Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Науқас, Google және емші апа

Науқас, Google және емші апа

Бұрын жығылып қалған баланың аяғындағы жараға жалбыз жапсырып, тіпті топырақ жағып-ақ емдеп алуға болатын. Қазір өмір сүру салты да, ауру түрлері де өзгерген. Сол себепті мұндай ем түрлері шипа бола бермейді.

Дегенмен, арамызда дәрігерге жүгінгеннен гөрі, өз-өзін емдеп алуға тырысатындар қатары азая қойған жоқ. Осы орайда дертіне шипаны емші ападан, ғаламтордағы кеңестерден іздейтін адамдар мен дәрігерлердің пікірін біліп көрдік.

Қолжетімді «дәрігер»: емші апа

Сырқаттанып қалған адам үшін емші апа, интернеттегі кеңестер мен дәріханашы – емделудің ең жеңіл, әрі төте жолы болып көрінеді.

«Көршімнің баласы ауырғанда осы антибиотикті беріпті. Балам ауырғанда мен де сол антибиотикті беріп көрдім», «Бала көтере алмай жүргенде әулиелердің басына түнеп, сәби сүйдім» деген әңгімелерді өміріңізде бір рет болсын, естіп көрген боларсыз. Дәл осындай жолмен еміне шипа тапқандар да бар.

Алматы қаласының тұрғыны Інжу қызының көзіне теріскен шыққан кезде емші апаның көмегіне жүгінгенін айтты.

«Былтыр қыста қызымның көзіне теріскеннің бір түрі шығып, кетпей қойды. 2 ай бойы дәрігерлердің айтқандарын жасаумен болдық. Ем қонбаған соң дәрігерлер қызымның көзіне мини-операция жасау керектігін айтты. Шыны керек, қызымның көзіне тыртық қала ма деп қорықтық. Сөйтіп енем бір емші апаға барып, оны емдеу жолын айтып келді. Жұмсақ қуыршақты алып, көзіне ине қадап, ұйықтап жатқан қызымның жастығының астына салып қойдық. Оянған кезде қуыршақты алып, өртедік. Үш күн өткен соң қызымның көзіндегі ірің жарылып, жазылып кетті. Бұл сол емші апаның емінің әсері ме, әлде сәйкестік пе – білмеймін, бірақ қызымның көзі жазылып кеткен рас», - дейді ол.

Ең қызығы, кейіпкеріміздің енесі медицина саласында еңбек ететін адам. Бұл – тығырыққа тірелген адам емделудің қандай жолын болсын байқап көруге тәуекел ететінінің белгісі болса керек.

Қолжетімді «дәрігер» – интернет

Астана қалалық «Онкология орталығының» бас дәрігері Мұхтар Төлеутаевтың айтуынша, қатерлі ісік дертіне шалдыққан адамдардың көбі интернеттен оқыған ем түрімен немесе халық емінен шипа іздеймін деп, уақыт жоғалтып алады.

«Біріншіден, адам көз тию себебінен қатерлі ісік дертіне шалдықпайды. Қатерлі ісік – ағзадағы мутацияланған жасушалардан пайда болатын дерт. Ол салауатты өмір салтын ұстамаудан, шылым шегуден, дұрыс тамақтанбаудан, иммунитеттің төмендеуінен, созылмалы дерттің асқынуынан, радиациядан пайда болады деген болжамды себептер бар, бірақ нақты себебі әлі күнге дейін белгісіз. Екіншіден, халық емімен емделіп, жазылып кеткен адам көрген емеспін. Науқас бұл дертке шалдыққанын мойындағысы келмей, тығырықтан шығатын басқа жол іздей бастайды. Тіпті емделу үшін керосин, жануардың майын ішіп, улы саңырау құлақ жейтіндер бар. Олар ауруы әбден асқынған күйде, қаншама уақыт жоғалтып барып алдымызға келеді. Ондай кезде біз шарасыз болып қаламыз», - дейді ол.

Қолжетімді «дәрігер»: дәріханашы

Қазақстан дәріханаларында антибиотиктерді рецептсіз сатпау мәселесі қозғалып, арнайы заң қабылданса да, әзірге бұл мәселе нақты қадағаланып, бір жолға қойылған жоқ. Қолжетімді болғандықтан, кез келген науқас дәріханашыдан қандай антибиотик түрі жақсы екенін сұрап, емін-еркін сатып ала алады. Ал мұның салдары қандай болуы мүмкін екенін білеміз бе?

Республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпханованың айтуынша, антибиотикті дәл осылай орынды-орынсыз қолдана берсек, отыз жылдан кейін ағзамыз үйреніп қалатыны сонша, ешбір антибиотик бізді емдей алмай қалады.

«Кезінде көптеген инфекциялық дерттерге қарсы ойлап табылған антибиотиктерді қазіргі уақытта дұрыс емес пайдаланғандықтан (жиі, орынсыз пайдалану – авт.), кейбір микроағзалар антибиотиктерге төзімді болып алады. Антибиотиктің әсер етпей қалуы дүние жүзі бойынша барлық мемлекетте болып жатқан құбылыс. Біріншіден, антибиотикті дәрігердің нұсқауынсыз сатуға тыйым салынды ма? Салынды. Ендеше дәріханаларда ол емін-еркін сатылуына тосқауыл қойылып, қадағалануы керек. Екіншіден, қоғамда антибиотикті орынсыз қолданудың зияны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек», - дейді ол.

