Шаруасы шалқыған Шәкен
Шәкен - ауданнан 120 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл. Шаруасы шалқып, келбеті келіскен елді мекеннің бүгінгі аяқ алысы көңіл қуантарлықтай. Тұрғындардың да мәселесі жыл сайын шешім тауып келеді.
Ал бұл округке аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес тоқсан сайын ат басын бұрады. Мұнда халықтың жағдайына қанық болған аудан басшысы талап-тілектеріне де құлақ түруді ұмыт қалдырмайды. Бүгін сондай тұрғындармен кездесудің сәті тағы да түсті.
Жиында әңгіме басын Қызылорда облысының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойымен бастаған Мұхтар Әуесұлы жуырда ғана даталы мерекенің кең көлемде тойланғанын айтып өтіп, атсалысқан барша жұртқа алғысын жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар ауыл ақсақалдарын Қазалы аудандық 95 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған төсбелгімен марапаттады.
Мұнан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабар беріп, шәкендіктердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ауыл жұртының айтуынша, қазір елді мекенде мал жоғалу белең алып тұр. Соған сәйкес аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тиісті шараларды қолға алса дейді. Бұл сауалға жауап берген аудан басшысы полиция қызметкерлеріне тапсырма жүктеп, тез арада жағдайды бір жақты етуін талап етті.
Мұхтар Әуесұлы халықпен кездесудегі сөз арасында шалғайдағы елді мекенге жуық арада трансформатор орнатылатынын айтып, жарық мәселесінің шешілетін күні алыс еместігін сүйіншілетті. Ал, мұны Шәкен жұрты көптен бері мәселе етіп көтеріп жүрген болатын.
Айта кетейік, аудан әкімі шалғай ауылға сапары кезінде Саймахан Көбес ақсақалдың үйіне арнайы барып, Қызылорда облысының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар, арнайы төсбелгіні кеудесіне тақты.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі