Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордадағы құрылыс нысандарымен танысты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қаланың сол жағалауында пайдалануға берілген нысандармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Президентті ҚР Үкіметі бекіткен қаланың бас жоспарымен таныстырды. Сол жағалаудағы жаңа қаланың жалпы аумағы 1532 гектарды құрайды.
Алдағы уақытта сол жағалауда Неке қию сарайы, 900 балаға арналған мектеп, отбасылық медицина орталығы, бизнес орталығы, 300 орынға арналған көп салалы аурухана, 300 балаға арналған физика-математика бағытындағы орта мектеп, тұрғын үйлер бой көтереді. Былтыр аталмыш аумақта электрлендіру, су желісін тарту, газдандыру, канализация мәселелері, интернет толық шешімін тапты.
«Бүгінде Қызылорда қаласында 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай тұрғындар саны 350 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туындады», - деді Қырымбек Көшербаев.
Қазіргі уақытта сол жағалауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы алғашқы жарты жылдықта 460 пәтерлік көп қабатты 8 тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан басқа коммерциялық мақсаттағы әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша көп қабатты 28 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Биыл сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде аз қамтамасыз етілген көп балалы 431 отбасыға беріледі.
Қазіргі таңда мұнда бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілген. Солардың бірі - «Қазақстан тарихы» музейі. Бұл ғимарат бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша құрылысы қайта салынды. Қазір мұнда «Рухани жаңғыру» орталығы мен мұражай орналасқан.
Айта кетерлігі, кезінде аталмыш тарихи ғимаратта 1925 жылы республика атауы Қазақ деп өзгертіліп тарихи шешім қабылданған болатын. Тоқсаныншы жылдардың басында бұл ғимарат бұзылып кеткен еді. 1925-1929 жылдарда Қызылорда қаласы Қазақстанның астанасы болды.
Мамыр айының алғашқы күндерінде сол жағалауда жастарға қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Жастар орталығында IT-park, антикафе, интернет, кітапхана, жаттығу залы қарастырылған және тәулік бойы жұмыс істейтін болады.
Орталықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ жастарымен кездесті. Жүздесу барысында Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің түлегі Жазира Смаилова жас ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлығы мен қолдауы үшін өз ризашылығын білдірді.
2014 жылдан бастап Қызылорда облысы басшылығының қолауымен қызылордалық мектеп түлектері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетерлігі, 2018 жылы 32 түлек оқуын тәмамдап, аймақ кәсіпорындарынада еңбек жолын бастады. Биыл тағы да 132 білім алушы оқуын бастайды деп күтілуде.
Біз бұдан бұрын Қазақстан Президентінің Қызылорда облысына жұмыс сапары басталғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ҚР Президенті Қызылордада балалар ауруханасы мен күріш өндеу зауытында болды.