Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған анасын 42 жылдан кейін тапқан әйел көз жасын тыя алмады

Туған анасын 42 жылдан кейін тапқан әйел көз жасын тыя алмады

Алматылық Қуангүл Бақтиярова өзінің асыранды екенін естіген соң бірден туған ата-анасын іздей бастаған. Бүгінде алты баланың анасы атанған ол тегі мен жақындары туралы білгісі келіпті. Талмай ізденіске түскен келіншек 42 жылдан кейін өз анасымен қауышты деп хабарлайды «Қарекет» бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Біршама уақыт бұрын отандық бағдарламаға анасын іздейтіні туралы айтқан Қуангүл Бақтиярова бүгінде жақынымен жолығып, бақытты жандардың бірі болып отыр.

Келіншектің айтуынша, ол өзінің асыранды екенін біле сала, өмірге әкелген анасын іздеуге кіріскен. Алайда асырап алған анасы Қуангүлдің жанұясы туралы ештеңе айтпаған көрінеді.

«2006 жылы анамның жүрегі ауырып, екі жыл уақыт төсек тартып жатты. Анамнан туған отбасым туралы айтуын сұрадым. Бірақ ол кісі жанымда бала-шағам бар екенін айтып, туғандарымды іздемеуімді сұрады. Әрине, асырап алған анама еш ренішім жоқ. Бірақ қазақ болған соң тегімді, қайдан шыққанымды білгім келеді», -дейді ол.

Анасы өмірде бар екеніне сенген Бақтиярова жоба тілшілерімен бірігіп, Алматыдағы балалар үйінде қарқынды түрде іздеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде анасының мекен-жайы мен өзгертілген есімін тауып, онымен кездесуге барады.

Жақыны бауырына тартпай ма деп үрейленген Қуангүлдің күдігі біршама уақыттан соң бірден сейілген. Себебі, балабақшада жұмыс істейтін анасы да осы уақытқа дейін тек қана қызын ойлағанын айтып, көзіне жас алған.

Бір-бірімен 42 жылдан кейін ғана кездескен анасы мен қызы көз жастарына ерік беріп, сағыныштарын баса алмай қалды. Ал анасын көргеніне қуанған Бақтиярова одан кешірім сұрамауын өтінді.

Артынша Қуангүл неге анасы екеуінің арасы ажырап кеткенін түсіндіріп берді.

«Анам маған «мен сені ешқашан тастамадым» деп айтты. Ол кісі мені босанған соң өзімнің әкем келіп, ауылда атастырып қойған қызы бар екенін айтыпты. Сосын анам мен менің маңдайымнан сүйіп, бақыт тілеп кеткен екен. Осылайша, анам мені жатақханаға апарған. Онда мұғалімдер мен жатақханадағылар қорыққан соң, анама мені ауруханаға жатқызып, сонда емізіп тұруды ұсыныпты.

Уақыт өте анам қазіргі жолдасымен танысқан. Ол, мені өз қызындай қабылдап, қыдыртып жүріпті. Күндердің күнінде ауруханадағы дәрігерлер мені «ақыл-есі кеміс, ұмытыңдар» деп айтып, кіргізбей қойыпты. Бұл сол кездегі мұғалімдердің тапсырмасы ма деп те ойлаймын. Оның үстіне анамның шешесі де ауылға алып келмеуін жеткізіпті. Менің шын есімім Гүлмира екен», — деді ол.

Үзілмеген үмітінің арқасында анасымен қауышқан Қуангүл Бақтиярова «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» екенін алға тартты. Ол жастық кезінде шалыс басқан анасына еш өкпесі жоқ екенін айтты.
23 қаңтар 2019 ж. 1 610 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 33

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930