Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Тіршілік тұңғиығы

Тіршілік тұңғиығы

Көптен бері кездеспеген екеуміздің әңгімеміз қыза келе, жұртшылықтың бір-біріне деген мейрімділігі мен ізгілігі төңірегіне қарай ойысты.
– Адамгершілік қалпынан айнып, имансыздыққа бетбұрған жанның оңғанын көрген жоқпын, – деді жайдары жүзі өзгеріп, қабағы түйілген Сәрсен аға.
– Дәл қазіргі заманда біраз адамның бойында имандылық белгісі өшіп, бейәдепсіздік өршіп бара жатқаны шындық. Бұдан көп жыл бұрын Қызылорда қаласында қазақтың ақиық ақыны – ел ардақтысының бейіті басына орнатылған қола мүсінін біреулер бөлшектеп алып кетіпті дегенді естігенбіз. Тағы бірде «Хабар» телеарнасы жаңалықтарынан Павлодар облысының бір ауданында қалайыға қызыққан бір топ жасөспірім баукеспелердің қорымды бүлдіргендігі жөнінде айтылды. Сондайлардың жолы болғыш, – деймін мен көмейіме келген сөзді сыртқа шығарып.
– Бауырым, «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген мәйекті тәмсілді талай естіген шығарсың. Шындығы солай. Ал қатыгез қылық пен қиянаттың түбі – тұңғиық. Мен осыған нақты дәлел ретінде ілгеріде көзім көріп, көңілге түйген жағдайды саған айтып берейін, – деп маған салмақты кейіппен көз тоқтата қараған ағам көкірек көмбесінде жатқан бір сырдың бетін ашуға кірісті.
...Сәрсен аудан орталығында дүниеге келіп, балалық шағын осы жерде өткізді. Жойқынбек бәрі бір көшенің бойында көрші тұрды. Ол бұдан екі сынып жоғары оқыды.
Жойқынбектің аты ісіне сай болатын. Бұлар орын тепкен көшедегі өзімен тетелес балалар оның айтқанын екі етпейтін. Егер байқамай жолдан тайып, шалыс басатындар кездесе қалса, ондайларды оңашада сілікпесін шығарып, тәртіпке салатын. Шіркіннің үрген доптай домаланған сепкіл беті мен мұздай көкшіл қысық көзіне ешкім батылы жетіп, тура қарай алмайтын.
Жойқынбек сегізінші сыныпты бітірген жылы арақ ішіп, темекі тартатын өнер шығарды. Көршілес балалардың анда-санда қалталарында тиын-тебендері болса, қақшып алады. Кейде алаңсыз келе жатқан бейтаныс бозбалаларды да тонап жібереді.
Бір жолы көшеде бейқам кетіп бара жатқан өзі қатарлас біреуге тиісті. Оның қос қолын сығымдай қысып:
– Мұрның бұзылмай тұрғанда қалтаңдағы барыңды алақанға сал! – деді кіжініп.
– Саған беретін ешнәрсем жоқ. Уақытымды алмай жіберші!.. – деп дөңайбат көрсеткенсіді әлгі бала.
Жойқынбек оны көз ілеспес шапшаңдықпен оң жақ жамбасқа алып, жерге топ еткізді. Шалбарының қалтасына қолын сүңгітіп жібергенінде екі он сомдық саусақ ұшына ілінді.
Оңай олжаға кенелген Жойқынбек:
– Боқмұрын, енді жолың ашық. Бұл жайлы ешкімге жақ ашушы болма. Дымың ішіңде болсын! – деді жаңағыны орнынан тұрғызып жатып.
Сол күні мұның арты үлкен дауға айналды. Манағы ақшасынан айырылған жасөскіннің әкесі бір дөкей бастық екен. Өзі араласа жүріп, Жойқынбектің үйін тапты. «Заң орнына беріп, жазалатамын!» деп ашу шақырды.
Сауда орнында үй сыпырушы болып, күнін әрең көріп отырған Жойқынбектің шешесі баласы үшін қатты қиналды. Жиырма сом ақшасын тауып беріп, кешірім сұрады. Өкініштен көкірегіне өксік тығылып, көз жасына ерік берді. Айта қаларлығы шарасыз күйге бөленген ананың жабырқау жанына жара салғысы келмеген баласы жәбірленген кісі райынан қайтып, рақымшылық жасады.
