Полковник журналист
Әріптес журналист туралы жазу бір жағынан оңай болып көрінгенімен, қалам тарта бастағанда кібіртіктей бастайсың. Оңай болып көрінетіні, әріптесіңді таныстырып жатудың қажеті жоқ, ол өзін мақала-әңгімелерімен оқырманына баяғыда таныстырып қойған. Ал қиын болатыны, сол танымал әріптесің туралы жазудың оңай еместігін байқайсың. Нені айтса да оқырманының ойынан шыға білетін журналистің өзі секілді жеткізе алсақ қой, деп ойлайсың. Төл мереке қарсаңында мен білетін, дұрысын айтқанда, біз білетін Сәдуақас Жұбатов жайлы аз-кем әңгіме қозғауды жөн көрдік.
Екеуміз Алматы қаласындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетінде алты жыл сырттай бірге оқыдық. Мен Оралда, ол Алматыда, басқа да жан-жақтан келетін курстас достарымыз бар, оқуымыз басталғанда басымыз қосылып, мәре-сәре болушы едік.
Енді міне, екеуміз де зейнеткерміз. Мен жасына байланысты шыққан зейнеткер болсам, ол әскер саласында жүріп, «сәл» ертерек шығып қойған зейнеткер. Қазір Астана қаласында қайтадан басымыз қосылып, отбасымызбен араласып тұрамыз. Ол мені «тележурналист», мен оны «полковник журналист» деймін. Осы бір ауыз сөзде біздің қай салада істегеніміз көрініп тұр. Әрине, қай нәрсенің де оңай келмесі анық, сол сияқты әр саланың жетістігіне жету үшін талай тер төгуге тура келеді.
Пионер тілші
Қазіргі жастар Кеңестік кезең кезінде республикамыздың түкпір-түкпіріне кеңінен тараған, оқушыларға арналған «Қазақстан пионері» газетін біле бермес. Сәдуақас өзі туып өскен ауылындағы Сарбұлақ сегіз жылдық мектебінде оқып жүргенде-ақ осы газеттің штаттан тыс тілшісі атанған. Газет жыл сайын оқушылардың жазғы каникул кезіндегі әсерлерінен шағын әңгімелер байқауын өткізіп, жас тілшілердің талабын қолдап, жеңімпаздарын марапаттап жататын. Жетпісінші жылдардың аяғында екі жыл қатарынан өткен «Сол бір жазда», «Жазғы жаз әсерлері» атты байқауда Сәдуақас бірінші орын алады.
«Марапаттың ең үлкені Фариза апайдың ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсуге берген жолдамасы болды», – деп еске түсіреді Сәдуақас сол жас тілшілік кезін. – «Қазақстан пионері» газетінің сол кездегі бас редакторы, қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова 1979 жылы мектеп бітіріп жатқан штаттан тыс тілшілері – оқушыларын қолдауды ұйғарғаны біздің арманымызға қанат бітірді. Елдің әр түкпірінен үш ұл, үш қызды таңдап, мектеп бітірген соң Алматыға келіп, редакцияда бас қосулары туралы хат келгенде, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Фариза апай қол қойған жолдама қағаз қолымызға тиген күнді ешқашан да ұмытпаймын. Осы пионер тілшілер ішінен Әнуарбек Әуелбеков қазір «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болса, Мұратбек Тоқтағазин Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің студент-тілшілерін оқытады».
Пионер тілші Сәдуақас ауылда мектепте оқып жүргенде, жас қаламын шыңдаған тағы бір газет, Қазалы аудандық «Ленин туы», қазіргі «Қазалы» газетін де өзінің шығармашылық ұстазым деп есептейді.
Қаламын ұштаған «Ленин туы»
Сол кездегі аудандық газеттердің де ауылдан, сырттай жазып жүрген авторларын, штаттан тыс тілшілерін ауық-ауық марапаттап, алғыс хаттарын, қаламақыларын жіберіп тұратын жақсы үрдісі бар еді. Сәдуақас оқушы болса да ауылындағы еңбек адамдарын қал-қадірінше аудандық «Ленин туы», облыстық «Ленин жолы» газеттеріне жариялап тұратын.
Бірде ол алыс-жақын ауылдардан мақала жазатын, жұмысшылар туралы қалам тербейтін штаттан тыс тілшілердің басын қосатын семинарға шақырту алады. Басқосу аудандық «Ленин туы» газетінің редакциясында өтеді. Газет редакциясының есігін бұрын-соңды ашып көрмеген оқушы Сәдуақас келуін келіп алып, өзінен көп үлкен ағаларына жақындауға батылы жете қоймайды. Сөйтіп, оларға бірден араласып кете алмай, шет жақта тұрса керек. Басқосу басталмастан бұрын аудандық газеттің фототілшісі редактордың тапсырмасымен штаттан тыс тілшілерді суретке түсіріп алу үшін жүгіріп жүреді. «Біздің штаттан тыс тілшілер» атты қабырғалық жасалмақшы екен. Содан не керек, бәрін түсіріп болған фототілші Сәдуақасты көрсе де елемейді, бұл жерде оқушы бала не қылып жүр деп ойласа керек.
– Сарбұлақ ауылынан жазатын Сәдуақас Жұбатов деген штаттан тыс тілшіміз келмеген бе, – деп жиналғандардан қайта-қайта сұрайды. Ешкім үндей қоймайды.
– Мен едім, – деп Сәдуақас бір кезде оның қасына барады.
– Мә, жап-жас болып, сен де тілші болып жүрсің бе, – деген екен сонда фотограф ағасы.
Кейін «Ленин туы» газетінің сол кездегі редакторы Сейіл Боранбаев жас тілшінің қадамына қолдау білдіріп, батасын береді. Мектеп бітірген соң журналистика факультетіне оқуға түсуге ақыл-кеңесін айтып, оған аудандық газет атынан жолдама жазып, ақ жол тілейді.
Сөйтіп, «Қазақстан пионері» мен «Ленин туы» газеттерінің қос бірдей жолдамасына ие болған Сәдуақасқа журналистикаға барар жол ашылады.
«Өркеннен» өскен
1986 жылы Алматы қаласында орын алған желтоқсан қозғалысының немен аяқталғанын қазір жұрттың бәрі біледі. Тарихшыларымыз желтоқсандық бас көтеру оқиғасын құлауға жақындаған Кеңестік дәуірдің алдындағы қоғамдық, азаматтық ой-сананың сілкінісі, тәуелсіздікке, азаттыққа ұмтылған қозғалысы деп баға бере бастады. Қалай айтсақ та, жастар қозғалысы сол кездегі биліктің зәресін кетіргені рас. «Лениншіл жас» газеті бар екенін біле тұра, билік идеологиялық тәрбиені күшейту мақсатында 1987 жылы Алматы қалалық комсомол газетінің органы «Өркен» – «Горизонт» апталық газетін шығару туралы қаулы қабылдады.
Сәдуақас осы газетте 1989 жылдың сәуір айына дейін тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Газеттің қазақшасын күшейтеміз дегендері үшін тағы да компартияның қудалауына ұшырады. Бірақ мұның бәрі «Өркеннің» жігерін өшіре алмады, қайта шыңдай түсті. Ол жас та, кәрі де іздеп жүріп оқитын республикалық газетке айналды. «Өркен» Сәдуақастың да шығармашылық өсуіне, газет жұмысын ұйымдастыруда тәжірибе жинауына үлкен мектеп болды. Жастық жігерін жани түскен осы жастар газетінде істей берер ме еді...
«Құрылысшы» журналист
– Бірде «Өркен» газетін шығарудың түнгі кезекшілігінде жүргенде «Социалистік Қазақстанда» істейтін қазалылық жерлес ағам Ермек Зәңгіровті көріп қалдым, – дейді Сәдуақас шығармашылық жолының тағы бір кезеңін еске алып.
– Інім, пәтер мәселесін шешетін жұмыс болса, барар ма едің? – дейді амандық-саулықтан соң, оның пәтер қиындығын көріп жүргенін білетін ағасы.
– Баруға болар еді, – дейді ол көп ойланбастан.
