Қорым басындағы қорқыныш
Темір жол саласында жұмыс істейтін Жанар апаймен жақын адамдай тез араласып кеттік. Бауырмал, көпшіл келіншек өмірден түйген ақыл-кеңесін үнемі айтып, болашағымызға жақсы бағдар беріп отырады. Бірде ол өз басынан кешірген бір оқиғаны айтып берді.
Бейбіт күнде «жаға ұстатқан» жайды газет оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдім.
Бейбіт күнде «жаға ұстатқан» жайды газет оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдім.
— «Қорым басына әйел адамның жалғыз баруына болмайды» деген рас әңгіме. Оның үстіне мұсылман нәзік жандыларының ерінің рұқсатынсыз үйден ұзауы дұрыс іс саналмайды. Оны өз басымнан кешірген мына жай бір жағдай анық ұғындырғандай болды, — деп терең тыныстап алған ол әңгімесін қайта жалғастырды.—2009 жылдың жаз айы еді. Әйел адамның қашан да отбасының тірлігін күйттеп, үнемі мазасыз күй кешетін әдеті. Бір күні бала күнімізде біздің үйді паналаған бір кісі болған. Сол түсіме кірді. Ұзақ уақыт бізбен тұрып, қайғылы қазаға ұшырағанда жақындары: «Ағайындары болып жерлейміз. Сүйегі біздікі» дегенді айтып, алып кеткен. Неге екенін қайдам, сол аға түсімде өзінің іздеусіз екенін айтқандай болды.
Ұйқымнан оянысымен күні бойы ұзақ ойландым. Түс ауа кішкентайымда үлкендердің «Малдың келуіне қарсы оқылған құран қабыл болады», — деп айтатыны жадыма оралды. Күйеуім асфальтқа арналған қиыршық тас шығаратын зауытта жұмыс істейтін. Келер уақытына дейін қайтып оралатыныма сеніп, кешқұрым Алтай бекетіне жақын орналасқан үлкен қорымды бетке алдым.
Жастайымнан құран сүрелерін жатқа білетінмін. Қорымның қалың сыммен бекітілген қақпасын ашып кіріп, іздеген орнымды 5-10 минутта тауып алдым.
Құран бағыштап болысымен, есіме сонда жерленген Сәбит есімді сыныптасым түсті. Оның мүрдесі күншығыс тарапқа қойылыпты. Соған және басқа да туыстарымыздың рухына құран бағыштап жүріп, зираттың ортаңғы жағына қарай кетіп қалыппын. Мақсатымды орындап, тұра бергенімде біреудің құран оқыған даусын құлағым шалды. Мен де қол жайып отыра кеттім. «Аумин!» деп тұра бергенімде, әлгілердің бірі мені көріп қалды. Байқауымша сыртта тұрған ақ түсті «Лада» көлігімен келгендердің саны 4-5-еу. Өзім қорқып келе жатсам да, артыма қарап қоямын. Мәшиненің жүк салғышынан бірі балта, балға, тұтқа сияқты зат пен кесу құралдарын шығарып жатқанын аңғардым.
Екі еңгезердей жас жігіт мені қуа жөнелді. Алды-артыма қарамай, өзім ашық қалдырған қақпадан шығып, «Сұлутам» асханасына қарай қаша бердім. (Күре жол бойындағы ол тамақтану орны қазір жұмысын тоқтатқан). Аяғымдағы жеңіл жаздық аяқ киім шешіліп, үстімді даладағы өскен шөптер тырнап, денемді қанатып тастады. Соған қарамай, жан екпінмен жүгірісімді жеделдете түстім. «Сұлутамның» қасына келгенімде сол жерден ауқаттануға аялдаған «КамАЗ» көлігін жүргізетін бірнеше кісі көлеңкеде карта ойнап отыр екен. Араша сұрап, өзімді адамдар қуып келе жатқанын айтқаныммен, алғашында жолаушылар менің не айтқанымды түсінбеді. Су ішіп, сәл-пәл ес жинап алған соң, олар қашықтан жан ұшыра жалғыз жүгіріп жеткенімді көргендерін айтты. Шамасы, «ізіме түсушілерден» құтылып кетсем керек-ті.
Сол оқиғадан кейін көпке дейін қорқыныштан арыла алмай жүрдім. Іздеп келіп, қылмыстарын әшкере қылмау үшін зұлымдыққа барар деген үрей бойымды билеп, үйден ұзап шықпадым. Осы күні бала-шағамның бағына «құдай сақтанғаны» деген ойға берілемін. Әйтпесе, менің онда барғанымды ешкім білмейді. Сол жерде өлтіріп кетсе де, жақындарым қорым маңынан іздеп таба алар ма еді...
Арада көп уақыт өтпей, қорымды «қорлаушы» топ құрықталғанын естіп, жаным жай тапқандай болды. Бірақ ұсталғандар мен кезіккендер ме, әлде олар емес пе, оны да білмеймін. Әр кезде осы оқиға ойға оралса, не қасиетті орындар жайлы сөз болса, бойым мұздап қоя береді, — деп сөзін тәмамдады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА