Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамыз кеңесі: жаңа мақсат, жаңа міндет

Тамыз кеңесі: жаңа мақсат, жаңа міндет

Сейсенбіде Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде «Қазақстанды цифрландыру: білім беру жүйесі үшін талаптар» тақырыбында аудандық білім беру қызметкерлерінің педагогикалық тамыз кеңесі өтті.
Оған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен мұғалімдер, бала­бақша меңгерушілері қатысты. Жинал­ғандар алдымен мектеп-лицей фое­сіне қойылған білім беру ұйым­дарының педагогикалық және инновациялық білім беру ұйымдары­ның робототехникалық жұмыс­тары қойылған көрмемен танысты.
Тамыз кеңесінде аудан әкімі, облыстық білім басқармасының басшысы білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру мәселелері туралы баяндады.
«Тамыз кеңесі – ұстаздар арасында көп жылдан бері дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес, бұл – білімінің заман талабына сай даму бағыттарын айқындайтын, ұлт ұрпағын тәр­биелейтін тұлғалардың пікір алмасып, ой бөлісетін ортасы», – деген аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали өткен оқу жылында атқарылған істерге есеп беріп, болашаққа бағдар жасады. Оның айтуынша, биылғы оқу жылының бір ерекшелігі – жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән­дер инновациялық білім беру ұйым­дарының жоғары сыныптарында ағылшын тілінде оқытыла баста­луында.
«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазіргі қазақстандықтар үшін үш тілді мең­геру – бұл өз игілігінің кепі­лі» – деп атап өткен болатын. Осыған орай жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді ұйым­дастыруға орай аудандағы 4 инновациялық білім беру ұйымы аудандық білім бөлімімен бірлесе жұмыс атқарып келеді. Сонымен бірге келісім шарт негiзiнде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистр­­лері ағылшын, биология, мате­матика пәндерінен 1500 сағат есебінен аптаның жұма және сенбі күндері келіп, 5-11 сыныптарға тереңдетілген оқыту бойынша оқу жоспарына сәйкес аптасына 1 сағаттан «Робототехника» үйірмесі жүргізілуде. Бұған қоса, биылғы оқу жылында 10 мектепке «Робототехника» кабинеттері алынып, пайдалануға берілді. Биылғы оқу жылынан бастап инновациялық мектеп-лицейлердің ағылшын ті­лі­­нің деңгейлік курстан өткен жара­тылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдері химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін болады.
«Елбасының тапсырмасы бо­йынша «Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің» тәжірибесін жалпы білім беру жүйесіне тарату жұмысы басталғаны белгілі. Осы бағытта биылғы оқу жылынан бас­тап колледждер мен мектептер, балабақшалар осы іс-тәжірибенің негізінде «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының жұмысын енгізе­тін болады», – деді білім бөлімінің басшысы.
Бектұр Қалидың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – инклюзивтік білім беруді дамыту. Яғни, барлық жасөспірімдерге сапалы білім мен тәрбие үрдісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендірудің бас­ты көзі.
«Инклюзиядағы тағы бір мәселе – ата-аналардың белсенділігі. Ал, олармен жұмыс психологтарға жүктеледі. Сол себепті, сала ұстаздарының кәсібилігін шыңдау керек. Осы орайда 2005-2006 жылы 1 қыркүйектен бас­тап, Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте арнайы түзету сыныптары жұмыс істеуде. Арнайы түзету сыныбында биылғы оқу жылында 9 сыныпта 72 оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі балаларды инклюзивті біліммен қамту мақсатында №2 «Айгөлек» балабақшасында логопедиялық пунктте 20 бала көмек алып жатыр» – деді бөлім басшысы.
Еліміз бойынша биылғы тамыз конфе­ренциясының тақырыбы – «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал». Тақырыбы айтып тұрғандай-ақ білім беру саласындағы цифрландыруға баса мән беріліп отыр. Себебі, мектеп заманауи талаптарға сай оқушыларды дайындауы тиіс. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беруді цифрландыру екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Біріншісі, мектептерде цифрлық білім беру ресурстарын толығымен пайдалану болса, екіншісі, ол салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру. Бұл туралы білім бөлімінің басшысы Б.Қали: «Қазіргі ақпараттанған заманда әр оқушыға заман талабына сай әлемдік дәрежеде білімді меңгеруі үшін жаңа технологияларды қолдана отырып, жеке тұлғаның дамуына жағдай туғызу қажеттілігі тұр. Аудан бойынша 36 мектептің 32-і, яғни 89% кең жолақты интернет желісіне қосылған. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Сарбұлақ, Ажар, Шәкен, Шилі ауылдарындағы №78, 146, 134, 259 мектептер қыркүйек айынан бастап қосылатын болады. «Электронды күнделік» пилоттық жобасына 15 мектеп қосылып жұмыс істеп келеді. 2018 жылдың 24 сәуірінен бастап 15 мектеп порталға тіркелу туралы өтінім жасалып, тіркелді. 2018 жылдан бастап “Bilim Media Group” серіктестігінің ұсынуымен «Bilim Land» электронды порталға 31 мектеп онлайн, 5 мектеп офлайн болып қосылды. 2018 жылға Инновациялық-интеллектуалды технология академиясы арқылы www.sabak.kz порталына 34 мектепке Білім министрлігі, облыстық білім басқармасы ұйымдастырып отыратын онлайн интерактивті сабақ, онлайн конференцияларға қатысуға сертификаттар алынды», – деп мәлімдеді.
Бәсекеге қабілетті, прагматикалық, күшті, патриоттық және белсенді ұрпақты қалып­тастыру үшін «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы білім және білімге құштар табысты болашақтың негізін құрайды. Келешек ұрпақ халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор. Бөлімге қарасты білім беру ұйымдарында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы оқу жылы барысында мәлімет беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп сынып сағаттары өткізілді. Алдағы оқу жылында да білім беру ұйымдарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы кеңінен насихаттала беретін болады.
Тамыз кеңесінде сөз алғандар аудан ұстаздарын мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылын тың күш, жаңа серпінмен бастап, ұстаздық мәртебелерінің биіктей беруіне тілектестіктерін жеткізді.
Сондай-ақ, «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілікті арттыру институты кафедра меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор Б.Қожамберлиев «Білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттырудың тиімділігі», Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Қазалы ауданы филиалының басшысы Е.Аймаханов «Оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстарының тиімділігі» тақырбында баян­дама жасады.
Мереке қарсаңында шәкірттерге білім беру мен тәрбиелеуде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары, аудан әкімнің алғыс хаттары табысталды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 тамыз 2018 ж. 5 493 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930