Түркі елдерінің ортақ әліпбиі бекітілді: Бұл емле кім үшін жасалды және енді қалай қолданылады
Желіде біріккен түрік әліпбиі қабылданғаны туралы ақпарат тарады. Комиссия отырысына түрік, өзбек және қырғыз елдері қатысты. Алайда Қазақстанда латын графикасы әлі енген жоқ. Сонда бұл әліпби кім үшін және қай кезде қолданылу үшін жасалып жатыр? Stan.kz анықтап көрді.
Фото: Түркі академиясы
Профессордың сөзінше, бұл латын графикасына көшуді жоспарлаған ел үшін тек ұсыныс ретінде бекітілген әріптер қоры. Ғалым әзірге түрік, әзірбайжан, өзбек тілі латын графикасын қолданатынын атап өтті. Басқа тілдер бұл ортақ әліпби жобасына қарап жаңа әліпбиге көше ме, әліпбилеріне түзету енгізе ме, әлде бұрынғы әліпбилерінде қала ма оны өздері шешеді дейді Құралай Күдеринова.
Құралай Күдеринованың айтуынша, алфавит қай жерде қолданылады деген сауалға байланысты алдымен ортақ түркі әліпбиі деген не екенін түсіну керек.
"Бұл қандай да бір тілдің алфавиті емес. Сондықтан бұл қай жерде, қай кезде қолданылады деген дұрыс сұрақ емес. Осы әліпби негізінде, мысалы, бұрыннан латын графикасында әліпбиі барлар түзету енгізуіне болады немесе латын графикасы бойынша әліпбиі жоқ елдер осыған қарай отырып, өздерінің жаңа әліпбиін түзуіне болады. Бұл – бәріне ортақ тірек база", – деп түсіндірді профессор.
Құралай Күдеринова елімізден кімдер комиссия мүшесі болып барғанын және отырыс кезінде қандай мәселелер қаралғанын айтты.
"Бұл Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының 3-отырысы. Бұған дейін ортақ әліпби комиссиясының Астанада және Бакуде өткен екі отырысында түркі тілдеріне тән ортақ әліпбидің жасалуының принциптері, әріптерді таңдаудың принциптері, қай фонемаларды қандай әріппен таңбалауға тиіспіз деген қағидаттарды қарастырған еді. Енді 9-11 қыркүйек аралығында болған комиссия отырысында нақты ортақ әліпбидің жобасына келісу болды. Бұл комиссияға Қазақстаннан Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов және тілші ғалым ретінде біз барған едік. Бұл әліпби жаңадан жасалған жоқ. Бұл түркі мемлекеттері егемендік ала бастағанда Ыстамбұлда 1991 жылы өткен үлкен жиыннан кейінгі ортақ келісілген әліпби негізінде жасалған. Бұл түрік әліпбиінің негізінде жасалып, оны әзірбайжан өзгеріссіз алған әліпби деуге болады. Кейін түрікмен, өзбек, қарақалпақ жазуы біршама өзгерістермен, бірақ осы базаны сақтай отырып әліпби жасады", – деді филолог.
Филолог бұл комиссияға егемендік алған барлық түркі тілдерінің мүшелері шақырылған деп отыр.
"Бұл "Turkic World Vision 2040" мақсатына сай, түркі халықтары арасында жазба коммуникацияны жеңілдету үшін жасалған үлкен жұмыс болды. Түркі жұртының әрқайсысына осы жұмысты ойластыруға, келісуге жиналып жатқанымызды естіртіп, комиссияға мүше ғалымдар жіберу сұралды. Сол кезде комиссияға мүше болып, қолдап жақтағандардың қатарында түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз, қазақ бар. Бұл жерде түрікмен, қарақалпақ халқының өкілдері болмады, сондықтан аталған тілдердің жазуы қарастырылмады. Тек түрік, әзербайжан, қазақ, өзбек, қырғыз ұлты өкілдерінің арасында кездесу, келіссөздер болды. Яғни комиссияда әр түркі жұртынан екі адамнан мүше бар ", – деп нақтылады комиссия мүшесі.
Сонымен қатар ол әліпбиді түзу кезінде қыпшақ, оғыз және қарлұқ топтарының тілдік қолданыстары ескерілген деп отыр.
"Мысалы, ең жақын деген ноғай мен башқұрт, татар, қазақ тілдерінің арасында жазу жағынан үлкен айырмашылықтар бар. Жақын тілдердің мәтінін оқу, түсіну қиын болып кетеді. Мысалы, түркі тілдерінің оғыз және қыпшақ, қарлұқ тобындағылар бір-біріне жақын дыбысталады және лексика-фразеологиялық байлығы да ортақ. Сондықтан бұндай ортақ әліпби жақын тілдердің өзара мәдени, ғылыми, ақпарат алмасуларына, жазба кеңістікте, графикалық кеңістікте тез және өнімді коммуникация жасауына көмектеседі. Сонымен бірге бірінің мәтінін, екіншісінің көркем шығармасын, баспасөз құралдарын бірден түсінуге көмектесер еді. Ал енді оғыз бен қыпшақ тобының арасында болып жақтан осы ортақ әліпби қадамы арқылы біраз сөздердің, әрі қарай терминдердің түсінісуіне жеңілдік тудырады", – деді Құралай Күдеринова.
Құралай Күдеринова қазақ тілі бұл көшке ілесу үшін алдымен латын графикасына өту керек екенін айтты.
Фото Құралай Күдеринованың жеке архивінен алынған
"Қазіргі егемендік алған түркі тілдері үшін өздерінің егемендік рәміздерін ту, әнұран, елтаңбасы сияқты жазуының да өзіне тән символдық қызмет атқару үшін ешкімге бағынысты емес, бейтарап әліпби болатын латын әліпбиіне көшкені жөн. Латын әліпбиіне көшу тілдің ұлттық ерекшеліктеріне қайтуға, ұлттықтан айырылып бара жатқан фонетикалық, графикалық ерекшеліктерімізді жөндеп алуға көмектеседі. Сондықтан латын графикасы бұл ағылшынға да, түрікке де бағынысты емес, бейтарап жазу графикасы. Өзбек ғалымдары осы ортақ түркі әліпбиі негізінде қазіргі өзбек жазуына өзгерістер енгізіліп, парламент қарауына жіберілгенін атап өтті. Сондықтан бұл қабылданған әліпби қазіргі қолданыстағы өзбек жазуына сай келмесе де ортақ түркі әліпбиіндегі таңбалардың барлығын қолдап отырды. Біз бұл шешімге келуге ондаған жылдар уақытымыз босқа кетті деп айтты. Ал қырғыз ғалымдары өздері жасап отырған әліпби жобасындағы әріптер ортақ түркі әліпбиі негізінде жасалған деп отыр", – деді Құралай Күдеринова.
Филилогия ғылымдарының докторы әліпбидегі 34 таңбаның бәрін тұтастай қолданбаса да болады дейді.
Сонымен қатар Түркі академиясының айтуынша, жиынның негізгі мақсаты – екі жылдық бірлескен жұмыс нәтижесінде жинақталған білім мен тәжірибені пайдалана отырып, түркі тілдеріне ортақ әліпби үлгісін әзірлеу.
"Бұл басқосудың осылайша табысты аяқталуын тарихи сәт ретінде бағалауға болады. Ортақ түркі әліпбиінің дамуы түркі халықтарының тілдік мұраларын сақтай отырып, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал етеді", – деді Түркі академиясы.