«Шайтан төбедегі» оқиға
Кент тұрғыны Жанай апаны бұрыннан танитынмын. Қашан көрсең қолынан кітабы не мерзімді басылымының жаңа саны түспейтін алпысты алқымдаған кейуана көпті көрген, көңіліне түйгені мол жан. Қандай тақырыпта ой қозғасаң да еркін көсіліп, ашық пікірін айта алатын ол үнемі мені көрісімен жазған шығармаларыма өз көзқарасын қосып жүретін. Бірде сол кісі жас кезінде басынан өткерген ерекше оқиғаны баяндап берген. Жақында сол жайды қайталап айтып беруін қолқалап, арнайы үйіне бардым.
—Балам, сен де ұмытпайды екенсің. Сендей кезімде оны иегім кемсеңдеп, жүрегім қобалжып, әрең айтатынмын, — деп тамағын кенеп алып, сөзін жалғады.—Өткен ғасырдың 70 жылының қаңтары. Тереңөзек ауданында тұратынбыз. Қысқы демалыс уақытында қасыма қайын сіңлім Заданы ертіп, совхоздың сиырын бағып отырған ата-енеме бет алдық. Олар таңертең ауылдан шықсаң, түсте жететіндей жерде орын тепкен. Аман-есен барып, бір шайымызды ішіп алып, май, сүт, етімізді алып қайтадан жолға шықтық. Аралықта күзде қалың егіс шығатын күріштік алқап бар. Сол маң тегіс ақ көрпеге оранған. Екеуара бір көлік. Онымыз кәдімгі сұр есек еді. Қайын сіңлімді мінгізіп, өзім есекті жетегіме алып алғанмын. Фермадан біраз ұзап кеттік. Жары жолда көпшіліктің «Шайтан төбе» атап кеткен тұсы барын еститінмін. Ол есімнен шығып кетіпті. Серігім екеуіміз қызықты әңгіме-дүкен жетегімен қаннен қаперсіз жүріп келе жатып, бір сәтте тысыр еткен дауыстан артымызға жалт қарадық.
Бақсам, алыстан бір сұлба көрінгендей болды.
—Көкем келе жатыр ғой. Ол келемін деген жоқ сияқты еді...—дедім таң қалып. Белгісіз бейненің бетін анық көрген жоқпын. Алайда, үстіне брезент плащ киген атты кісі қайын атама ұқсады. Арада 1-2 минут өткен соң әлгі көрініс зым-зия жоғалып кетті. Аң-таң болып, алға адымдай бергенімізде бізден 30 метрдей қашықтықта екі қолы ұзын, аяғын тарпаң басқан, қорбаңдаған еңкіш, әйел адамға ұқсас елеске куә болдық. Шашы сары, үстіндегі жалба-жұлба киімі алқызыл түсті. Алдымызды кесіп өтті. Қайын сіңлім де көріпті.
—Зере, Тұрсынбайдың қатынын қара. Сабап, үйден қуып жібергені ме?—дедім.
Тұрсынбай деген біздің фермамен қоныстас өзге ауылдың малшысы болатын. Он жасар қайын сіңлім анасының құшағынан пана іздеген балапанға ұқсап, үрке маған жақындай түсіп:
—Қой, ол емес. Ауыл алыс қалды. Оның бұл жерге мынадай киіммен жетуі мүмкін емес. Қара, жын ғой. Бізді әртүрлі болып айналдырып жүр. Осы арада қаншама адам өлген. ...Біз де өлеміз ба енді?..—деп сөзін үзіп-үзіп әрең жалғады.
Есімді ширақ жиып, жасымда әжем үйреткен «Ықылас» пен «Фатиха» сүрелерін іштей күбірлеп оқи бастадым. Тілімді кәлимаға келтіргенім сол еді, әлгі әйел кескін ауаға еріп, ғайып болды. Бір жерге тығылып қалды дейін десем, жақын арада сай не жыра жоқ, тегіс алқап. Зереге де екеуі анық көрінен Көрген-білгенімізді басқаларға айтсақ, бірі «Сендер көрінбей қалғансыңдар» десе, бірі «Құранның құдіреті алыстатқан» дегенді айтады.
Расында өзім білетін осы сүре өмірімде көптеген қиындықтан құтқарды, — деп әңгімесін аяқтады.