Талаптылар талпынысы
Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінде талапкерлерді оқуға қабылдау конкурсы өтті. Конкурс кезінде болашақ студенттер «Электрмен қамтамасыз ету», «Ветеринария», «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандықтары бойынша тест сұрақтарына жауап берді.
Биылғы оқу жылында «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша жергілікті бюджет есебінен және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес білім гранттары бөлінген. Осы орайда аталған мамандықта грант негізінде білім алуға ниетті талапкерлер тест тапсырмаларына жауап беріп, әңгімелесуге қатысты. Бұған көп балалы, ата-анасының бірі жұмыссыз және толық емес отбасы балалары қатысты.
Әңгімелесу барысында психолог мамандар мен колледж оқытушылары тестке қатысушыларға сауалдар қойып, әлеуметтік деңгейін айқындады. Сондай-ақ, олардың қызығушылықтары мен қоғамдық жұмысқа белсенділігі, спорт пен өнерге деген талпыныстары да сөз болды. Талапкерлер қатарында Қазалы ауданынан бөлек, Арал ауданы мен Шымкенттен келгендер де бар.
«Бүгінгі конкурсқа өтініш білдірген 18 баланың барлығы қатысты. Олардың білім алуға деген құлшынысы жоғары. Мұны сұхбат кезіндегі жауаптарынан айқын аңғардық. Бізде сырттан келген оқушылар да бар. Олардың жатар орыны, колледжге қалай қатынайтындығы барлығы жан-жақты ескеріледі. Бір топқа 15 студент қабылданады», – дейді колледж оқытушысы Алма Абсатова.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