Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам мақсатына жету үшін біреумен жарысуы керек!..

Адам мақсатына жету үшін біреумен жарысуы керек!..

Шыныңызды айтыңызшы, досыңыздан оқ бойы озық жүргіңіз келе ме? Ойланып қалғаныңызға қарағанда, бұл сауалымды қостай қоймайтын боларсыз. Алайда психолог мамандар «Адам мақсатына жету үшін біреумен жарысуы керек» дейді.
Балабақша жасындағы бала кезіңіз есіңізде ме? Қарапайым мысал, тамақты жегізу үшін ата-анамыз досыңыздың атын атап «Пәленше тамақты тауысып қойыпты, ал сен әлі жей алмай отырсың» дейтін. «Пәленше мамасының айтқанын екі етпей орындайды, қане, менің балам одан жақсы» дейтін еді. Адамды алға итермелеу үшін досымен салыстыру психологиясы жақсы әсер етеді екен. Психологтардың бұл әдісі сізге әсер етпесе, ондай мынандай мысал келтірейін.
Мысал: Бір күні досыңызбен саяхатқа бардыңыз делік. Жапан далада қатарласып келе жатырсыз. Кенет таяқ тастам жерде жолбарыстың айбат шегіп қарап тұрғанын байқадыңыз. Не істеу керек? Досыңыздан қатты жүгіруіңіз қажет! Өйткені, жолбарыс бірден екі адамды жемейді. Демек, жолбарыстан құтылудың бір-ақ жолы бар: жүгіруде досыңыздан озу. Өмірде де дәл солай.
Қаласаңыз да, қаламасаңыз да өмірде осындай жағдайлар туындауы әбден мүмкін. Сонымен, өмірде, бизнесте дос-құрбыдан бір қадам озық жүргіңіз келсе, мынандай дағдыларды күн тәртібіңізге енгізгеніңіз дұрыс.
1. Күннен бұрын ояну
Жетістікке жеткен кәсіпкерлердің, өнертапқыштар мен тарихта аты қалған ғалымдардың бәріне ортақ бір дағды болса, ол – ерте тұру. Бұл орайда қазақ мақалы «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» десе, Бәйһақиден жеткен риуаятта «Таңғы ұйқы – ризыққа кедергі» делінген. Сонымен қатар, «Хақ тағала ризықтарды таң ату мен күннің шығу уақыттары арасында береді» деген хадис те бар.
Таңғы тілек жылдам қабыл болады дейді үлкендер. Бұл рас. Бұны былай түсіндіруге болады. Мысалы, сіз коммуналдық төлемдерді төлеуге барып едіңіз, адам көп. Не істейсіз? Амал жоқ, кезек күтесіз. Кешке дейін кезегіңіз келіп, төлем жасайтыныңыз анық. Ал, алдыңызда 7 миллиард адам болса, кезегіңіз қашан келеді?
Жер бетінде 7,5 миллиард адам бар, олардың бәрі де күнде құдайдан тілек тілейді. Сіз де. Бірақ, тілегіңізді нешінші боп кезекке тіркелгенін білмейсіз. Сондықтан, таңертең өзгелер ұйықтап жатқанда, сіз ерте тұрып тілек тілеуді әдетке айналдырыңыз.
Сондай-ақ, ерте тұрудың басқа да пайдасы көп. Жалпы, үй шаруасының біразын таңертең тындырып тастауға болады. Бәрінен ерте жұмысқа келсеңіз, әріптесіңізден көп жұмыс атқарасыз. Бұл қызметте көтерілуде сеп болатыны белгілі.
2. Шет тілін үйрену
Даналарымыз «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деп, бұдан талай жыл бұрын-ақ тіл үйренудің қажеттілігін айтып кеткен. Ал, А.Чехов ше, ол былай деген: «Бірер тіл білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді». Қадамдастарыңыздан оқ бойы алда жүргіңіз келсе, тіл үйреніңіз. Ол үшін арнайы курсқа барудың қажеті де жоқ. Бүгінде интернетте онлайн-курстар жеткілікті. Өз бетінше тіл үйренем дегендерге де интернетте мүмкіндік мол. Мейлі, күніне 10 сөз-ақ жаттап отырыңызшы. Соның өзінде сіз күніне бір сөз де жаттамайтын досыңыздан көп білетін боласыз.
3. Кітап оқу
Кітапты көп оқысаңыз, өзіңіздің қай жерде адасып жүргеніңізді білесіз. Олай болса, әрдайым біліміңізді арттырып, білмейтініңізді үйренуге тырысыңыз. Ал, артық білім – кітапта. Қазір кітапханада да, кітап дүкендерінде де іздегеніңізді оңай таба аласыз. Тым болмаса интернеттен электронды кітаптарды оқыңыз.
Достарыңыз ютубтан кино көріп отырғанда немесе әлеуметтік желілерде түк те пайдасы жоқ әлдебіреулердің постын оқып отырғанда, сіз пайдалы кітап оқыңыз. Мысалы, «1 жасар сәбиге қалай массаж жасау керек?» деген тақырыптағы кітаптарды оқып, массаж жасауды үйреніп алсаңыз, массажист маманға артық ақша жұмсамайтын боласыз...
«Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген бұрынғының нақылы бар. Ал, ХХІ ғасырдың қанатты сөзі: «Көп білсеңіз, табысыңыз да көп болады».
4. Спортпен шұғылдану
«Сау денеде сау ой дамиды» дегенді бір жерден оқығаным бар. Мақсатқа жеткіңіз келсе, шаршап-шалдығып жарты жолда қалып кетпеуіңіз үшін деннің саулығын алдыңғы орынға қоюыңыз қажет. Деніңіз сау болса, тауды да қопара аласыз. Міндетті түрде спортпен шұғылданыңыз.
Міне, осы төрт-ақ дағдыны қалыптастыру үшін, сіз досыңыздан озуға тырысуыңыз керек. Жалпы, дос, құрбымен салыстыру психологиясы сізге өзіңізді «қамшылау үшін» ғана қажет. Осыны дұрыс түсініңіз. Шындығында, сіз өзіңізді ешқашан өзгемен салыстырмаңыз. Өзіңізді «өткен шақтағы өзіңізбен» ғана салыстырып, «кешегі өзіңізден» озуға тырысқаныңыз жөн.
Жазира СМАҒҰЛОВА
24 шілде 2018 ж. 1 853 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031