпынуы заңды және дұрыс нәрсе. Және оған жағдай жасау керек. Бізде әділетті сайлау өтетін болса, саяси бәсекелестік ашық түрде жүргізілсе, БАҚ еркін жазса, сөз бостандығы болатын болса, онда халық оның әйел не әйел еместігіне қарамай, саясаткер ретінде қаншалықты білгір маман екендігіне байланысты таңдайтын еді.
Сол кезде әйел емес, ер кісі емес деген пікір болмайтын еді. Менің ойымша, биліктің әйел немесе ер адамның билік басында болуына оның жынысына, гендерлік теңдікке ешқандай қатысы жоқ.
Дания Еспаеваның кандидаттығын ұсыну оның әйел азамат болғаны үшін емес, шамасы бұл гендерлік дискриминацияның көрінісі. Өз басым оның гендерлік белгісіне қарап емес, саяси біліктілігіне байланысты шешім қабылдар едім.
Басқа да кандидаттарды да алып қараңыз, саяси позициясы туралы қоғамның ол туралы түсінігі жоқ. Саяси аренада өзін көрсетпеген адам. Бұл тұрғыдан келгенде Дания Еспаева басқа кандидаттармен тең.
Дос көшім, саясаттанушы:
Мен 100 пайыз қолдаймын. Әңгіме оның жасында емес, жасы тоқсанға келсе де саяси білімі мен біліктілігі жетіп тұрса, онда тұрған ештеңе жоқ. Әйел де дәл сондай. Алдына қойған мақсаты айқын болса жеткілікті. Қазақтың өз тарихында да бар әйел бастаған замандар. Бізде гендерлік проблема жоқ.
Американың өзі сайлауға әйелдерді 50-нші жылдардан бері кіргізе бастады. Ал совет үкіметі кезінде 30-ншы жылдардан бастап кіргізе бастады. Керек десеңіз, шығыс елдерінде әйелдің басқаруы бұрыннан бар.
Өз қарым-қабілетін көрсете білсе, сені әйел болғаның үшін сайламаймыз деген қазақтан шықпайды.
Дания Еспаеваға келетін болсақ, мен оны мүлде білмеймін. Партияның сүзгені шығар.Партияның ішінде жақсы жұмыс істеген шығар. Бірақ қоғам танымайды.
Бізде демократияның заңы бойынша мүмкіндік болу керек. Егер қате болып жатса, онда бұл партияның өзінің қателігі болады. Шалдардың да. әйелдердің де сайлуға түскенін қолдаймын.