Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліне еңбегі сіңген азамат

Еліне еңбегі сіңген азамат

Қаршадай бала күнінен кітапқа құмартып, қаламгер болуды армандап ержеткен Әбен Жұмашұлы Кеңес әскері қатарындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп оралғаннан кейін ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсті. Оны ойдағыдай тәмәмдап, өзі туып-өскен Қазалы өңірінде мұғалім болды.

Аудандық газет редакциясында еңбекші хаттары бөліміне меңгерушілік етті. Алматыдағы бірқатар баспаларда редактор, аға редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Оның ішінде қазақтың біртуар ақыны, бүгінгі Әнұранымыздың авторларының бірі – Жұмекен Нәжіме­деновтың арқа сүйер көмекшісі болғанын атап өту орынды болмақ. Ол заманда да тамыр-таныстықпен беделді мекемелерге орналасып алып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүре беретіндер жетіп артылған ғой. Сондай бір қайнауы ішінде, дүмбілез дүниелердің басым көпшілігін Жұмекен ағасы көбінесе қиындық кезіксе қыңқ етпейтін Әбенге сеніп тапсыра береді екен. Күндіз өзіне тиесілі жұмыстармен отырса, түнделетіп жаңағыдай шаруалармен айналысады екен.

«Рауан» баспасынан «Ана тілі» баспасы бөлініп шыққанда осы баспаның негізін қалаушы аға редакторлардың бірі болды. «Алтын сандық», «Халық қазынасы» сериясымен шыққан жаңа басылымдарды шығаруға белсенді үлес қосты. Атақты фольклоршы Ә.Диваевтің «Тарту» деген (құрастырушысы – Ф.Оразаева) кітабына аудармашы әрі редактор болды.

Баспада істеген жылдар ішінде жүзден астам кітапқа редактор болумен бірге мектеп оқулықтарын, әдістемелік, ғылыми-көпшілік, саяси-бұқаралық және басқа да ондаған кітаптарды аударуға қатысты. Аудандық, облыстық, республикалық газеттерде мақалалары мен сын пікірлері жарық көріп жатты. 1986 жылы орта мектептің оныншы сыныбына арналған қазақ әдебиеті оқулығының бірінші басылымына редакторлық етіп, жоғары сапамен көркемделіп шығаруға қатысқаны үшін КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Сондай-ақ осы жылдарда «Материктер мен елдерде», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (авторы – С.Исаев), «Қазақ халық әдебиеті» (құрастырушысы С.Садырбаев) басқа да көптеген мектеп оқулықтарының редакторы болды.

1993 жылдан басталған жоғары мемлекеттік органдардағы қызметі Парламент Мәжілісі мен Сенаты аппа­ратындажалғасын тапты. Бұл бе­делді органдарда бас консультант болып абыройлы қызмет атқарды. Қаншама заңдардың қазақ тіліне жатық аударылып, қатарға қосылуы үшін аянбай тер төкті. Бұған қоса оқығаны мен тоқығаны көп Әбекең екінің бірі жүрегі дауалап бара бермейтін ілеспе аударманың майталман шебері болды. Үлгілі де үздіксіз қызметі үшін «Қазақстан Республикасының Парламентіне – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Бүгінде ел тізгінін ұстап отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Парламент Сенатының Құрмет грамотасын алды.

Білімі мен білігі бір басына жетіп артылатын Әбекеңнің арманы асқақ, қаламы жүрдек еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, бала жасынан жазушы болсам деп армандайтын. Бірақ көзі тірісінде бұл арманына жете алмады. Ащы шындықты арқау еткен «Дариға жылдар» атты ғұмырбаяндық кітабының өзі өмірден өткен соң жарық көруіне соңынан ерген інісі Асанның көп еңбек сіңіргенін атап айтқан жөн.

Осы кітапты жазумен айналысып жүргенінен хабардар болатынмын. Бірде оның жайын өзінен сұрағанымда: «Кітабымның 125-бетін жазып қойдым, алайда әлі бесінші сыныпта жүрмін, – деп әзіл-шыны аралас жауап бергені бар. «Япырай, Әбеке-ай, осы қарқыннан айрылмай жаза берсеңіз, оныншы сыныпқа жеткен кезде кітабыңыз 250 бет болып қампайып шыға келеді ғой!?» – деп мен де әңгіменің аяқ жағын әзілге бұрған едім. «Жоқ, кейінгі жағын ықшамдаймыз ғой» деген еді Әбекең өзіне ғана тән салқынқандылықпен жылы жымиып.

Небары жүз дана болып жарық көрген бұл туындының өнбойынан туған жер, ауылға, ағайын, туыс-бауырға, ата-анасына, әжесіне, дос, жора-жолдастарына деген таусылмайтын мәңгілік сағыныш лебі аңқып тұрғандай сезіледі. Осы орайда өзін аудармаға жетелеп әкелген заң аудармасының зергері Жолбарыс Әбішұлының «Әбеннің тұла бойы тұнған білім. Тоқығаны да, оқығаны да көп. Соның бәрін мына аударма жеп қойды» деген сөздері ойға оралады.

Жалпы Әбекеңнің өмірде осындай жетістіктерге жетуіне, көптеген туындыларының компьютерде сауатты басылып жарық көруіне өмірлік серігі Тойдық Жолмаханқызының өзіндік мол үлес қосқанын айта кету орынды болмақ. Әбекең бар кезде қалыптасқан тонның ішкі бауындай жылылықты, бауырмал қонақжайлылықты, шаңырақтағы береке-бірлікті әлі күнге дейін суытпай сақтап келеді.

Әбекең бос уақытында шахмат ойнауды өте жақсы көретін. Шахматқа деген құштарлық оны Мәжіліс Төрағасының орынбасары болған, кейін Аппарат бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарған, қазақшаға судай Василий Осиповпен достастырған болатын. Бұл туралы Әбекеңнің «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылғы 28 қаңтарындағы нөмірінде жарияланған «Қазақ халқының орыс ұлы» атты мақаласында жақсы суреттелген. Әріптес Әбен досымның мықты шахматшы болғанының тағы бір айғағы ретінде халықаралық дәрежедегі гроссмейстер атағы бар Фаталибекова деген шахматшымен блиц-турнирде тең түскенін айта кетуге болады. Әйгілі шахматшы әзірбайжан қызы сол жолы Әбекеңе «Шынайы ықыласпен – лайықты қарсыласыма!» -деп ескерткіш ретінде қолтаңба жазып қалдырған болатын.

Дүние саларынан бір күн бұрын Нау­рыз мейрамы құрметіне орайластырылып, бес команда арасында Жоғарғы Сот ғимаратында ұйымдастырылған жолдастық кездесуге бірге қатысқан едік. «Сенің ойын-өрнегің жаман емес, тек уақыт жағына мұқият болуың керек. Сенат Аппаратының намысын қорғау үшін аянбайық»-деп ақыл-кеңесін де айтқан болатын. Сол күні кешке салым жүрегі қысып, жедел жәрдем шақырылады. Ертесіне түске таман қайғылы хабар келіп жетті.

...Міне, ақтық демі таусылғанға дейін өзінің айнымас серігі болған шахматқа, аудармашылық қызметіне адал болған, зейнеткерлікке жете алмай арманда кеткен Әбен досымның Өшпес өнегесі кейінгі толқын жастардың, жадында мәңгілік сақтала бергей.

Қапез ҚОЖАХМЕТОВ,
журналист, аудармашы

30 маусым 2019 ж. 1 115 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031