Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуаныш САНСЫЗБАЕВ: Газбен қамту – әлеуметтік мәселенің ең маңыздысы

Қуаныш САНСЫЗБАЕВ: Газбен қамту – әлеуметтік мәселенің ең маңыздысы

Қыс түсіп, жылыту маусымы басталғаннан-ақ "үйде газ тарады, жарылыс болды" деген сынды суыт хабарды жиі естіп жатамыз. Сала мамандары мұндай жағдайлардың орын алуы көбіне тұрғындардың салғырттығынан дейді. Халық сонда қалай сақтану керек? Нені ескергені жөн? Тұрғын үйлердің кіреберісіндегі газ қондырғыларын қалай қолдану керек? Апатты жағдайдың қалай алдын аламыз? Осы бағыттағы және тұрғындар көңілінде жүрген басқа да сауалдар бойынша «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ҚӨФ Әйтеке би газ шаруашылығының басшысы Қуаныш Сансызбаевпен әңгіме өрбіткен едік.

– Әуелі филиалдың міндетіне не кіреді? Соған тоқталсаңыз.
Жалпы, «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының ең бірінші міндетіне табиғи газ тұтынушыларына газды апатсыз және үздіксіз жеткізу болып табылады. Ал біз өндірістік филиал ретінде тұрғындардың, коммуналдық-тұрмыстық, өндірістік нысандардың және басқада мекемелермен ұйымдардың пайдаланған газын есепке алу және ұйымдастыруды жүзеге асырамыз. Тұтынушыларға үздіксіз газ беру мақсатында газбен жабдықтау жүйелерін қауіпсіз және апатсыз пайдалануды қамтамасыз ету бойынша техникалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, апаттық қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру және жаңадан жүргізілетін газбен жабдықтау жүйелеріне техникалық шарт беру және қабылдау да біздің жұмысымызға жатады.
– Аудан бойынша қанша тұрғын үй мен мекеме көгілдір отын тұтынады?
– 2015 жылы «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы инвестициялық бағдарлама аясында облыс бойынша 5 аудан, оның ішінде Қазалы ауданының Әйтеке би кентітабиғи газға қосылды. Сол кезде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалына қарасты «Әйтеке би аудандық газ шаруашылығы» бөлімшесі ашылып, өз жұмысын бастады. «Газ келсе, жаз келеді» дегендей, бұл – кент тұрғындарының күнделікті күйбең тірлігін біршама жақсартса, қаржыны үнемдеу тұрғысынан да, кәсіпкерлікті дамыту жағына да үлкен үлес қосқаны белгілі.
Қазіргі таңда ауданымызда Әйтеке би кентінен бөлек, мемлекеттік бюджеттен Қазалы қаласы, Мұратбаев, Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс ауылдары және Әйтеке би кентіне қарасты жаңадан тұрғын үй салуға арналған 56 гектар, 210 гектар, 81 гектар, 180 гектар, Аймақаш мөлтек аудандары, Қазалы қаласына қарасты 180 гектар аумағы газдандырылды. Жалпы айтқанда аудан бойынша 10549 тұрғын, 222 комуналдық тұрмыстық нысан және 30 өндірістік нысан табиғи газ игілігін көруде. Аудан бойынша ең ірі газ тұтынушы «Қазалы-Теміржол жылу» МКК болып отыр.
– Жылыту маусымының басталғанына бірнеше ай болды. Газдан улану сынды оқиғалар орын алдыма? Жалпы уланып қалмау үшін не істеу керек? Үйдегі жылыту пештерін қолданудың ережелері қандай?
