Қытайда «Алтын Адамды» күніне 12 мың адам тамашалайды
Әр ел тарихи жәдігерін қастерлеуді мақсат етеді. Ал, Ұлттық құндылығын өзге елге апарып көрме қылу – үлкен жетістік. Себебі тарихи экспонаттар – бір ұлттың тарихынан сыр шертіп, өткенін баяндайды. Осы орайда Қытай елінде іссапарда болған Вaq.kz тілшісі Шэньси провинциясындағы Тарихи музейді аралады.
Дәл қазір Сианьдағы (Шэньси провинциясының орталығы) Тарихи музейде Астанадағы Ұлттық музейдің көрмесі өтіп жатыр. Күн сайын 12 мың қытайлық тамашалайтын «Ұлы Дала мұрасы» көрмесі 2 ай бойы ашық болады. Шэньси провинциясы Ұлттық музейінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Вэнь Цзюнь Сиань қаласының тұрғындары мен қонақтары қазақ ұлттық көрмесіне аса қызығушылық білдіргенін айтты.
«Көрме 20 шілдеде ашылды және 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Күніне музейге орташа есеппен 12 000 адам келеді. Қытай жұртшылығы қызығушылық танытуда және құлшыныспен аралауда. Бұл Қазақстанның Ұлттық музейімен келісілген тұңғыш көрмеміз. 2017 жылы Астанада ЭКСПО аясында Террокотия армиясы музейінің көрмесі өтті. Міне сол кезде Қазақстан тарапына бізде көрме ұйымдастыруды ұсындық. Қазақстан бұл көрмеге 300-ден астам нысан әкелді. Оның ішінде 170 түпнұсқа экспонат, 150 көшірме бар. Мұнда «Алтын Адам» қойылды. Бірақ оның әшекейлері түпнұсқа емес», - деді Цзюнь.
Baq.kz