Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Карантин күнделігінен

Карантин күнделігінен

Газет дегеннен шығады, әлеуметтік желіні қарай отырып, 1976 жылы шыққан ескі газеттің бір мақаласына көзіміз түсті. Өзекті тақырып болған соң «Тұмауға қарсы тосқауыл» («Противогриппозный арсенал») деп аталатын осы шағын мақаланы қазақшаға аударып беруді жөн көрдік.

«Мәскеулік дәрігерлер бірнеше жылдан бері тұмау вирустары мен өткір респираторлық-вирустық инфекцияға (ӨРВИ) қарсы ұйымдасқан күрес жүргізіп келеді. Тұмауға қарсы тізімнің негізін организмді нығайтатын «vis medicatrix haturae» (табиғаттың емдік күші) дәрі-дәрмектер құрайды. Тізімде келтірілген дәрі-дәрмектердің көпшілігі организмде вирусқа қарсы белок-интерферон құрылуға ықпал жасайды. Дәрі-дәрмектер интерферон санын көбейткен кезде, организм вирус шабуылына төтеп бере алады. Осы орайда бұл дәрілер қандай вирустың түріне (грипп, парагрипп, оденовирус, коронавирус, ротавирус немесе басқа) жататындығына қарамастан төтеп беруге қауқары бар. Барлық респираторлық инфекциялар арасында грипп (тұмау) 10-12 процентті құрайды. Сондықтан қазіргі қолданып жүрген дәрі-дәрмектер тұмаудан ғана емес, барлық ӨРВИ-ден қорғай алады деп айта аламыз.
Иммунитет нығайтатын дәрілік құрал ретінде дибазол, рибомунил және арбидол таңдалған.
Дибазол. Әр айда 10 күн бойы дибазол-профилактикалық үш курсын қабылдау ұсынылады. Ересектер бір таблеткадан (0,02 г), 1-14 жастағылар жарты таблеткадан (0,01 г), 4-6 жастағы балалар – 0,004 г, 1-3 жастағы сәбилер – 0,002 г.
Рибомунил. Таңертең аш қарынға үш таблеткадан. Аптасына төрт күн, үш апта бойы қабылдау керек. Екінші айдан бастап айына төрт күн профилактика жасауға болады.
Арбидол. Профилактика үшін – аптасына бір таблеткадан (0,1 г.). Емделу үшін – үш күн қатарынан екі таблеткадан күніне төрт рет.
Иммунитет нығайтушылардан басқа тұмауға қарсы дәрі-дәрмектер қатарына поливитаминдер, емдік шөптерден жасалған дәрілер және гомеопатикалық құралдар енгізілген.
Өсімдік дәрілері ішінен медиктер элеутерококка, эхинация және сарымсақтан жасалған дәрі-дәрмектерді пайдалануды ұсынады. Емделу үшін самырсын (майқарағай), шай ағашы, арша, эвкалип және басқа да өсімдіктер эфирлік майларынан ингаляция жасауға болады. Суық тию ­симптомдарын азайту үшін – таңқурай, жөке ағашы, тобылғы, қалақай гүлдерінің тұнбаларын да пайдаланады.
Тұмау мен ӨРВИ-ден емделу үшін гомепатикалық құралдар ішінен Грипп-Хель, Афлубин, Инфлюцид, Оциллококцин, Флу, Антигриппин қолдануға болады.
Шағын ғана осы мақалада тұмау және оған ұқсас ауруларға дәрі-дәрмектерді қалай пайдалану керектігі қарапайым тілмен түсіндірілген.
Коронавирус жөнінде 2003 жылдың 13 маусым күні «Североуральские вести» газетінде академик «Чучалиннің жедел ақпараты» атты айдармен берілген «Коронавирус агрессивті бола ­бастады» атты мақала да назар аударарлық. «Соңғы екі айдан бері әлемнің барлық газеттері мен БАҚ-тары қатерлі өкпе қабынуының жылдам қадаммен таралып жатқаны туралы дабыл қағып жазуда. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) соңғы ақпараты бойынша қатерлі өкпе ауруы вирусы бұрын айтылып жүргендей ауа-тамшылық жолмен ғана берілмейтіні анықталды.
Қатерлі вирус жұққан кез-келген объектіге жанасқан жанның барлығы өкпенің жазылуы қиын дертіне ұшырайды. Сондықтан оның таралу қаупі жоғары, бірақ көпшілік бұл жағдайды әлі түсіне қойған жоқ».
Осы мақалада аса қауіпті жұқпалы індетке коронавирус деп ресми ат қойған БДҰ мен инфекциялық ауруларды бақылау жөніндегі америкалық SARS институты екендігі айтылған. Сондай-ақ 1997-1999 жылдары коронавирус ретінде тіркелген қауіпті өкпе қабыну ауруын вирусолог-дәрігер ғалымдардың зерттеп жатқандығы жайлы да сөз болады. Жұқпалы індетті зерттеудің өзі қауіпті екені белгілі. БДҰ өкілі, танымал вирусолог, итальяндық дәрігер Карло Урбани коронавирусты зерттеу жолында құрбан болды. Осы індетті жұқтырған Вьетнам тұрғынының мәйітін ашып, оның дене ағзаларын зерттемек болған қытайлық-патологоанат та қайғылы қазаға ұшырады.