– Жазатайым оқиғалар орын алмас үшін газ жабдықтары мен түтін мұржаларына үнемі техникалық қызмет көрсетілуі қажет. Газ жабдығы орналасқан бөлмелерді үнемі желдетіп отыру, газдан ажырату автоматикасымен табиғи және тұншықтырғыш газдың шыққан иісін сезетін сигнал беруші құрылғыны орнату және жабдықтарды таза ұстау, олардың жанына тез өртенетін заттарды қоймау қажет. Жазатайым оқиғаның көп тіркелетіні – уланып қалу. Уланудың негізгі себептері: мұржаның тұтастығының бұзылуы, түтін тартпауы, мұржаның бітелуі немесе жабылып қалуы, газ жабдығын өз бетінше қосу және оның орнын ауыстыру болып табылады. Оқыс оқиғаның қарапайым ережелері, газ жабдықтарына балаларды немесе өз ісіне жауап бере алмайтын, пайдалану ережелерін білмейтін адамдарды жақындатуға, қондырғыларды өз еркімен өзгертуге, өз күшімен жөндеуге, газ плиталарын үйді жылытуға пайдалануға болмайды. Сонымен қатар желкөз және желдеткіш каналдарды жабық тұрған кезде пайдалануға, мұржадан түтін тартпаған кезде пайдалануға, газ жабдықтары орнатылған бөлмелерде ұйықтауға немесе демалуға, қолдан жасалған пештерді пайдалануға болмайды. Пәтерде газ иісі сезілген кезде, жедел түрде барлық газ крандарын жабу қажет, бөлмені желдету керек. Және де ашық отты, электр құралдарын қосуға немесе ажыратуға тыйым салынады. Бұл туралы газ шаруашылығы үнемі әлеуметтік желілерде қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат таратып келеді. Сондай-ақ халық көп баратын «Халыққа қызмет көрсету орталығында», көшелерде орналасқан лэд-экрандарда, аудандық «Серік-тв» арнасында бейнероликтер көрсетіліп отырады. Сондай-ақ әрбір жаңадан газға қосылған нысандарға түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, аудандық төтенше жағдай бөлімімен бірлесіп тұрғын үйлерді, кәсіпкерлік нысандарды, мекемелерді мамандарымыз аралап, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арнайы дайындаған жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары үнемі атқарылып отырады. Өзіміз күнделікті қолданатын ұялы телефонғада 112 байланыс операторы арқылы қауіпсіздікті сақтау туралы SMS-хабарлама жіберіліп отырғандығы баршамызға белгілі. Тағы бір айта кететіні, биылғы жылу маусымында үйден газ иісі қатты шығып тұрғаны, пеш дұрыс жанбай жатқандығы туралы хабарламалар келіп түсті, дегенмен, улану фактісі тіркелген жоқ.
– Қаңтар айының бел ортасында болған аяз аудан халқын біршама абыржытты. Тіпті, көптеген үйлердің пешінен ақау табылды. Сол уақытта тұрғындар 104 арқылы маманды шақырып, пешті қайта қосқаны үшін 15 мың теңге көлемінде ақша төлегенін де желіде жарыса жазды. Жасалған қызметтің құнын белгілеу жоғарыдағы шартта қарастырыла ма? Мән-жайын толық тарқатсаңыз.
– Қазақстан Республикасының 09.01.2012 жылғы «Газ және газбен жабдықтау» Заңында 30 бабының 2 тармағында «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің иелері олардың қауіпсіз пайдаланылуын және жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге, өздеріне тиесілі объектілерге техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргізуге немесе техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті» деп атап көрсеткен. Оны тұтынушының өзі таңдаған аттестатталған жекеменшік компаниялар жүргізеді. Үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету қызметтері бәсекелестік ортада. Бұл қызметке бағаны жеке компаниялар белгілейді. «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы бұл қызметтермен айналыспайды. Техникалық қызмет көрсетуге қондырғыларды ашып тазалау, жанарғыны ластанудан тазалау, газ жабдығының крандарын бөлшектеу және майлау, бұрандалардың, крандарының герметикалық жалғанған жерлерін тексеру, дұрыс жұмыс жасап тұрғанын бақылау тағы басқа қызметтері кіреді. Бұл қызметке бұзылған қондырғыны жөндеу немесе бөлшектерін ауыстыру кірмейтіндігін білу қажет. Бұл жұмыстар қосымша ақымен жүргізіледі. Мұржаның да техникалық қызметі осындай. Яғни әрбір тұрғын, үйіне техникалық қызмет көрсетуге келген немесе ақы талап еткен жауапты қызметкерден ең бірінші оның арнайы рұқсаты бар құжатын талап етуі және оның мерзімін көруі қажет. Содан соң оның жоғарыда аталған қызметтерді толық жасағанына көз жеткізуі және атқарған жұмыстарына акт беруін талап етуі қажет. Жоғарыда атап өткенімдей, бағаны сол жауапты компания белгілейді. Сондай-ақ келісімшарт бойынша, қызметкерлерден үйдегі пеш жабдығына қарайтыны болсын, мұржаға қарайтыны болсын байланыс номерлерін алып, уақытылы техникалық қызмет көрсетуін талап етуі қажет.
– Жұрт арасында газдың берілуі бәсеңдеген деген сынды әңгімелер жиі айтылып жүр. Тіпті ең жоғарғы деңгейге көтергеннің өзінде пеш үйді жылытпайды дегенді де естіп жүрміз.
– Иә, бізде де 104 телефонына осы шағыммен әсіресе қатты суықта хабарласатын тұтынушылар кездесіп тұрады. Оның екі себебі бар деп ойлаймын. Бірінші, үйлердің жылуды ұстауы, яғни қысқа дайындығы толық қамтамасыз етілмеген. Шақырту бойынша барған мамандар үй ішіндегі жылу жүйесі (батереялар) дұрыс жасалмағандығы, ыстықты жылу жүйесіне айналдырып отыратын насостары істен шыққандығы, сондай-ақ үйдің төбесінің дұрыс жабылмауынан, есік, терезелерде саңылау болуынан, қабырғаның жұқалығына байланысты жылу төмендейтінін анықтап көрсетіп келеді. Оны сол үйдің тұрғындарына айтып, көз жеткіздіріп келеміз. Екінші, көбінесе қазандықтар мен газ плиталарының дұрыс жұмыс істемеуі мен істен шығуынан, уақытылы техникалық қызмет көрсетілмеуі де жылуды толық бермейді. Яғни газ фарсункалары жылдар бойы жұмыс жасап, қақ тұрып қалғаннан дұрыс жанбайды. «Өткен жылы пеш режимін 3 немесе 4-ке қойғанда жылып еді, биыл 7-ге қойсамда жылымайды» дегендер осыдан. Бұған қатысты бізге шағым келіп түссе, бірден техникалық қызмет көрсететін мекемеге жолдап, тазарттырып келеміз. Жалпы айтқанда, тұрғын үйлерге төменгі қысымда газ беретін шкафты газ реттегіш пунктерінің (ГРПШ) барлығында қысым бір қалыпты 0,003 МПа берілуде. Бұл жұмыстар үнемі қатаң бақылауда.
– Ауданда әлі де орамішілік газ желісіне қосылмаған үйлер барын білеміз. Үйінің іргесіне келіп тұрған газды кіргізуге көпшілігінің қаржылық жағдайы келе бермейді. Осы ретте тұрғындар үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– «ҚазТрансГазАймақ» Акционерлік қоғамы тұрғындарға газ жүргізу үшін техникалық шарт береді. Техникалық шарт ақысыз және бес жұмыс күн ішінде беріледі. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ жеке тұрғын үйлерге немесе басқада нысандарға газ желісін жүргізумен айналыспайды. Бұл жұмыстарда бәсекелестік ортаға берілген. Әрбір тұрғын техникалық шарт алған соң өзінің талабына, қаржысына сәйкес келетін, газ жұмыстарымен айналысуға рұқсат етілген лицензиясы бар жеке мекемелермен келісім-шарт жасасып жүргізеді. Жүргізілген нысанды тексеріп, оны газға қосу біздің міндетімізге жатады. Қазалы ауданында қазіргі таңда, осы аудандағы лицензиясы бар жеке мекемелерден бөлек, Арал, Қызылорда қалаларынан келіп газ жүргізу қызметін жасап жүрген мекемелер бар. Олар банктер арқылы бірнеше айға бөліп төлеу қызметтерінде қарастырып отыр. Бұдан бөлек ауданымызда қайырымдылық қорлары жылына 2-3 тұрмысы төмен отбасыға газ жүргізіп беріп келеді, тіпті олардың ай сайынғы төлемінде жасап отыр.
– Өңірдің газбен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндап берсеңіз. Былтыр қанша нысанның жұмысы аяқталды, биылғы жоспар қандай?
– Жоғарыда атап өткенімдей, аудандағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған жергілікті атқарушы органдар үлкен жұмыстар атқаруда. Соның бірі өткен жылы басталған Абай ауылын газдандыру жұмыстары. Бұл ауылға көгілдір отынды қосу биылғы жылға жоспарланған. Сонымен қатар биылғы жылға мемлекет қаржысымен Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистралдық газ құбырын тарту жұмыстары жоспарланған. Жалпы 2030 жылға дейін «Қызылорда облысының аймақтық газдандыру жоспарында» Қазалы ауданы бойынша барлығы 23 елді мекенді табиғи газбен қамту жоспары бар. Өйткені газбен қамту – әлеуметтік мәселенің ең маңыздысы. Аталған жоспарға сәйкес жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқандығы белгілі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
06 ақпан 2024 ж. 210 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031