Парадан жиған түйеден адалдан жиған ешкі артық...
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мен Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов Қазалыға жұмыс сапарымен келіп, аудан активімен кездесті.
Жиында сөз алған Арман Бердалин департаменттің атқарылған қызметі жөнінде сөз қозғап, баллдық шкала бойынша нақты деректерді келтірді. Сонымен қатар «Қоғамдық байланыс картасы» әлеуметтік жобасы және департаменттің жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтың жұмысына тоқталды.
«Дамыған 30 елдің қатарына кіруіміз үшін Елбасы алдымызға не мақсат қойды? Кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың бір жолы мемлекеттік қызметшілердің алдыңғы жағдайын көтеру, жалақысын көбейту. Бұл жерде факторлық, баллдық, шкалаға сүйеніп, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі еңгізілді. Пилоттық режимде бұлар алдын-ала агенттік, аймақтық бөлімшелерді қоса алғанда, одан әділет министрлігі, одан Астана қаласы және Маңғыстау облысы әкімдіктерінде осы жүйе жылдың басынан сынамадан өтіп жатыр. Факторлық-баллдық шкала дегеніміз – мемлекеттік қызметшінің істеген жұмысына сай төленетін лайықты жалақы, берілетін баға. Мысалы, бір кабинетте отыратын екі мемлекеттік қызметшінің біреуі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өтсе, екіншісі тер төгіп, жұмыс істейді. Бірақ айдың соңында екеуі бірдей айлық алады, не сыйақы алады. Бұл әділетсіздік болатын еді. Не жұмыс жасадың, соған сай, қорытындысына сай жалақыңды аласың. Сонымен қатар, бұрын өңірдегі мемлекеттік қызметшіден гөрі орталық, Астанада жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкердің жалақысы анағұрлым көп болатын. Айырмашылығы едәуір азайды. Өйткені, елдің барлығы сондықтан Астанашыл, Астанада жұмыс жасағысы келеді, өзінің өңірінде, өзінің туып-өскен жерінде жұмыс жасағысы келмей жатады. Ал қазір мемлекеттік қызметшілердің пилоттық жобаның негізінде 2,5 есеге дейін жалақылары көтерілді. Егер мемлекеттік қызметшінің әл-ауқаты жақсы болса, ол жемқорлыққа бармайтынына біз кәдімгідей сенеміз. Осындай қамқорлық пен қолдауға біздер мінсіз, адал қызметімізбен жауап беруіміз керек», – дейді Арман Тілектесұлы.
Бұдан бөлек, А.Бердалин агенттік тарапынан жемқорлыққа қарсы күресуде «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеудің» амалы жасалып жатқанын жеткізді. Яғни агенттік мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық дерттің қауіптілігін түсіндіруді жөн көріпті. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген қазақ халқының қағидасын негізге алып, жас ұрпақтың санасын сауықтыруды көздеп отыр. Неге? Себебі, бала кезде парталасының қаламын қалтасына салған бала ертең қазынаның қаржысына қымсынбай қол салуы мүмкін.
«Мектепте, шаңырағында тәрбиелік жұмыс жүрсе, жемқорлықтың жақсылыққа апармайтынын, керісінше жамандыққа ұрындыратынын біле жүретін жаңа буын өсетін болады», – дейді Арман Тілектесұлы.
Сонымен қатар, агенттіктің жағынан Республикалық арнайы мониторингтік топ құрылып, оған ешкім тәуелсіз, ақиқатты ашып, шындықты жасқанбай айта алатын қоғам белсенділері, қоғам қайраткерлері мүше болды. Атап айтсақ, онда Мұрат Әбенов, Айгүл Соловьева, Ғалым Байтук секілді елге танымал азаматтар бар. Одан қалды, барлық өңірлерде арнайы мониторингтік топтар құрылып, жұмыс істеуде. Мәселен, олар ауылдағы құрылысы жүргізіліп жатқан ғимараттың сапалы салынуына, қаржысының орынды жұмсалуына бақылау жасай алады.
Сонымен қатар, Арман Бердалин агенттіктің басты ұстанымы – жариялылық екенін жеткізді. Тіпті, агенттік төрағасына әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тікелей сұрақ қойып, хат жолдауға болады. Бұдан басқа да қыруар шаруа атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Соның нәтижесінде қоғамда жемқорлық азайып келеді.
Дәлірек айтсақ, «Transparency International» деген 180-нен астам мемлекеттегі жемқорлықтың жағдайын бақылап отыратын ұйымның қорытындысы бойынша Қазақстан әлемде 2016 жылы 131 орында тұрған еді. Індетке қарсы күресте қоғамды жұмылдырғанның арқасында 2017 жылы 9 сатыға көтеріліп, қазір 122 орынға тұрақтапты. Арман Бердалиннің айтуынша, агенттік бұған тоқмейілсімей, көрсеткішті бұдан да жақсартқысы келеді.
Агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Қызылордадағы департаменттің қызметіне оң баға беріп, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғаудағы үлгілі жұмысын айрықша атап өтті.
Сондай-ақ, «Бәйге алмайтын тұлпардан белі жуан бесті артық, байламы жоқ шешеннен жөн білетін есті артық, парадан жиған түйеден адалдан жиған ешкі артық» деп мысалдатқан Арман Бердалин басқосуға қатысқандарды жемқорлыққа қарсы күресте агенттіктің бастамаларына үлес қосуға шақырды.
Жиын барысында Қазалы ауданының арнайы мониторингтік тобының жетекшісі Ғазиз Әліштің баяндамасы тыңдалды.
Мәжіліс соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде алдағы атқарылар жұмыстар нақтыланды.
Бұдан бөлек, қонақтар аудандағы халықты жұмыспен қамту орталығының, жаңадан пайдалануға берілген 150 орындық аурухананың, Ғ.Мұратбаев музейінің тыныс-тіршілігімен танысты. Қызметкерлерімен пікір алысып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Қазалы қаласында жергілікті қауымдастық мүшелерімен, «Шағала» демалыс орталығында демалып жатқан ардагерлермен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ойларымен бөлісті.
Алдажар АЛПАМЫС