«Көң қатса, қалпына барады» деген. Шамалы уақыт тәртіпке түсіп, аптығы басылған Жойқынбек ұзамай бұрынғы дағдысын әрі қарай жалғастырды.
Жаз айы болатын. Күн төбеден ауса да шілденің аптап ыстығының табы әлі қайта қоймаған. Қойнында бір шиша сырасы бар Жойқынбек ойын қуғандардың ортасына келе қалды. Сыраны қылғыта сіміріп алып:
– Бәрің қазір түгелдей сапқа тұрыңдар! Ауыл сыртына саяхатқа шығамыз, – деді даусын көтеріп. Ешкімнің қарсылығынсыз лезде айтқаны екі етпей орындалды.
Жауға қарсы аттанатын қол бастаған батырдай өзі топ алдына түсіп, жол бастады. Біршама жүріп, солтүстік шығыс беткейдегі қорым жанына жеттік. Ол біздің сапты бұзбай алға шықты. Аузындағы темекісін үсті-үстіне бұрқырата тартып:
– Мен сендерге қазір қызық көрсетемін. Көз алмай қарап тұрыңдар, – деді ыржия күліп.
Сосын жақын маңдағы қоршауы құлап қалған зираттың ішіне түсті. Мәйіттің бас сүйегін, қабырға, омыртқасын сыртқа лақтырып шығарды.
– Мұғалімдердің анатомия сабағынан көрсетіп жүрген адам скелеті осы. Бірің ерте, бірің кеш, түгел дерлік осындай күйге түсесіңдер, – деді еліре сөйлеп. Бойындағы арақ пен сыраның уытына балқып, батылданғандықтан шығар еш тіксінетін емес.
Мұны көріп тұрғандарда жүрек жоқ. Бір-біріне үнсіз, үрпиісе қарады. «Ерлігіне» масаттанған Жойқынбек:
– Менің бұл ісімді келешекте айта-айта жүретін болыңдар. Ал енді үйге қайтайық, – деді қарқ-қарқ күліп.
Зират басындағы оспадарсыз оқиғаның куәсі болғандардың бәрі сол түні ұйқы көрмеді. Жүректерін қорқыныш, бойларын үрей биледі.
Мақпал түн төсінде қою бұлт тұтасты. Әлсін-әлі найзағай жарқ-жұрқ етіп, таң атқанша жаңбыр жауды. Бұл әруақтардың ақылсыз пендесіне деген көлдеткен көз жасы ма, кім білсін?!
Тоғызыншы сыныпты аттаған жылдың күзінде Жойқынбек көшеде біреуге суық қару-пышақ қолданып, істі болды. Пышақталғанның тірі қалғандығы арқасында үш жылға сотталды. Анасы мен қарындасы – Қаракөз шарасыз күй кешіп, көздерін жаспен шылап қала берді. Әшейінде жан-жағына ақжарқын көрінетін Айман апа іштей торығып, қатты жүдеді.
Мерзімді уақытын өтеп, бостандыққа шыққан Жойқынбек ауылға оралды. Ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қайта қауышты. Әсіресе Айман апа қуаныштан асып-тасты. Бауыр еті баласын емірене құшақтап:
– Құлыным, аман-есен келуіңмен! Өзіңмен қауыштырған Аллаға мың да бір шүкір! – деп бетінен қайта-қайта сүйді.
Көп ұзамай нағашы ағасы – Нағашыбектің араласуымен Жойқынбек теміржол мекемесіне жұмысқа орналасты. Бұған балаша мәз болған анасы оңашада ұлына:
– Балам, бірінші байлық – денсаулық, екіншісі – ақ жаулық. Сенің енді отау тігіп, үй болған қызығыңды көрсем арманым жоқ, – деп құлаққағыс қылды. Ұлы:
– Асықпасаң, бәрі де бола жатар, – деді салқындау тіл қатып.
Ақыры шешесі қолқалап, жақын жеңгелерінің таныстыруымен өзінен бес жас кіші Жарқынкүлге үйлендірді. Жас келін мектепте мұғалім еді. Оның бір басы екеу болғанына ағайын-туыс жиналып, ізгі тілектерін білдірісті.