Мақалада ауру жұқтырғаннан кейінгі инкубациялық кезең туралы да айтылған. Егер дерт адамнан адамға жұқса 2-3 күннің ішінде, ал аң-жануардан жұқтырса 10 күнге дейін өзінің белгілерін көрсете бастайды. Сондай-ақ ең алдымен дене температурасын өлшеу керектігі де түсінікті. Коронавирустың басты белгісі – дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, адам қатты әлсірейді.
Қазіргі коронавирусқа байланысты әлемде болып жатқан дүрбелең оқиғалар түрлі-түрлі ойға жетелейді. Жоғарыдағы мақалада сөз болғандай, бұрыннан белгілі қатерлі індет неге толық зертелмеген? Адамдар өз денсаулығын ойлаудан бұрын неге баюға құмар? Миллиардтаған ақшалар неге денсаулық сақтау ісіне жұмсалмайды? Сұрақ көп, жауап жоқ..
***
Ауылға телефон шалдым. Трактор айдайтын Ерімбет деген немере ағам бар. Шөп шауып, жер жыртудан жалықпайтынның өзі. Ал енді қоғамдық жұмыс десе ішер асын жерге қояды. Сайлаудың нағыз белсендісі. Тұрғали деген құрдасым екеуі бастықтар не айтса, соны істейді, тапсырмаларын орындағанша жарғақ құлақтары жастыққа тимейді.
Мына карантин кезінде де тәртіптің алғы шебінде жүрген осы екеуі шығар. Соны білсем де әңгімелесудің тұздығы ғой деп, сөзді карантиннен бастадым. «Ауылда қалай, карантин жоқ болар, шетелден келіп жатқан адам жоқ, тыныш шығар». Ерекең әлі сол баяғысы екен. «Қайдағы тыныш? Бастықтар карантин тәртібін сақтаңдар, бір-біріңе қонаққа бармаңдар, ауданға бір адам ғана барып, азық-түлік алып келетін болсын деді. Көшеде күзет бар. Тұрғали ауылдың ана шетінде, мен мына шетінде, тәртіп қадағалаймыз».
Есігі жабылмайтын қайран, ауыл. Сенің де басыңа күн туған ба? Қаладағы карантин болса бір жөн. Ауылдағы карантині несі? Алыстан шаң көрінсе аудан орталығы жағынан кім келе жатыр екен деп қуанушы едік қой. Ауыл ауыл болғалы бастықтар ат ізін салмайтын, өз алдарына шалғайдағы карантин болып отырған ауыл емес пе едіңдер? «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау, ол не?» дегенде, ол – біздің ауыл деп жауап беретін балаларың аман ба? Бір-бірлеріңе бара алмай қалғандарың қалай? Шөп-шабындық қайда, егіс қайда, осы кезде пәлегін салып, өркендеп жататын қауын-қарбыздың атызы қайда? Ереке-ау, тракторың не ғып қаңтарылып тұр?
Айтайын десем, сұрақ көп. Ерімбетке қоя алмадым. Көңілім бұзылып, жаным жабырқап тұрғанда, қолымдағы телефон жерге түсіп кетіпті...
Карантин дегенді білмейтін ауылым, аман бол, күн жаманы кетер, біз де өзіңе сағынып жетерміз.
***
Жаралатып, тұралатып тірлікті,
Жерді жаулап, құртып жатқан құрлықтың.
Арам Адам – авторы сен індеттің,
Тәубеңе кел, тоқтат мына сұмдықты!
Бәрін айт та бірін айт, ілім-білімді дамытқан адамзат жан біткенді жаппай қырып жоятын атом бомбасын, ядролық жарылысты, химиялық, бактериялық қаруларды, неше түрлі зымыран-зымиян ракеталарды, зұлмат зеңбіректерді ойлап шығарды. Ал титімдей ғана микробқа, биттей ғана вирусқа әлі келмей жатыр. Не деген дәрменсіздік, не деген сорлылық десеңші?!
Дәрменсіздік, бейқамсыздық дегеннен шығады, басында тұмаудың бір түрі екен дегендей болып еді, кейін қос өкпені қара құрт жегендей құртатыны, жазылмайтын дертке ұшырататыны анықталды. Қытайдан әрі асып, Еуропаға ауыз салды, Америка асты... Жер жүзіне тарады. Табиғи тұмау емес екен, қолдан жасалған вирустың бір бөлігімен мутацияға ұшыраған індет екен, осыны пайдаланып, әлдебіреулер әлемді өз қолында ұстамақшы екен деп, әлеуметтік желіні толтырған байбаламдарды оқығанда, шынымен де «әлем ақылынан алжасты» демеске шараң жоқ.
Мұндайда не дейсің, шайтанның шылауына түсіп, адамзатқа қарсы арам пиғылдары бар, ақылын ібіліс алжастырған білімділердің милары мутацияға ұшыраса, өздері де қараңғы көрдегі карантиннен мәңгі орын алар еді, дейсің де...
