Блогерлердің бартер жасап, сыйлық алуы табысқа жата ма?
Фото: freepik.comӘлеуметтік желілердегі жазбалар табыс табу мақсатында жарияланса, ол кәсіпкерлік қызмет болып саналады.
Бұл жөнінде Мемлекеттік кірістер комитеті департаменті директорының міндетін атқарушы Ерқанат Шыңберген мәлімдеді.
«Табыс ретінде тек ақшалай қаражат қана саналмайды. Белгілі бір мүлік болсын, сыйлық болсын – ол да табыс болып есептеледі. Соған сәйкес, тиісінше салық төленуі қажет. Көбіне жарнама фактілеріне назар аударамыз. Себебі блогерлер жарнама арқылы табыс табады. Жалпы әлеуметтік желілерде табыс табу мақсатында жарияланым болса, бұларды міндетті түрде кәсіпкерлік қызмет деп есептейміз», – дейді комитет өкілі 24KZ арнасына берген сұхбатында.
Түрлі мемлекеттік органдар мен банктерден алынған ақпараттар талданып, декларациялармен салыстырылады. Егер деректер декларацияда көрсетілген ақпаратпен сәйкес келмесе, яғни, салық төлемеу немесе кірістерді азайтып көрсету секілді мәселелер байқалса, камералық бақылау нәтижесі бойынша азаматқа хабарлама жолданады.
Хабарламаны орындаудың екі тәсілі бар. Біріншісі – декларацияда сомаларды көрсетіп, тиісінше салық төлеу. Екінші тәсіл – егер салық төлеуші көрсетілген заңбұзушылықтармен келіспесе, түсіндірме арқылы дәлелдеу. Ол үшін 30 күн беріледі.
Комитет әлеуметтік желілерде танымал 850-ге жуық блогерден 500 млн теңгеге жуық салық өндірген. Камералық бақылаудың нәтижесінде бұл азаматтар тапқан табысы үшін салықтан жалтарғаны анықталып, тиісті шара қолданылған.
«Мысалы, 2022-2023 жылдар үшін былтыр камералық бақылау жүргізілді. Жалпы 80 мыңға жуық азамат камералық бақылауға түсті, оның ішінде, әрине, блогерлер болды. Олардың саны 850-ге жуық», – деді Ерқанат Шыңберген.
Осы 850-ге жуық азаматтан 500 млн теңгеге жуық салық өндірілді.












