Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажал айдынындағы құстар

Ажал айдынындағы құстар

Алып зауыттың шетіндегі тереңдігі сегіз метрге жуық, ат шаптырымдай жерге жайылып жатқан көгілдір көл, бөгде адамдардың назарын бірден аударатын еді. Екі шақырымдай жерде алтын қазатын шахта, батысқа қарай қазып алынған топырақтан, алтынды ажыратып өңдейтін завод бар. Бұл – сол зауыттан келіп жатқан қалдық, химиялық элементтердің неше атасы араласып кеткен улы су еді. Бұл суда бақа-шаян, балық, суда сызып салатын сары бас жылан дегендерің аты-затымен жоқ. Қолымыз қалт еткенде ермек болсын дегені шығар екі-үш жыл бұрын тосыннан пайда болған көлшікке осындағы бастығы бар, басқасы бар, жабылып майшабақтарды сонау ит өлген жер, жол азабы жеті жүз шақырымдық шаһардан әкеліп қоя берген. Ертесінде талайы тырайып «жүзіп» жүрді. Басекеңдер «жер шалғай, жерсінбедіге» балап, жылы жаба салған.
Алтын қазушылар қызықтың көкесін сол жылы құс қайтқан мезгілде көрді. Сонау қырық шақырымдағы көкке шыңын тіреп тұрған таулардың қырқасынан қиқулаған бір топ сарыала қаз ұшып кеп қона бастаған. Бір мезгілде шахтаның сыртында жүрген жұмысшылар жағасын ұстап, жаратқанға жалбарынды-ай дерсің. Олар тым оғаштау көрніске куә болған-ды. Тұмсықтарын көгілдір көлге тыққылап су перісіндей сылаңдаған сұлулардың аяғы аспаннан келіп, улы судың жиегінде сұлап жатқан еді. Сол күннен бастап құс қанаты келгенде, құс қайтатын күз айларында бұл улы суға келіп шомылып, ажал құшатын қаз-үйректердің, ақ шағыл шағалалардың, одан да басқа «қанатты мақұлықтардың» өлігі сасып жататын болып алды...
Төрт жыл табанын тоздырып табақтай дипломға қолы биыл жетсе де, ала жаздай алашапқын болып жұмыс іздеген Ақжан алтын қазатын шахтаға жұмысқа тұрған. Мамандығы қаржыгер, мұндағы қызметі күзетші. Шахтаның іші-сыртын бөгде жүргіншілерден қориды, қала берді күндіз-түні дамыл көрмей шаптары терлеп шапқылайтын көліктердің бұзылғаны болса, оған көз қырын салып қою мұның негізгі жұмысы. Қаладағыдай емес, мұнда орман-тоғай жоқ, жазық дала. Сондықтан, күздің келгенін жапырақтар жаңбырынан білетін қаланың баласы, бұл жолғы жеткен күзді құстардың жылы жаққа қарай сапар шеккенінен аңдаған болатын. Күз келісімен бірге бұл күзетшілігіне тағы бір жұмыс жамап алған. Кеше осындағы шахта күзетіне жауап беретін шартық қарын, шабан жүрісті бастығы шақырды.
– Шақырған шаруам былай, анау зауыттың артындағы су толған құстың өлексесі. Бұл не? Тазарту керек – деген-ді, бұл кіріп барғанында.
– Ол күзетшінің шаруасы ма, күзетші қызметіне жатпайды ғой – деген Ақжан таңданып.
– Улы көлшіктегі құстардың өлексесін тазалау үшін арнайы бригада құруым керек пе? Сөзді қысқарт. Жақын күндері экологтар тексеруге келеді – деп турасын айтты. Сонымен сөз тәмәм. Бұл бүгін таңертеңнен бастап көгілдір көлдегі құстардың өлексесінен тазарта бастаған. Қасында егде жасқа тақап қалған Дәуітқан есімді тағы бір күзетші бар. Бұл екеуіне жүктелген жұмысты естігенде, бастықтарды кекетіп:
– Сарыала таңнан серейіп тұрғанша, әй бала, сейіл қылайық! – деген ыржалақтап. Содан бұлар көгілдір көлшіктің бетінде дәм-тұзы таусылып, осыдан бір-екі үш сағат бұрын қос қанатымен көкті тіліп қалықтаған құстардың өлексесін жинауға кірісіп кеткен.
– Сонда аға, келген, қайтқан құстар бұлай өле берсе жер бетінде құс қырылып қалмай ма? – дейді бұл. Табиғаттың зауалынан емес, адамның қажеттілігінен қырылып жатқан құстарды жинап жүріп.
– Көріп тұрсың ғой. Көлшік пайда болғалы бері он жылдан асты. Әлі аспанда құс жетерлік. Барлық құстардың ұшу бағыты біздің шахтаның үсті емес қой. Ажалына бастағандар осы ажал айдынына келіп жығылады – дейді Дәуітқан күзетші мұның құстарды шын аяғанын сезіп.
– Сонда мұны неге құртпайды. Мұндай улы тоғандар барлық алтын қазатын аймақта бар ма?
– Бар. Барлық алтын қазатын аймақтың айналасы дәл осындай шұрқ тесік. Барлығының да суы улы. Алғашқы жылдары құртып көрген. Ештеңе шықпады. Камаздармен тасып көмбек болған, оған дүниенің топырағы керек екен. Жұмысшылар осы көлді көме ме, әлде алтын қаза ма? – деп Дәуітқан сұраулы жүзін Ақжанға қадайды.
– Экологтар ештеңе істемей ме?
– Ой, олар не шешер дейсің, келеді аузына тығады, кетерде тағы. Сосын салпақтап кері қайтуға мәжбүр.
– Аға, сонда мұның суы улы болатыны неліктен? – дейді бұл тағы да.
– Улы болмай қайтсін. Алтын мен топырақты айыру үшін, химиялық улы қоспа қосады. Сонда алтыны бір бөлек, шайылған топырағы бір бөлек, құрамында қоспасы бар улы су осылай қарай ағып шығады.
Ақжан күн салып тұрып аспанға қарады.Жылы жаққа қанат қағып бара жатқан жыл құстары көрінді. Зау көкте, заңғар биікте көздері шалса керек, көк жүзінде тынымсыз қанат қаққан қос қанаттылар қаталап қалғандай, ақ айдынға қона бастады. Дәуітқан айтқандай: «Ажал айдынындағы құстар» ұзақ жүзді. Расында да ажал айдап келген болар.
Қуат ҚИЫҚБАЙ
05 ақпан 2019 ж. 2 346 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031