Жас жұбайлардың жұптық өмірі ағын судай жылыстап өтіп жатты. Келінінің қолынан қою шай ішіп, көксегеніне жеткен Айман апаның көңілі шаттық шуағына бөленген. Келінін қызындай көріп, аналық мейрімін аямады. Жарқынкүлдің аяғы ауыр екенін сезіп, немерелі болатынын ойлай қалса жүрегі атша тулап кетеді.
Бәрі де уақытша, көңілдің алып-қашпа сезіміндей күндер екен. Жойқынбек қайтадан арақ ішетінді шығарды. Сондайда жазықсыздан-жазықсыз Жарқынкүлге тиіседі. Ана байғұс екеуінің арасына түсіп, шыр-пыры шығып, қиналады.
Бірде ағайындарының той-томалағынан келсе, келіні бөлмесінде жылап отыр. Көзінің алды көгеріп, ісіп кетіпті.
– Апа, Жойқынбек мені ұрып-соқты. Ішімдегі нәрестеге зияны тиді ме деп қорқамын. Бар кінәм – жұмыстан кештеу келгенім, – деп Жарқынкүл көзінің жасын көл етті.
Жазым тиген соққының әсері шығар, екіқабат келіншек ертеңіне түсік тастады. Мұнан кейінгі отбасылық тірліктерінің кестесі келіспейтінін жақсы сезген Жарқынкүл күйеуінен ажырасып тынды.
Жарқынкүл үйден кеткен екі айдан соң Жойқынбек жұмыс кезінде арақ ішіп, пойыз доңғалағы астына түсіп мерт болды. Айман апа қартайғанда іштен шыққан шұбар жыланының ақымақтық қылығына күйініп, жан күйзелісіне ұшырады. Көп ұзамай мәңгілікке көз жұмды.
Көңілінің қалтарысында ұзақ уақыттан бері қорғасындай қордаланып жатқан, ешкімге айтылмаған құпияны ортаға жайып салған Сәрсен аға:
– Інім, Алланың елшісі – Мұхаммед Пайғамбар өз өсиетінде: «Иманы таза адам өзгелерге залал етпейді» дейді. Ал мен әңгіме өзегіне арқау еткен Жойқынбек өлі әруақтарды тек жатқызбай олардың бейітін қорлады. Сосын әйеліне ретсіз тиісіп, жазықсыз шаранасынан айырды. Осының бәрі түптеп келгенде, айналасына жүрек жылуының жоқтығы – имансыздық. Дүниеде тылсым күш бар. Ондай оспадарсыздық ешкімді жақсылыққа жеткізбейді.
Жоғарыдағы тілге тиек етіліп отырған өмір көріністері өткен ғасырдың сексенінші жылдарында орын алған. Онан бері біршама жылдар өтіп, еліміз тәуелсіз мемлекет атанды. Көзден таса қалып, ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүріміз, тіліміз бен дініміз ортамызға қайта оралды. Бұрындары мектептегі шәкірттер санасы «Дін – апиын» деген кертартпа үгітпен уланса, қазірде бәрі де басқаша... Сондықтан қашан, қай жерде жүрсек те бір-бірімізге жанашыр пейіл танытып, мұсылманшылықтан айнымауды ұмытпағанымыз жөн, – деп үстінен ауыр жүк түскендей орнынан жеңіл көтерілді. Шақшасындағы көк бұйра насыбайдың бір шымшымын тілінің астына салды.
Үлкен өмір – дариясының тұңғиығына батып, адамдық абыройын күлпарша еткен Жойқынбектің жат мінезі жанымды мазалап, ой - орманына жетеледі.

Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
27 қазан 2020 ж. 82 0

Бүгінгi жаңалықтар

Елге қызмет – мерейлі міндет

01 желтоқсан 2020 ж. 38

Тағамның тәттісі – түймеш

01 желтоқсан 2020 ж. 38

Салт-дәстүр – өшпес мұра

01 желтоқсан 2020 ж. 35

Қарашадағы қос қуаныш

01 желтоқсан 2020 ж. 38

Тарихи туындылар тізбегі

01 желтоқсан 2020 ж. 40

Елді ерлікке жеткізген

01 желтоқсан 2020 ж. 39

Жасампаздықтың жаңа белесі

01 желтоқсан 2020 ж. 41

Шекараны шегендеу

01 желтоқсан 2020 ж. 34

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031