***
Ал болып жатқан оқиғаға терең зерттеу, ғылыми баға беру тұрғысынан қарайтын нағыз білімділер не дейді екен?
Күні кеше ғана Ресей Президенті В.Путин бүгінгі күннің өзекті мәселесіне ­байланысты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Голикованы және елдің медицина саласындағы бірқатар белгілі ғалымдары мен академиктерін қабылдады.
Медицина ғылымдарының докторы, атақты академик Александр Чучалин коронавирусқа қарсы өз пікірін ортаға салды. Қысқаша айтқанда, ол бұрынғы Кеңес еліне, оның ішінде Ресейдің ғалымдарына коронавирустың бұрыннан белгілі екенін, бұл індеттің химиялық пневмонит ретінде зерттелгеніне тоқталды.
– Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап, табиғатта кездесетін барлық жұқпалы дерттерге қарсы иммунитетпен өмір сүреді деді ол. – Тірлік иесі ретінде адам бойындағы антителаның, яғни иммуноглобулиндердің мүмкіндігі зор. Коронавирусқа қарсы күресіп жатқан Мәскеу емханасының бірінде ешқашан коронавируспен ауырмаған дәрігерлердің отыз бес пайызында вирусқа қарсы антитела бар екені байқалды. Демек, сау адамдардың, яғни адамның үштен бір бөлігінің жұқпалы вирусқа қарсы тұра алуға дәрмені бар. Ал бұрыннан ауруы бар және вирус жұқтырып алған адамдарға ерекше жағдай жасап, дерттен жазылып шығулары үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек.
Өкінішке орай, біз қазіргі уақытта тұмаудан басталып, өкпе ауруының қауіпті түріне әкелетін коронавирус дерті жөнінде асыра сілтеп жатқанға ұқсаймыз. Осыған жете мән беруіміз керек. Коронавирустың індет ретінде бір ошақтан ­бастау алып таралғаны рас. Бірақ, көктем әлі аяқталған жоқ. Тұмаудың нағыз күшейетін және маусымдық аллергия ауруының басталатын күндері жақын. Олар да вирус аурулары, сонда карантин жалғаса бере ме? Коронавирус ең алдымен, бұрыннан созылмалы ауруы бар (жүрек, өкпе, қант диабеті, қан қысымы жоғары аурулар және т.б.) адамдарға қиын тиюде. Мұны дүние жүзіндегі статистика да дәлелдеп отыр. Дегенмен, коронавирустан қайтыс болып жатқандардың қатарына, тұмаудың қауіпті түрі – пневмониядан қайтыс болғандарды қоссақ, өлім-жітімнің одан да бірнеше есе жоғары болатыны түсінікті.
Тоқ етерін айтқанда, химиялық пневмонит – коронавирусқа қарсы гелий сұйығын пайдаланатын зерттеуді жалғастырып жатырмыз. Академик, медицина ғылымдарының докторы Социалистік Еңбек Ері С.П.Капица мен оның шәкірті, ол да Социалистік Еңбек Ері физик, академик Л.Д.Ландау мырзалар осы салада ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Гелий сұйығының құрамындағы химия және медицина саласына қажетті аса құнды зерттеулері үшін Ландауға Нобель сыйлығының берілгенін жақсы білесіз. Сондықтан біздер, ғалымдар осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлуі қажет, деп есептейміз.
Аса білімді академиктің айтқаны, неше күннен бері қауіпті індеттен бас сауғалап, үйді-үйге тығылып, қорқып отырған жандарға жұбаныш, үміт әкелері сөзсіз. Қараңғы түнектен шығарар жарық сәулесі бар деп осындайда айтушы ма еді?
***
Күнделігіме күнде қарап қоямын, бір күн жазбай қалсам, жанды жабырқатқан карантин бітпейтіндей көрінеді. Отыз күннен бері отыз бет жазыппын. Ертең жазбай-ақ қояйыншы, қапас карантин түнін қуатын, арайлы таңымыз атып келе жатқан шығар, бәлкім...

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
запастағы полковник,
әскери журналист
12 мамыр 2020 ж. 754 0

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 38

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 38

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 39

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 71

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 119

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031