Әбдуалидің әл-ауқаты
Төрт түлікті түлетіп, ата кәсіпті серік еткен бозкөлдік Әбдуали Өтеулиев төрт жыл бұрын шаруа қожалығын ашқан болатын. Оны «Әлихан» деп атаған ол, қазіргі кезде 500 гектар жерге иелік етеді. Бозкөл ауылынан 7-8 шақырым қашықтықта «Қайық жол» учаскесінде орналасқан ферма маңына жаңадан үй тұрғызып, малшыларға бар жағдай жасаған. Электр қуатын үздіксіз қолдану мақсатында арнайы мотор құрған, ауыз су мәселесін де шешіпті. Жаңалықтардан құр қалмасын деген оймен теледидарды әкеп қойған.
Бүгінде жұмыспен қамтылған екі адам отбасымен бірге 2 асыл тұқымды бұқа мен 60 бас сиыр және 40 бас бұзаудың санын көбейтіп, асылдандыруға атсалысуда.
Әбдуалидің айтуынша, осы жыл берекеге толы болды. Олай дейтіні – биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша «Бизнес бастауды» бір ай оқып, «Ауылды қаржылай қолдау қорынан» 6 пайызбен 2,5 миллион теңге несиеге қолжеткізді. Бұл қаражатқа 9 бас жылқы сатып алды.
«Қазір кәсіппен айналысамын дегенге барлық мүмкіндік қарастырылған. Тек шынайы ықылас пен төзімділік қажет. Жан-жаққа жүгіріп, құжат дайындау жүйкені тоздырады. Дегенмен, уақытша кедергілерге шыдап, жарты жолдан тоқтамай, сенімін күшейтсе, бәріне де қол жеткізуге болады. Қай кәсіп болмасын өз жемісін уақыт өте береді. Ол үшін күн-түн демей еңбек ету керек.
Өткен жылы мүйізді ірі қараны асылдандыру мақсатында өз қаражатымнан Аралдан «Ақбас» тұқымынан 2 бұқа әкелдім. Тәубе, оның берекесін көрудемін. Соның арқасында мемлекет тарапынан 900 мың теңге субсидия алдым. Биыл да 1 миллион субсидия шығып, малға жем-шөп түсірдім. Қорамда 1 асылтұқымды сиырды байлап бағып отырмын. Күніге 10-12 литр сүт береді. Одан табиғи өнімдер айран, құрт, ірімшік жасап жейміз. Егер сиырға нан қосып, күнжара беріп баптасаң, 20 литрге дейін ағарған бере алады. Малдарыма ауру-сырқаудың алдын алуда уақытылы екпе егіліп тұр», – дейді Ә.Жұбатқанұлы.
Кәсіпкердің жоспары да жоқ емес. Ол алдағы уақытта жылқы санын көбейтуді көздеп отыр. Мүйізді ірі қараны асылдандырып, мал бордақылауды жүзеге асырғысы келеді. Шаруа қожалығына техника алып, өз-өзін шөппен қамтамасыз ету – басты мақсаты. Ал артылып жатса, халыққа ұсыну жолдарын да қарастыруға болады. Сондай-ақ, несиемен күннен қуаттанатын батарея мен шабындық жер алу ойында бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА