Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келбеті келіскен, шаруасы шалқыған

Келбеті келіскен, шаруасы шалқыған

Қазалы ауданында жылдан жылға келбеті келісіп, тұрмысы түзелген ауылдар болса, солардың бірі – аудан орталығы Әйтеке би кентінен 5 шақырым жерде орналасқан, шаруасы шалқыған, көрікті, инфрақұрылымы жоғары деңгейдегі, заман талабына сай салынған Ғани Мұратбаев ауылдық округі. Мұнда жылдың төрт мезгілінде де қызу тірлік. Себебі ауыл тұрғындары жазда жайлауын жайлап, күз-көктемде кетпенін асынып, егінмен айналысады.
Округте – 1661 тұрғын, 295 отбасы мекендейді. Ауылдың аты аталғанда құлаққа жағымды әндер, есімізге елеулі тұлғалар келеді. Бұлай дейтініміз дәл осы ауылдан бір кездері Қазақстанның халық қаhарманы, әнші Роза Бағланова, Қазақстанның Халық әртісі әнші Мадина Ералиева, Социалистік Еңбек Ер Көлжан Оразалиева мен төрт Қазақ ССР депутаты және 2 мемлекеттік сыйлықтың лауреатын иеленген бетке ұстар тұлғалар түлеген.
Ауыл тұрғындарын білім нәрімен сусындатып тұрған 320 орындық орта мектеп пен бала-балғындарға 90 орындық балабақша үздіксіз қызмет етіп тұр. Одан бөлек дерті дендеген жандарға 4 адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі бар дәрігерлік амбулаториясы және мұратбайлықтардың зейінін ашуға 21 619 кітап қоры бар жинақталған кітапхана да бар. Сонымен қатар кез келген іс-шара мен ауылдың мерейлі күндерінде күміс көмей әншілері бұлбұлдай сайрайтын ауылдық мәдениет үйі, қасиет қонған «Қуандық әулие» мешітінің есігі құдайға құлшылық етушілерге әрдайым ашық.
Мұндағылардың көбісі мал шаруашылығына басымдылық берген. Сондықтан төрт түлігін сай ұстағандар үшін де ветеринариялық пункт жұмыс жасап, ауылда бес сауда дүкені және пошта байланыс бөлімшесі қызмет көрсетеді.
Ауыл кәсіпкерлерінің белсенділігін процентпен құрап айтар болсақ, онда ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары көрсеткішті құрайды екен. Нақтырақ айтсақ, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде – 52 шаруа қожалығы, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1 «Жас Ғани» өндірістік кооперативі мен 69 жеке кәсіпкер және барлығы 123 шағын және орта бизнес субьектілері бар. Округ бойынша 5 жобаға 37,9 миллион теңге қаражат алынған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 6 ауыл тұрғыны несие алуға құжаттырын дайындауда.
Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамассыз ету мақсатында ауыл тұрғындарына «Ақарық», «Қырғыз», «Дәуқазған» каналдары бойынан 14 гектар жер бөлініп, бау-бақша дақылдары егілген. Күз түсісімен еңбекшілер іске кіріспек.
Мұнда аудан орталығына қатынау мәселесі де қарастырылған. Дәлірек айтсақ, билет құны жүз он теңге тұратын кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көлік арқылы ауылдық округке күніге 11 рет қатынайды. Сонымен қатар бес жеңіл автокөлік иелері патент арқылы жолаушылар тасымалымен айналысады. Басқа да ауылға қатысты атқарылған жұмыстармен ауыл әкімі Абай Рыстығұлов бөлісе кетті.
– Ауыл көшелері 80% асфальтталып, түнгі жарық шамдары орналастырылған. Ауыз су жүйесі сервистік желіге қосылып, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.
Ауыл тұрғындарына 320 орындық орта мектеп, 90 орындық балабақша, 4 адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі бар дәрігерлік амбулатория, 21930 кітап қоры бар кітапхана, ауылдық мәдениет Үйі, «Қуандық әулие» мешіті, вет. пункт, 5 сауда дүкені және пошта байланыс бөлімшесі қызмет көрсетеді.
2012 жылы Орта Азия және Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев туғанына 110 жыл толуына орай облыстық іс-шара бекітіліп шара аясында «Орталық саябақ», «Атамекен» алаңы сонымен бірге «Ғани», «Тәуелсіздік» бақтары ашылып, халықтың игілігіне берілді. Қазіргі уақытта «Ғани», «Тәуелсіздік» бақтарында 6000-ға жуық тал күтімге алынған, – деді ауыл әкімі.
Ауылдың оқу ордасын 2023-2024 оқу жылында жалпы 19 сынып бірлігінде, барлығы 347 оқушы екінші ауысымды білім алған.
Ал 15 «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасында 90 бала тәрбиеленіп, ауыл балғындарына 13 педагог-тәрбиеші тәлім-тәрбие береді. Балабақша тәрбиешілері оқу тәрбие жұмыстарына қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды жүйелі түрде қолданып келеді.
Сонымен қатар тұрғындар үшін дәрігерлік амбулаторияда бір жедел жәрдем автокөлігі қамтамасыз етілген және сегіз адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі жұмыс жасайды. Күндізгі емдеу бөлімінде бүгінгі күнде 106 адам дертіне шипа тауып, ем қабылдаған. Ал флюрографиялық тексеруден 342 адам өткізіліп, 18 сәби дүниеге келген. Ауыл бойынша халық саны жыл санып артып келеді.
Мұнда әрбір мерейлі де, мерекелі күндер ескерусіз қалмайды. Яғни, жергілікті мәдениет үйінің демеуімен атап өтіледі. Сонымен қатар жоспарланған іс-шаралардың барлығы ауыл тұрғындарының қатысуымен өткізіліп келеді. Ағымдағы жылда түрлі мазмұндағы 54 мәдени іс-шара өткізілген.
Ал қысқы дайындық пен жылу жайына келер болсақ, Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет Үйі газ желісіне қосылып, қазіргі таңда өнер үйінің мамандары игілігін көруде. Алдағы уақытта мектеп, балабақша және дәрігерлік амбулаторияны газ желісіне қосу үшін ұсыныстар берілді.
Ауылда ауыз су мәселесі де шешімін тапқан. Нақтырақ айтсақ, «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбыры арқылы қамтамассыз етіліп, тәулік бойы 120 текше метр ауыз су берілуде. Аяқ су мәселесі толығымен шешілген.
– Ауылға 4G жылдамдықтағы биіктігі 18 метр болатын билайн антенасы орнатылды. Ал автомобиль жолдарына келер болсақ, округ бойынша 17 көше бар. Ұзындығы 11, 180 шақырымды құрайтын, оның 13 көшесіне асфальт жүргізілген. Сондай-ақ сегіз көшеге түнгі жарық шамдары тартылған.
Кәсіпкерлік мақсатта мал бордақылау үшін өтініш білдерген азаматтарға ауылдың батыс беткейінен аудан әкімінің қаулысына сәйкес 20 га жер учаскесі бекітіліп, қазіргі таңда 4 өтініш түсіп, құжаттары жер қатынастары бөлімінде конкурсқа ұсынылды.
Сонымен бірге ауылдың қалған көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, түнгі жарық шамдарын орналастыру үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ұсынылатын болады.
Ауылдық округтен жер алу мақсатында тұрғындардан өтініш көптеп түсуіне байланысты, ауылға жаңадан 3 көшеге инфрақұрылым тартылуда, – дейді Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Абай Рыстығұлов.
Серік АҚМЫРЗА
03 тамыз 2024 ж. 915 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30