«Қазір біз соғыс жағдайындамыз» - Тоқаев
Мемлекет басшысы қатысқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирус індетімен күреске қатысты бірқатар сын айтылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Президент бұл жиында науқастар санының күрт артуы кезінде қажетті дәрі-дәрмектердің тапшылығы еліміздің ұлттық қауіпсіздігі жүйесіне айтарлықтай қауіп төндіріп отырғанын айтқан.
«Қазір біз соғыс жағдайындамыз. Сондықтан әрбір басшыдан шұғыл мәселелер мен міндеттерді барынша тиімді шешу талап етіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біреулер үшін бұл ауру – қажетті дәрілерді таба алмау және жақындарынан айырылу болса, енді біреулері үшін өз отандастарының есебінен баю көзіне айналды. Әлеуметтік желілерде Төтенше жағдай кезінде Қазақстанға келген гуманитарлық көмектің дәріханаларда сатылуы туралы ақпарат, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің қолдан жасалған тапшылығы және олардың біршама жоғары бағамен сатылып жатқаны жөнінде хабарламалар тарала бастады.
Әрине, мұндай жағдай Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Президент құқық қорғау органдары құрылымдарының да нақты шешімдер қабылдап, әрекет етуін талап етті. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылау ҚР Президенті Әкімшілігіне қарасты Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына жүктелді.