"Неге чекте басқа баға?": өзін дәріханада алдамақ болғандарды әшкереледі
Елордада дәріханада дәрі алмақ болған әйел өзін алдамақ болғанын айтып шағымданды. Оның сөзінше, чекте 35 теңге деп көрсетілген дәріні өзіне 50 теңгеге сатпақ болған. Әйел болған оқиғаны видеоға түсіріп алып, желіде жариялады, деп хабарлайды. «Неге чекте басқа баға?»: Елорда тұрғыны өзін дәріханада алдамақ болғандарды әшкереледі.
Дәріханаға барған әйел бастапқыда өзіне чек берілмегенін айтып шағымданған. Видеодан байқалғандай, біраз уақыттан кейін чекті алған тұрғын ондағы бағаның басқа екенін көреді. Сатушы оған дәріні 50 теңгеден сатпақ болған. Ал чекте бағасы 35 теңге екені көрсетіліпті.
"Чекте 35 теңгеден деп тұр. Маған дәрінің 20 данасын 50 теңгеден саттыңыз. Неге чекте баға басқа? Маған 35 теңгеден сату керексіз", - дейді елордалық тұрғын.
Өз кезегінде сатушы дәрінің бағасы әртүрлі болып келетінін, өзінде чек шығаратын аппарат жұмыс істемей тұрғанын айтып ақталды. Артынша дәріні чекте көрсетілген баға бойынша сатты.
Оқиғаға қатысты пікір білдірген мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Олжас Отар тұрғынның қойған талабы дұрыс екенін айтып, шара қолданылатынын жеткізді.
"Құрметті тұтынушылар, тауар сатып алған кезде осылай түбіртек талап етіңіздер. Ол, алдымен, сіздің құқығыңызды қорғау үшін керек. Сонымен бірге сіз мемлекеттің бюджеттінің толығуына үлес қосып, көлеңкелі экономиканың жарыққа шығуына атсалысасыз. Қоғамдық бақылауды осылай дамыту керек. Бәріміз осылай түбіртек талап етіп, қоғамдық бақылау жасайық", - дейді комитеттің ресми өкілі Олжас Отар.