Әлемнің сұлулары татымайды...
«Бұл жамандарды адам қатарына еніп кеткенше бағып қағамыз. есейіп, ер жеткеннен кейін ғой, аспаннан түскендей болып шыға келетіндері», – деген болатын бір әжей немересін құшақтап отырып. Бұлай деуінің себебі баладан болымды жақсылық көрмегенінен шығар деп түсіндім, өзім. өйткені, кішкентай бөбек ана махаббатына қалай мұқтаж болса, аяулы ана да дәл солай баласының сезімін сезінгісі келеді екен ғой. Бірақ, қазіргі қоғамда ананың қадірін білмейтін қайырымсыз ұлдар баршылық.
Тоғыз ай тоғыз күн көтеріп, қиындық пен қуанышқа бірдей бөлене жүріп дүниеге әкелген анасының айтқанын құлағына ілмей, жекіп тастап жүргендермен жиі ұшырасатын шығарсыз. Ондайда менің кәдімгідей дегбірім қашады. Шыдамай, аспаннан түскен жігітке ананың қадірін, оған көрсетуге тиіс махаббаты қандай болуы керек екенін айтамын. Көп жағдайда тыңдаушым жақтырмай қарап, «өзім білемнің» түрін салады. Барлығымыз адам болып жаралғандықтан қатемізді кеш ұғатын әдетіміз ғой. Бірақ ана жалғыз. Ана қайта туылмайды. Оған лайықты сый-құрметін көрсете алмаған адам бекер өмір сүргенмен тең. Демек ол басқаны да сыйлап жарытпайды.
«Адам боп туу – анадан, айуан боп кету – өзіңнен». Қадыр Мырза Әлі ағамның бұл сөзі қай кезде де жадымда жазулы. Неге десеңіз, қай заманда да ардақты аналарымыздан тексіз, айуан ұрпақ туған емес. Ананы ардақтай білмеген ел салтанат құрған емес. Осыны лайым қаперімізде ұстауымыз керек.
Мәселен, жасымнан бірге өскен мінезі асау досым бар. Кішкентайымыздан құлын тайдай тебісіп, бірге ер жеткенбіз. Сол досым жақында оқудан келіп, емен-жарқын сұхбат құрдық. Әңгімеміз аналарымыз туралы өрбіген сәтте, досым ақтарыла түсті. Айтуынша, бала кезімізде біздің үйге жиі келетін. Сонда менің анама деген қарым-қатынасыма қарап таң қалатын көрінеді.
– «Мен анамды сыйлаған былай тұрсын атымен атап шақыратынмын. Үйдің кішкентайы болғасын бетімнен қақпайтын. Өзің жақсы білетін жаман мінезімді анама көрсететінмін. Тіпті, боқтық сөздер де айтқан кездерім болды. Ал, анамның қабағы ашылмайтын. Қысқасы, бетімен кеткеннің кері болдым. Осындай бір күнде сенің үйіңе барған болатынмын. Мен атын атап шақыратын адамды сен «анашым» деп атағаныңды көріп өзімді өте төмен сезіндім. Сол күннен бастап мен де анашым дейтін болдым. Боқтық сөздерді мүлде ұмытып, тіпті, еденді де жуатынмын. Алғашында анам бұл қылығыма үйренісе алмай жүргендей көрінді. Қатты көңілін қалдырғанымды сол кезде ұғындым. Бірақ, қазір бәрі жақсы. Анашым мені көрсе нұрын шашып, күлімсіреп тұрады. Сол үшін саған рақмет. Сенен алған үлгім осы болды. Көш жүре түзеледі. Мен де түзелдім»,– деп тоқтады. Көңілім марқайып, досым үшін қуанып тұрдым.
Өзім әкеден ерте айырылғандықтан болар ана қадірін де ерте ұғындым. Анамның жаны жалғызсырағанын жазбай ұғынатынмын, қорған болғым келетін. Ол үшін жаныңды бер десе сол мезет дайын тұрар ем. Әкемнің жоқтығы (қазасы) маған осындай дүниелерді үйретті. Бірақ, ана қадірін түсініп, оған қорған болып жүру үшін әлдекімнің өлуі міндетті емес екенін ұғынып отырған боларсыз.
Қарапайым өзіңіз ойлап көріңізші: сіздің жайдарлы жүзіңіз қанша адамға қуаныш сыйлай алады. Анаңызға биязы көңілмен әңгімеңізді айтып, жер бетінде одан асқан жүрегі жұмсақ жан жоқ екенін есіне салыңыз. Олай емес пе? Солай! Тек кеудеңдегі ұяңдықтың мысы басып тастайтын болар. Бұл сұрақтың да шешімі бар. Бар жақсы сөзді шынайы ынтаңызбен жеткізіңіз. Жүрегіңізден шыққан сөз ана жүрегі үшін біраз уақыт азық болатынын біле жүргейсіз. Өзіңізден қалай көңілсіз картина жасай алсаңыз дәл солай үйіңіздің ішін махаббат пен қуаныштың орталығына айналдыра аласыз. Ал, жұмыстан келе сала анаңыздың маңдайынан иіскеп, балаларыңызбен ойнауға уақыт бөліп көңілді атмосфера қалыптастыратын болсаңыз бақыт қақпасының тұтқасын іздеп әуре болмайтыныңызға сенімдімін.
«Әлемнің сұлулары татымайды, анамның күліп тұрған бейнесіне». Расында да, тұлғасы алтын, жүзі жарқын анамыздың төгер шуағына тең келер дүниеде не бар дейсіз, шіркін?! Ал, сұлулар бұл сөзге ренжімейтіні хақ. Себебі, олар да бұйырған күні ана бақытына бөленіп, салиқалы ұрпақ тәрбиелейді. Қазақ қыздары қашанда мұның үздік үлгісін көрсете білген. Сол ұландар ертеңгі күні сіздерге жоғарыдағы өлең жолдарын зор махаббатпен жолдамақ.
Анамыздың көңіліне қаяу түсірмейік, аялап, білейік.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.