Жаңа ғасыр жастарына не жетіспейді?
Қазіргі ХХІ ғасыр – өркениет пен жаһанданудың кезеңі. Бұл айтпаса да түсінікті. Осы дәуір жаңғыртушылары кімдер? Олар – біздер, яғни жастар. Елдің ғана деу қателік болар, бүкіл əлемнің болашағы жас ұрпақтың қолында жəне олардың білімінде, өмірге деген көзқарасында, қоғамдағы индивидтік тұлғалық орнында, рухани бай болуында. Материалдық байлық деген кез келген жанға түсінікті де шығар.
Ал рухани қажеттілік жөніндегі əңгіме тіптен бөлек. Орыстың əйгілі жазушысы А.Чехов: “Адам барлық жағынан да, білімімен де, сырт келбетімен де сұлу болуы тиіс” – деген. Бұл жағынан біз қаншалықты дамығанбыз, оны қалай елестетеміз? Рухани мəдениет нақты бір саланы қажет етпейді, онда əдебиет, музыка, сурет тағы басқа да қамтылады. Адамды интеллект тұрғыдан дамытатын бірден-бір нəрсе, асыл қазына, Энштейнше айтсақ, алтын тақтан да қымбат – кітап. Ал қазіргілер оны оқиды ма, жастығының жанынан орын бере ме? Мен өз қатарластарымнан қандай кітап оқып, нендей білім тоқып жүргенін жиі сұраймын. “Иə, мен бір қызықты кітап оқып жатырмын. Тіпті сен оқыған кітабың болуы да мүмкін. Агата Кристи деген жазушыны оқып көріп пе едің?” – деген сауалға, ойланбастан: “Иə, əрине, шытырман оқиғалы, детективтік кітап” – деп жауап берер едім. Бірақ кітап оқымайтындарға жазушы немесе ақын жайлы, көркем шығарманың мазмұны мен мəні немесе əдебиет туралы қандай ой, яки пікір білдіресің.
Арамызда кітап оқымаса да музыка тыңдайтындар бар. Музыка дегеніміз – адам санасын басқарушы құрал. Кезінде Гитлер: “Бір халықтың оңай берілуін қаласаң, онда ол елге азаннан кешке дейін мəнсіз-мағынасыз музыка тыңдату керек” деген екен. Осы біз тыңдап жүрген музыка мағыналы ма? Əлде?.. Қазір шет елден келген бағыттар белең алуда. Бұны жіпке тізудің де қажеті шамалы. Өзгелерден үйрену, замана көшіне ілесу дұрыс-ақ. Бірақ “Үйрен де жирен” деген сөзді ұмытпауымыз керек. Жеті атаға дейін қыз алыспаған, ғұрпын сақтаған, тектілігін сатпаған қазақ халқына ерсі қылықтар жетерлік. Бүгінде құлақтан кіріп, бойды алатын əндер жоқ деуіміз қателік болар. Тағы да ондай əндерді сол жастар тыңдай ма? Классикалық музыкаға көзқарасы қандай? Мысалы, классикалық музыка тыңдайтын адамдардың IQ көрсеткіші жоғары болады. Ал бізде бұның төмен болуына кімдер кінəлі? Киелі сахнадағы мəнсіз музыкалар ма, əлде соны орындаушылар ма? Менің ойымша, тыңдаушылар. Ертеде бір данышпан: «Біз қылмысты жек көреміз. Бірақ қылмыскерді жек көрмеуіміз керек», – депті. Расымен де, бар кінəні əншіге үйіп-төгудің қажеті жоқ. Керісінше, кінəні тыңдарман сұранысынан жəне оның өзінен көрген абзал.
Қазақ жазирасында ғасырдан асса да əуезділігі мен мəнін жоймаған əндер мен күйлер жетерлік. Оларға Затаевич бекерден-бекер уақытын сарп еткен жоқ. Құрманғазының өзі қандай керемет күйші. Күйлеріне жаның балқып, көңілің шалқып қалатынын кім жоққа шығара алады. Одан беріректегі “қазақ вальсінің королы” Шəмшінің орны бір басқа. Əлемге көз жүгіртер болсақ, төрткүл дүниені мойындатқан, тамсантқан, өнеріне бас идірген Моцарт пен Бетховен, Шуберт пен Шуман, Шопендердің атақ-даңқын қайда қоямыз. Бұларды білмейтін адам кемде-кем десек, қателеспейміз. Мысалы, Бетховен таскерең болса да, халқының жағдайын музыкасымен жеткізіп отырды. Кейінгі толқын осынау дарындардың шығармасын тыңдау-тыңдамауы екіталай. Кезінде Моцарттың музыкасын ыңылдап айтпайтын адамдарды Вена көшесінен кездестіру мүмкін болмаған деседі. Қазір “Тоқсан бірдің (қандай бақытты цифр)” əнін ұйып тыңдайтын бозбала мен бойжеткенді кездестірмеу мүмкін емес. Аталған топтың əндері де, киіну стилі де қазақ менталитетіне жат секілді. Əн алтын қорға ену үшін, ең бастысы, сөз мазмұны қажет. Ал қазір екі сөздің басын қосып, өлең емес ұйқас шығаруға машықтанғандардың “ала” өлеңдері əнмен қосылып айтылып жүр. Ешқандай көкейге түйер тəрбиесі жоқ əндерді не үшін жас толқын тыңдайды? Неге санасын рухсыздықпен суарады? Жамауды жыртыққа жабамыз ба, тыртыққа ма? Қайтсекте Мағжан өлеңінің мағынасын жоғалтып алмайық.
Əрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітетінін» естен шығармайық. Түптеп келгенде, бізде жетіспейтін нəрселер жетерлік.
Әлихан МАХАШЕВ,
№90 орта мектептің оқушысы