Сәкен Майғазиев сахнада жатып жарымжан жігітке микрофон тосты
"МузАРТ" тобының солисі Сәкен Майғазиев концерт кезінде жарымжан жігітке сахнада жатып, микрофон тосты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әнші бұл видеосын Instagram желісіндегі парақшасына жүктеді. Концерт Жезқазған қаласында өткен. "Өнерді сүйген таудай жүрегіңнен, бауырым. Рахмееет, Жезқазған!", - деп жазды әнші ролик сипаттамасында.
Видеода "МузАРТ" тобының әншілері сахнада "Сағынғанда бір келерсің" әнін айтады, осы кезде сахнаға көрермендер арасынан арбаға таңылған жігіт жақындайды. Сәкен Майғазиев қолы жетуі үшін сахнада жатып, оған микрофон тосады.
Жігіт әнді жалғастырып үзіндісін айтады. Оның бұл әрекетіне Желі қолданушылары риза болып, ықылас танытты. Жезқазғандық әнші Нұржан Керменбаев әншіге кішіпейілдігін көрсеткенін айтып, ауылдастарына сәлем жолдаса, тағы бір қолданушы "Сәкен, айналайын, даусың қандай керемет!
Жүрегің тіпті кең!" деп таңданысын білдіріпті. "Кембағал адамның арманын орындағаңыз үшін сізге көп рақмет. Бай қуатты болыңыз. Осындай игі істерді жасай берсеңіз құдайдың мейірім-шапағатына бөленесіз", - деп жазыпты belgibaeva_laura нигімен тіркелген қолданушы.