Бала құқығы қорғаусыз қалмайды
Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналық сөзі көбіміздің жадымызда. Шындығында да тәрбие мен білім егіз ұғым. Бүгінгі жас өскіндерді үлгілі азамат етіп қалыптастырамыз десек қоғамдық ортада осы мәселеге мықтап мән берілгені мақұл.
Осы ретте аудандық білім бөлімі тарапынан кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағында бірқатар іс-шара жүзеге асырылып отыр.
Тиісті сала мамандарының айтуынша, аудан мектептерінде «Кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2018 – 2020 жылдарға арналған ведомствоаралық бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары» жасалған.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау жөніндегі жауапкершілігі күшейтілді. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және үй-жайдан тыс жерде болуын анықтау бойынша мектеп инспекторлары, полицияның жас көмекші отрядтары, ата-ана мен мұғалімдерден құрылған ерікті жасақшылармен бірге жұма, сенбі және мереке күндері сағат 22:00-ден бастап кезекшілік ұйымдастырылуда. Тоқсан сайын «Түнгі қаладағы балалар!», «Жасөспірім», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», тақырыптарында бірлескен рейдтер өткізілуде.
Сондай-ақ, бөлімінің білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға арналған мобильді топ құрылды. Оның құрамына мектеп басшылары, учаскелік немесе мектеп полиция инспекторлары, заңгерлер, қоғамдық ұйым мен ата-аналар кеңесі өкілдері тартылды.
Бұл топ белгіленген жұмыс жоспарына сәйкес «Жасөспірім және заң», «Жасөспірім және қылмыс», «Ұрлық түбі – қорлық», «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды», «Заң білмеген зардап шегеді», «Оқушы ережесін сақтау тәртіптілік белгісі», «Әр адам өз іс-әрекетіне жауапты», «Қылмысқа не итермелейді?», «Өз құқығымыз бен міндетімізді білеміз бе?» сияқты тақырыпта кездесу мен дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Мобильді топ мүшелерінің бастамасымен мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу туралы қолданыстағы заңдылықтарды түсіндіру мақсатында мектеп оқушылары үшін ай сайын, педагог қызметкерлермен тоқсан сайын жалпыға бірдей құқықтық оқыту жолға қойылды. 5-11 сынып оқушылары арасында «Жас заңгер» үйірмесі жетекшілері және мектеп инспекторларының бастамасымен түрлі тақырыпты қамтыған 102 лекция, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталмыш шара барысында мектеп шәкірттеріне қатысты қылмыстарды (бопсалау, тонау және ұрлау) анықтау және жолын кесу мақсатында оқушылар арасында бірнеше рет анонимді сауалнама жинақталды.
Оқу жылы барысында 10 қолайсыз отбасы есепке алынды. Бұл топтағы балалардың барлығына білім беру мекемелерінен қоғамдық негізде тәрбиеші тағайындалып, әлеуметтік картасы жасалып, арнаулы есепке қойылып, үнемі бақылауға алынуда.
Аудандық полиция бөлімінде өткен жылы 11 мектеп оқушысы әр түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін профилактикалық есепке алынса, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бері мұндай фактілерге жол берілмеді.
Жас өспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында аудан бойынша барлық мектептерге бейнебақылау камерасы орнатылды. Аудандық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, бұл жұмыстар 2017 жылы толықтай аяқталды.
Білім беру мекемелерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, балалар еңбегін қанаудың алдын алу бағытындағы жұмыстар да қатаң бақылауда ұсталады. Аудан орталығында орналасқан базарлар мен жанар-жағар май бекетіне, ауылдық округтерде орналасқан қожалық пен жеке кәсіпкерлерге бала еңбегін пайдалануды болдырмау бойынша үндеу хат таратылды.
Аудан мектептері жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күндік» Ұлттық ақпараттық науқан салтанаты «Сенің білімің – сенің қауіпсіздігің» тақырыбындағы ойын-сауық бағдарламасымен ашылды. Оқушылар арасында мектеп инспекторларының және құқық пәні мұғалімінің қатысуымен «Бала еңбегі – қатыгез шындық» тақырыбында лекция оқылды. Бала еңбегін қанауға қарсы кәмелетке толмағандардың қараусыз, қадағалаусыз қалуының, олардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған рейдтер жүргізілді. Тексеру кезінде беймезгіл уақытта жүрген, қараусыз, панасыз қалған оқушылар анықталмады.
Мектеп оқушылары арасында «Зорлықсыз әлемді қалай құрамыз?», «Қатігездіксіз балалық шақ», «Бала зорлығына жол жоқ», «Бақытты балалық шақ», «Бірігіп әлемді өзгертеміз» тағы басқа да тақырыпта эссе жазу және сурет салу байқаулары болып өтті.
Аудан мектептерінде ата-аналардың қатысуымен «Отбасындағы зорлыққа жол жоқ» тақырыбында семинар, отбасы ынтымақтастығы туралы тренинг өткізіліп, мектеп психологтары пайдалы кеңестер ұсынды. Учаскелік және мектеп инспекторларын қатыстыра отырып, 8-11 сынып оқушылары арасында лекция оқу, ережелермен таныстыру, бейнеролик көрсету шарасы жүргізілді. Мектеп психологтарының ұйымдастыруымен психологиялық тренинг ұйымшылдықпен атқарылды.
Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Болашақта да аудандық білім бөлімі Қазалы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мен бірлесе отырып, жас өскін шәкірттер арасындағы құқық бұзушылық оқиғаларын болдырмау жөніндегі жұмыстарды жандандыра береді.
Сахи ҚАПАР