Тірлігі бекем таратушылар

Сонымен қатар, серіктестікке қарағалы бері газет редакциясы жанынан тарату бөлімі ашылып, жүйелі жұмыс жасап келеді. Бұл бөлімде отыз бес таратушы тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуге күш-мүмкіндікті жұмылдыруда.
Күйбең тірлікке толы таратушы жұмысының қызығымен қатар қиын тұстары жетіп артылады. Қыс мезгілінің қақаған аязына, шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан «оқырмандар газетті уақытылы оқысын» деп еңбек ететін таратушыларда тыным жоқ. Алайда, кейбір тұрғын үйлердің сыртында арнайы пошта жәшігінің тұрмауы, көше атауы мен үй нөмірінің жазылмауы біраз қиындық туғызатындығы жасырын емес.
Олар: «Бірнеше көшеге газет таратамыз. Көп жағдайда газет-журнал салуға арналған арнайы жәшіктің болмауынан есікке қыстырып кетуге тура келеді. Газет таратқан уақытта жұмыста болған үй иелері келгенше ауа райының желді, жаңбырлы күнінде газет ұшып немесе ылғалданып қалатын сәттер де кездеседі. Бұндайда тұрғындар таратушыларға ренішін білдіріп жатады. Екі тарап арасында осындай түсініспеушіліктің туындамауы үшін әр үйде көше атауы, арнайы пошта жәшігі орналастырылса», – деген өтініш-тілегін жеткізді.
Ал, «Қазалы» газеті тарату бөлімінің менеджері Арман Оразғалиевтың айтуынша, тарату бөліміне газет әр аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбісінде баспаханадан жеткізіледі. Осы күндері тұрғындарға газеттер таратылуы тиіс. Әйтеке би кентінде 15, Қазалы қаласында 2, ауылдық округтерте 20 таратушы бар. Әріптестердің барлығы дерлік жұмысына жауапты. Бастапқы кезде қиындық кездескені рас, қазіргі таңда таратушылар көшелер мен үйлердің реттілігін жақсы біледі.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА