Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос көлден несібе сүзген

Қос көлден несібе сүзген

"Өзен жағалағанның өзегі талмайды" деген даналық тәмсіл бар. Бүгіндері бұл кәсіп көзін дөңгелеткендер арасында өзен-көлдерді жағалап, балық аулаумен айналысатын қазалылықтар да баршылық.
Аудан бойынша жергілікті маңыздағы 20 балық өсіруге арналған су айдыны және учаскесі бар. Балық өнімдерін ұқсататын 2 зауыт жұмыс істейді. Аталған сала мамандарының айтуынша, су маржанын сүзуге сәуір мен маусым аралығы және қыркүйек пен қазан айының бірінші жартысы ыңғайлы. Балықтың уылдырық шашар кезі су жылыған маусым-шілде айларына тұспа-тұс келеді. Өзендер арнасынан асқан жағдайда жайылма суларға да ұрық тастайды. Бұл кезде балық ауланбайды. Осы өндірістің өзегін арнайы зерттеушілердің деректері бойынша 1930 жылдары Аралда көктем мен күзде құрма, тоспа аулар арқылы бекіре мен аққайран, сазан, торта, шортан, көксерке, ақмарқа, жайын ауланған. Қаяз бен бекіреге ақан аулар қолданылған. Сүзгі аулармен өзен суларынан ұсақ қаяз, тісті және ақмарқа ұсталынған. Мұны кәнігі балықшы Темірхан Нағашыбайұлы қоштауда.
"Балықшының еңбегі – етек-жеңі кепкенше" демекші, адал еңбекпен нан тауып, күн-түн демей күйбең тіршіліктің қамымен жүретін балықшылар қауымының еңбегі ерен десек артық айтқандық емес. Тасарық ауылының байырғы тұрғыны Темірхан Мақсатбаев 30 жылға жуық балық шаруашылығымен айналысып келе жатқан нағыз өз ісінің маманы. Оның Лақалы ауылынан 20-25 шақырым қашықтықта орналасқан "Ақкөл" және "Жанай" көлдері бар. Алғашқысы – 352 гектарды құраса, кейінгісі – 130 гектар жерді қамтуда. Мұнда сазан, дөңмаңдай, ақ амур, табан, шортан, торта, ақ балық, тісті, қызыл қанат, тран, жайын, алабұға сынды балықтың түрлері мекендейді. Көл айдындарына су көктемде мамыр айынан бастап, маусым айына дейін және күзгі уақытта мезгілімен құйылып тұрады. Мәселен, Жанайға Ақсай арнасынан құйылса, Ақкөлге Қуаңдариядан жіберіледі. Дегенмен соңғы кездері су тапшылығына байланысты бірнеше мәселе туындауда.
– Ақкөлге кеш құйылып тұр. Су деңгейі төмендегеннен шалаң көбеюде. Бұл көл жағдайының нашарлауына, сасуына, балықты аздырып, өлуіне себепкер болады. Арам шөпті шамамыз жеткенше, профилактикалық тазарту жұмыстарын жүргізіп, жағалаудағыларын жұлуға тырысамыз. Балықтарға кері әсері туындар деген оймен зиянкестерді жоятын тыңайтқыштарды қолдануға дауаламаймыз. Егер су деңгейі бір қалпынан өзгермесе, уақытылы су жіберілсе, бұндай қиындықтар кездеспес еді, – дейді Темірхан Нағашыбайұлы.
Балықшының айтуынша, көл-су айдындарының даму жоспары бойынша балық қорын сақтау мақсатында күріш алқаптарынан бөлініп қалған шабақтарды салуға тиісті. Биыл "Жанай-1" көліне 16200 балық жіберілді. Бұл шабақ құтқару жұмыстарына жатады. Жылдың 10 айында балық аулап, 1 айын күздің кезінде осындай шараларға арналады. Арнайы құралдармен 52000 данасы Ақкөлге жіберілді.
Бүгінге дейін Темірхан Нағашыбайұлы бұл салада Қызылорда облысының табиғи ресурстарды пайдалану басқармасы арқылы біліктілігін арттырып келеді.
– Балық шаруашылығын дамыту мақсатында тәжірибе алмасуға Атырауға да бардық. Ол жақта тоған суды қалай жүзеге асыру қажеттігінен мол мәлімет алдым. Бар мақсатым – балықтың санын көбейтіп, жойылмауының алдын алу үшін тоған су жүргізу. Дегенмен бұл жобағы қомақты қаржы қажет. Кемі 30 миллион теңге керек. Барлық мүмкіндіктерді қарастырдым. Қаржы жағынан қиындықтар туындауда. "Ауыл аманаты" бойынша бағымды сынап көрдім. Бірақ іске аспады, – дейді балықшы.
Оның мәлімдеуінше, жергілікті жерге тоған суды қолға алса, балық өсіміне жақсы әсер етеді. Қазір Темірхан Мақсатбаев 3 қорықшы мен 5 балықшыны жұмыспен қамтып отыр. Арнайы бригадирлермен бірлесе, көл-су айдындарын күтіп-баптау нәтижесінде жылына қос көлдің берген несібесінен 12 тонна өнімді қазалылықтарға ұсынады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
06 ақпан 2024 ж. 274 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031