Орталық директорының айтуынша, ата-аналар балаларына антибиотиктерді оңды-солды бере беретін болса, 2050 жылдарға қарай дәрігерлер қарапайым соқырішек болып қалған адамды ажалдан арашалап қала алмайтын дәрежеге жетеді. Отадан кейін болатын инфекцияны антибиотик жеңе алмай қалады, соның салдарынан адам көз жұмады.

«Маған иір өсімдігі көмектесті»

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының кәсіпкері, «Қара Ертіс» шаруа қожалығының иесі Жеңісбек Кәрібаев туған өлкесінде емдік шөптер мен өсімдіктер көптеп өсетінін және оны емдік мақсатта өзі де қолданып көргенін айтты.

«Туған жердің таза ауасы да, таза суы да – ем. Ең бастысы – саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану. Мықты денсаулықтың кілті – сол. Сырқаттанып қалғанда дәрігер көмегіне жүгінем, бірақ мына бір оқиға есіме түсіп отыр: қайсыбір жылдары асқазаным қатты ауырып, бірнеше жыл бойы ем таба алмай жүрдім. Емші, балгер дегендерге мүлде сенбеймін, бірақ жаның қысылғанда қандай ем түрін болса да қолданып көргің келеді екен. Бірде Зайсан өңіріне Қытайдан мықты емші келгенін естідім. Ол кез келген дерт түрін емдейді-міс. Реті келіп, онымен жүздесудің сәті түсті. Мені тыңдап болған ол «мен сізге кез келген адамға бере бермейтін өсімдік берейін. Мұны суға қайнатып ішсеңіз, ауруыңыздан құлан таза айығасыз. Бұл Қытайда сирек кездесетін өсімдік түрі, сондықтан бәріне бере бермеймін» деді. Әлгі шөпті қолыма ұстап, иіскеп көрсем – өте таныс иіс. Сәл ойланып, «құдай-ау, бұл өзіміздің Қара Ертіс жағасында өсетін кәдімгі иір ғой! Жел соққанда оның иісі сол маңдағы ауылдарға дейін келіп тұратын. Дәл осы иірдің емдік қасиетін білмеппін-ау» дедім. Жылқылар да өзеннің басқа емес, дәл осы иір өсетін тұсынан су ішетін. Жылқы екеш жылқы да оның қандай пайдалы екенін біліп тұр ғой! Иірді емші айтқан әдіспен суға қайнатып, бірнеше күн ішіп едім, бірнеше жыл бойы ауырып жүрген асқазаным жазылып кетті», - дейді ол.

Керек кеңес

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз-өзін емдеумен айналысуды құптамайды. Ал ғаламтордағы кеңес бойынша емделгіңіз келіп бара жатса, ҚР ДСМ, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары және Басқармаға бағыныcты денсаулық сақтау ұйымдарының ресми сайттарында жарияланған кеңестерді пайдалануды ұсынады.

Дене қызуының көтерілуі, күн өтіп кету сияқты жиі кездесетін жағдайларда не істеуге болатыны туралы ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының міндетін атқарушы Г. Жаңғарашева кеңес берді.

1. Дене қызуы 38 градустан жоғары болған жағдайда науқас тұрғылықты жері бойынша дәрігерді немесе орта медицина қызметкерін айғақтар бойынш үйге шақырта алады.

2. Ыстықтан көбінесе егде адамдар мен нәрестелер, сондай-ақ қант диабетімен ауыратындар, қан тамыр аурулары бар адамдар, гипертониктер және оттегінің созылмалы жеткіліксіздігімен ауыратын адамдар зардап шегеді.

Күннің өтуі кезінде кезек күттірмейтін көмек көрсету маңызды: науқасты көлеңкеге немесе салқын үй-жайға орналастыру қажет. Көлденеңінен жатқызу, аяқтарын сәл көтеру. Киімін, белбеуін шешу. Зардап шегушіні жалаңаштандыру, ірі тамырлар аумағына мұз немесе суық суы бар ыдысты орналастыру. Салқын суды бетіне бүрку. Басын салқындату, ол үшін стандартты автокөлік дәрі қобдишасында болатын салқындатқыш термопакетті пайдалануға болады. Денені толығымен салқын орамалмен сүрту. Мүсәтір буымен тыныс алу жақсы әсер береді. Есіне келген кезде суық су ішкізу.

3.Әрқашан қажетті дәрілердің алғашқы көмек көрсетуге жеткілікті аздаған қоры болуы керек. Әдетте, алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасының құрамына валидол 0,06 г, нитроглицерин 0,005, аммиак ерітіндісі 10%, йод ертіндісі 5%, этил спирті 70%, бинт, мақта, лейкопластырь, жгут секілді құралдар кіреді.



03 желтоқсан 2018 ж. 1 758 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930