Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күре жолдағы көрініс

Күре жолдағы көрініс

Кедір-бұдырлы жолда тізгінін теңселтпей, түзу жүргізіп келе жатқан серігімнің көлікті көптен жүргізгені байқалып тұрды.

—Мәшинені жүргізгеніңізге көп болды ма?— деп сөзді бастадым.

—Иә, көп болды,— деп қысқа қайырды ол  .

—Мен рөлді ұстауға үрейленемін. Жол да тегіс емес, қауіпсіздік ережелері бар. Оның үстіне әйел адам қызуқандылау келеді ғой. Кездейсоқ қауіпке кезігуден қорқамын, — дедім әңгімені одан әрі өрбіту мақсатымен.

—Мектепте жүргенде қызықтым. Үйде «Москвич» маркалы көне көлік бар еді. Соны әурелейтінмін. Бір күні өз жеке мәшинеме қол жеткіздім. Онымен «такси» болып, нәпақа айырған кезім де болған. Дұрыс байқағансың. Бұл жолдардың барлығы маған таныс. Жолаушыларды тасымалдай жүріп, түрлі оқиғаларға да кезіккенім рас.

Жол ұзақ. Уақыт та жеткілікті. «Айта беріңіз» деген ишарат білдіріп, басымды изедім.

—Кейде көзіңе сыйғанымен, көңіліне сыймайтын дүниелер болады. Жол — үлкеннің де, кішінің де жүретін қасиетті орны. Онда бейәдеп сөздер сөйлеп, жаман нәрселер туралы айтуға болмайды, — деп тамағын кенеп алды да, ойын қайта жалғады. — Бірде кентте тұратын жүзі таныс кісі жолда көлігімді тоқтатты. Көлік жүргізушілердің жазылмаған заңы бар. Ол тұралаған техникаға қолдан келгенше көмек көрсету. Таяп едім, майы таусылғанын айтты. Үнемі артығын алып жүретін мен тілге келместен, құтыға құйылған майды ұсынып кете бердім. Арада екі-үш күн өткенде сол оқиға айнымай қайталанды. Дәл сол жер. Сол тұс. Сол уақыт. Сол киімдегі сол кісі май сұрады, мен алып бердім. Ол сол жауапты қайтарды. Қайсысы шындық екенін әлі күнге дейін шамалай алмаймын.

Ұзақ жолға жүрерде тіліңді кәлимаға келтіріп, таза ниеттеніп шығасың. Сондайда маған үнемі алдыңғы орындықта біреу отырғандай сезілетін. Ол сөйлемесе де, жасаған әрекетін, тыныстаған дыбысын анық естимін. Мұнымды дұрыс түсінбей жүрер деп басқаларға айтпайтынмын. Бір жолы орталық көшеде қол көтерген бір кісіге аялдадым. Ағай артқы есікті ашып, отыруға оқталғанында: «Мына жаққа келсеңізші. Алдыңғы орын бос қой», — деп жанымды нұсқағанымда әлгі азаматтың: «Қасыңда атаң отыр ғой»,— дегенін естіп, таң қалдым. Жалпы, ондай бейнелерді біреу көрсе, кебірлер көрмейді. Оған өзім кездескен келесі оқиға дәлел.

Тағы бірде Қазалы қаласынан аудан орталығына келе жатқанмын. Қыстың қақаған ызғарлы күні. Көлікте пойызға асыққан төрт әйел бар. Жолай Жанқожа батыр бабаға арналған кесенеге жақындап қалғанда орта жасқа жетпеген, үстіне жұқа киім киген, балалы жас келіншек асығыс көлікке қарай жүгіріп шықты. Ойымда ештеңе жоқ. Жанымдағыларға: «Ығысыңдар, ала кетейік. Тоңып қалған шығар», — дедім. Үш әйел маған қарап: «Кімді ала кетеміз?» — деп аң-таң. Тағы біреуі: «Күйеуі ұрған шығар. Әйтпесе қақаған қыста адам айдалада жеңіл киіммен жүре ме?» — деп қуаттады. Үш әйел бір-біріне қарап, ешқандай адам жоғын айтып, ойларын нақтылайды. Екеуіміз әлгілердің киімі мен жасын айтып, салыстырып, шын екенін айтудамыз. Ол кезде екі қала ортасы алшақ. Тек аралықта кесене шырақшысының үйі ғана болатын.

Жол ережесіне бұрыс болса да, мәшинені қарсы тарапқа бұрып, әлгілерді ала кетпек мақсатпен есік ашқанымда екеуі де ғайып болды.

Кейінірек сұрастырып білсем, түсініксіз жайт орын алған тұста аяғы ауыр бір әйел көлік апатынан қаза тауыпты. Бұл бес-алты жыл бұрын болған екен. Шамалауымша, сипаты, әйел баласының жасы да соған сай келеді.

Көпке дейін үрей құшағында жүрдім. Сондай күннің бірінде күндіз көше бойында ақ көйлек, ақ шалбар, ақ туфли киген егде жастағы кісі такси тоқтатты. Жақындап бетіне бақылай қарап: «Адамсың ба?»— деппін. Ол ашуланып: «Не айтып тұрсың өзі?..» — деп ашуланғаны бар, — деп сөзін аяқтады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА.
22 қаңтар 2019 ж. 1 570 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930