Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы сөз жан семіртеді

Жақсы сөз жан семіртеді

Қазақта “Қарғыс алма, алғыс ал” деген тамаша өсиет бар. Біреудің ризашылығына бөлену адамға үлкен рухани күш береді. Алғыс білдіру адамдар арасындағы өзара құрметті көрсетеді. “Ел алғысын алсаң елеулісі боларсың” деп аталар ұрпағына үнемі алғыс алуды өсиет етіп отырған. Игі үрдіс адамның адамға деген шынайы ниетін білдіреді. Бабалардан қалған ибаға толы әдеп бүгінде ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда.
Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасы Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатының жемісі. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностың миллиондаған өкілінің құтты қонысына айналған қасиетті өлке мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Ата-бабамыз қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Ол бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды деп мақтанышпен айта аламыз. Ал қазалылық өзге ұлт өкілдері бұған не дейді?

Лена АНДРЕАДИ, теміржол ауруханасының жансақтау бөлімінің аға мейіркеші:
– Алғыс, ризалық сезімі аясындағы бата-тілек айту – халық психологиясының қуатты болмысын дәлелдейтін дәстүр. Қазақтар тумысынан кез келген игі іске ақ батасын беруді әдетке айналдырған. Ол әдет-ғұрып әдепке айналған. Алғыс айтумен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Қуанышты мерекені заңды бекіткеннен бері оны жылдың ең қадірлі күні деп қабылдаймын. 
Бүгінде жансақтау бөлімінде жұмыс істеймін. Мұнда өлім мен өмір арасында жанталасқан қаншама науқас түседі. Ота жасалады. Ауыр халде жатқан оларды аман алып қалу үшін жан-жақты ем-дом жүргіземіз. Сондайда алғысын батамен жеткізеді. Бұл – үлкен тәрбие. Алғыс айту үшін арнайы күнді күтпей, мүмкіндік болып жатса жақсы сөз айтудан жалықпаңыз. Бұл – әдептіліктің белгісі. Жақындарыңызға ризашалық білдірудің бір әдісі. Көңілді жадыратып, жақсылыққа жетелейтін сиқырлы сөз.

Елена КИМ, кәсіпкер:
– Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдайтын күн саналады. Репрессия мен жер аудару жылдарында қазақ халқы көрсеткен мейрімділік пен ақ пейілділік, қолда бармен бөлісу сынды рухани дәстүрлердің жаңғыртылатын сәті.
Менің ата-әжем Қазалыға жер аударылып келгенде қазақтар қолындағы барымен бөлісіп, жылы шырай танытып, туысындай араласқан. Ата-анам осы жерде өсіп-өніп, тамырын тереңге жайған. Бәлкім соның өтеуі болар, тағдырдың жазуымен қазақ шаңырағында келіндік қызметімді атқарып жүрмін. Жұбайым Талғат екеуміздің отасқанымызға жиырма жылдан аса уақыт өтті. Қазір Нұржан, Диана, Данияр есімді ұл-қызды тәрбиелеп отырмыз. Ақыл айтып, үй шаруасында көмек қолын созатын енем де бар. Осы күндеріме “шүкір” деймін. Жаны жайсаң жақсыларға айтар алғысым шексіз.

Валерий ШАМИН, жолсерік:
– Қазақ халқында “Батаменен ел көгерер” деген жақсы сөз бар. Ол жүрегі кең, мейірімді, адамгершілік қасиетке бай ұлт екендігінен хабар береді. Қазақ әрбір кішкене жақсылықты бағалай білгендіктен әр іске ризашылығын білдіреді. Бұл әрдайым жаныңды жадыратары сөзсіз. Жалпы алғыс айту күні – шынайы көңіл мен ыстық ықыласты жеткізетін мереке деп қабылдаймын. Оның басты маңыздылығы толеранттыққа тәрбиелеу және әртүрлі халықтардың мәдени дәстүрлерін зерттеу арқылы өскелең ұрпақ бойында рухани-адамгершілікті дамыту деп білемін. Барлық этностардың бір-біріне және қазақтарға алғыс айтуы, мейірімділік пен достық және сыйластық пен сүйіспеншілігі негізінде көпұлтты Қазақстанның бірлігін сақтауға септігін тигізеді.
Негізінен менің атамның атасы ұлы Петр патшалық құрған кезеңде Ресейден Оралға, Оралдан Қазалыға қоныс аударып келген. «Аш-жалаңаш арғы атамды қазақтар асырап алған» деген әңгімелерді бала кезімде үлкендерден естігенмін. Арғы тектерім өле-өлгенше Ұлы дала халқына алғыс айтумен кеткен екен. Оларды “староверлер” деп атайды.
Алғыс айту күні тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу деп санаймын.

Замира МҰРТАЗА, Б.Мергенба­ев атындағы №226 гимназияның 8 сынып оқушысы:
– Бұл мереке бүгінгі ұрпақты достық пен бірлікке жетелейді. Қазақ халқының бауырмал және қонақжай екеніне біздің де көзіміз жетті. Менің ұлтым – өзбек. Біз Қазалы жеріне ұзақ жылдар бұрын көшіп келдік. Ата-бабам осы жерде егіншілікпен әрі диқаншылықпен айналысқан. Олар жергілікті тұрғындардан өзгеше болғанымен де қазақ халқымен тез жақындасып, салт-дәстүрін ұстанды. Әлі күнге дейін бізді ешкім шеттетіп, бөлектетпейді. Мен оқитын мектеп өте тамаша. Мұғалімдері де, оқушылары да кішіпейіл, әрқашан көмек қолын созуға дайын.
«Елдің іші береке, көптің іші мереке» деген. Баршаңызды «Алғыс айту күнімен» шын жүректен құттықтаймын.

Түйін
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев көктемнің алғашқы күнін – 1 наурызды «Алғыс айту күні» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойғаннан бері қазақстандықтар айтулы мерекені зор қошеметпен атап өтуде. Себебі Алғыс айту ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты мықтап бекіте түседі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


02 наурыз 2019 ж. 3 918 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930