– Ендеше, «Домостроитель» газетінің қазақ басылымына редактор керек, соған бар, маған айтып еді, «СҚ-ыны» қимаймын, оның үстіне пәтер алар кезегім де келіп қалды, – дейді Ерекең.
Сөйтіп, студент газетін құрылысшылар газетіне ауыстырған Сәдуақас 1989 жылдан 1995 жылға дейін сол «Құрылысшы» газетін басқара жүріп, Алматы үй құрылысы комбинаты тарағанша жұмыс істейді. Құрылыс пен құрылысшылар, жастар мәселесі, жатақхана жағдайы туралы мақалалар жазады. Бала-шағасын қуантып, пәтерлі болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, Алатау аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін де қоса атқарады. Қазақша балабақшалар мен мектептер ашуда бұл қоғамдардың қосқан үлестері өз алдына бөлек әңгіме.
Полковник редактор
1995 жылдары өндірістің өзге салалары секілді құрылыс мекемелері де үлкен қиындықтарды бастан кешірді. Ірі комбинаттар жабылып, не болмаса жекенің қолына өтіп, көптеген өндіріс орындары қысқара бастады. Газет түгілі бас қайғы болатын кезеңдер еді ол.
Тәуелсіз еліміздің армиясына да әскери кадрлармен бірге, тіл білетін, газет жұмысын ұйымдастыра алатын мамандар қажет болды. Іздегенге сұраған дегендей, мерзімдік қызметін өтеген әскери билеті бар Сәдуақас Жұбатов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері қатарына шақырту алады. Бұл әскер қазір Ұлттық Ұлан деп аталады. Сәдуақас осы әскерде 1995 жылдан бастап 2013 жылдың аяғына дейін абыройлы қызмет етті. Әскердің «Қалқан» газеті мен «Бүркіт», «Ішкі әскер жаршысы» журналдарын басқарды. 2012 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің М.В.Фрунзе атындағы Жалпы әскери академиясын бітіріп, полковник әскери атағын алды. Бас редактор қызметін атқара жүріп «Ішкі әскер: ерлік дәстүрі», «Ішкі әскер: дәстүр жалғастығы», «Ішкі әскер: дәстүрге адалдық», «Бүркіт» – Ішкі әскер қырандары» және тағы басқа кітаптардың жарыққа шығуына басшылық жасады. «Ішкі әскер маршы», «Қазақстан – Отаным», «Ер бол» және басқа жауынгерлік, саптық әндерге өлеңдер жазды. 2016 жылы «Асылдың тұяғы» жаңа кітабын жарыққа шығарды.
Сәдуақас Жұбатовтың Отан алдындағы, Ішкі әскер қатарындағы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан, өзі қызмет еткен әскер басшылығы тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл», ІІ-ІІІ дәрежелі «Қазақстан Қарулы Күштеріндегі мінсіз қызметі үшін», «Ерекше қызметі үшін» медальдарымен, «Қазақстан Қарулы Күштеріне – 10 жыл» мерекелік медалімен, «Борышына адалдығы үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне – 25 жыл», І-ІІ дәрежелі «Қайсар» кеуде белгілерімен марапатталды.
Запастағы полковник Сәдуақас Жұбатов қазіргі уақытта Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарасты мекемеде қызмет істеп жүр. «Зейнеткерлікке шыққаным жақсы болды, – деп әзілдейді әріптесім. – Әскери тақырыптан гөрі, енді көптен бері қалам тартпаған туған жер жайлы жазуға уақыт табатын болдым. Сондықтан шығармашылық жолымның бастауы «Қазалы» газетімен хабарласып тұрамын».
Қайда жүрсе де Қазалы өңірін, Сарбұлақ ауылын аузынан тастамайтын әріптесімнің өзінің өсіп-өнген туған жері, оның адамдары туралы жазатынына, жаза алатынына сенеміз. Ол шын мәнінде біздің нағыз полковник журналисіміз.
Қатардағы қаламгерден полковник редакторға дейін өскен әріптесімізге шығармашылық шабыт, қажымас қайрат тілейміз!
Баян МҰХАМБЕТӘЛИЕВ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
Астана қаласы.