Рамазан ТАЙМАНОВ: Мәдениет майданына да мейірім керек
Саз әлемінде шоқтығы биік композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі – Рамазан Таймановтың есімі Сыр жұртшылығына ғана емес, күллі қазаққа жақсы таныс. «Қазақ қызы», «Қорқыт – Қобыз» сынды тамаша туындылардың әнін жазған автормен хабарласып, ән өнері тұрғысында әңгіме өрбіткен едік. Әңгімеміздің өзегі – композитордың шығармашылығы турасында емес, бүгінгі әндердің жай-күйі төңірегінде.
– Аға, көпшілік «бұрынғы сазгерлердің әні қандай еді, ол кездегі әндер бөлек еді» деген сарындағы әңгімені жиі айтады. Жалпы сол кезеңдердегі әндердің бүгінге дейін ұмытылмай, көптің жадында жатталуы сол кездегі сазгерлердің санға емес, сапаға мән бергендігінен бе, әлде?
– Кеңес Дүйсекеев ағамызбен бір жүздескенімде мынадай бір әңгімені айтқан еді. 1970 жылдың басында Кеңес ағам консерваторияны бітіріп, телерадиода қызмет етіп жүреді. Сол уақытта белгілі композитор Әбілахат Еспаев: «Кеңесжан-ау, қазір композиторлар көбейіп кетіпті ғой» деген екен. Бірақ ол уақытта Алматыда сазгерлер саусақпен санарлық болғанын ескерсек, Әбілахат ағамыз ол сол кезеңдегі композиторлардың өзін көпке балағандығын аңғаруға болады. Заманына қарай өзгерістер болуы заңдылық. Әйтсе де 50-60-70 жылдардағы деңгей қазіргімен салыстыруға келмейді. Сол кезеңдегі Әбілахат Еспаев, Садық Кәрімбаев сынды сазгерлердің деңгейі мүлдем бөлек болды. Ол кезде сазгерлер әнді аз жазатын. Бірақ аз жазса да, саз жазатын. Кейін келе сазгерлер қатары көбейе бастады. Олар әнді өзінің алдындағы аға буын сазгерлердің шығармаларына еліктеп жазды. Содан да болса керек, сол уақыттағы әндердің әуенінде ұқсастық байқалды. Өйткені сол тұста вальс үлгісіндегі әндер сәнде болды. Ал кейін келе 80-90 жылдар арасында білімпаз сазгерлер жарыққа шыға бастады. Кәсіби музыкалық білімі бар сазгерлердің қатарын толықтырған Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев сынды, сондай-ақ өзге де сазгерлер ауқымды бағдарламаларды халыққа ұсынды. Патриоттық бағыттағы, яғни лауда жанрындағы әндерді жарыққа шығарды. Осы сәттен бастап заманына лайықталған музыка жанры қалыптасып, хорға, әнші-солистерге және симфониялық оркестрге арналған ірі музыкалық шығармалар, симфониялық шығармалар тыңдарман қауымға жол тартты. Меніңше, сол уақыттағы әуендердің халық жадында жатталуына батыс музыкасының біздің мәдениетке бертін келе енуі де септескен сыңайлы.
– Жалпы 80-90 жылдардағы біршама сазгерлердің туындыларының халық арасында танымалдылыққа ие болуы теледидардан үзбей көретін «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасынан бастау алды дегенге келісесіз бе?
– «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас дүние. Расымен-ақ, «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасы сол кездегі талай сазгерлердің, әншінің тұсауын кескен бірден-бір бағдарлама. Сол бағдарламадан өнер көрсеткен әнші де, әннің авторлары да екі күн үшінде танымалдылыққа ие болды. Тамашада әні шырқалған мына бір толқынның, атап айтқанда Марат Ілиясов, Марат Омаров, Әбиірбек Тінәлиев, Алтынбек Қоразбаев сынды сазгерлер әндері көптің көңілінен шықты. Әсіресе, Марат Омаровтың «Анашым», Марат Ілиясовтың «Жан шуағым – мерекем» сынды әуезді әндері халықтың сүйіп тыңдайтын әніне айналған еді.
– Бүгінде халықтың феноменіне айналған Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сынды әншілердің орындап жүрген әндерін тыңдайсыз ба? Қалай бағалайсыз?
– Жалпы екеуі де эстрадада өзіндік орны бар әншілер. Әндеріне көңілім толмайды деп айта алмаймын. Қайрат Нұртастың, Ернар Айдардың, Төреғали Төреәлінің әндері халық үшін жағымды. Бірақ кәсіби тұрғыдан алып қарайтын болсақ, мен үшін жеңіл әрі арзан ән дер едім. Қолжетімді, халықтың көңілінен де шығады. Меніңше, мұндай әндердің ғұмыры ұзақ болмайды. Бір-екі жылда-ақ ұмыт болады.
– Той әндерінің көптігі халық талғамының таяздануына алып келмей ме?
– Расымен-ақ, көп әншілер, сазгерлер «Ән – көңілдің ажары» дегенді желеу етіп, тойға арналған әндерді көптеп шығарғаны рас. Бір кездері халықтың көңілін аулаймыз деп әнге деген талғамды ақсатып алдық. Бірақ соңғы жылдары көпшілік қазақ классикасына, дәстүрлі әндерге ерекше акцент қоя бастаған. Бұл «жұртшылыққа жеңіл-желпі ән өтімдірек» деген пікірдің дұрыс еместігін аңғартады. Әрине, қазір түрлі жанрдағы әндердің желіде жарып жатқаны жасырын емес. Сөзінде мән-мағына жоқ әндер жиіледі. Бұған тыңдарманды, соның ішінде жастарды кінәлау орынсыз. Бұған замана да себепші. Өйткені қазір ақпарат ағыны қатты. Бірақ мұндай әндердің арнасы жақын уақытта сапалы дүниеге қарай ауысады. Тіпті бұл басталып та кетті. Өйткені халық қай нәрсені де сүзгіден өткізуге машықтанды. Әнде де солай. Керегін қалдырып, керексізін шетте қалдырып жатыр. Өнерде жүрген әншілердің дені философиялық, ойлы әндерді сұрайтын және оны тыңдайтын құлақты жоғалттық дегенді айтады. Бірақ солай екен деп дәл сол бағыттағы әндерді халыққа ұсына берудің өзі қателік дер едім. Өнерге шын қызмет еткен жан арзан дүниеге жоламаса керек-ті. Керісінше, жанашыр болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет майданына да мейірім керек.
– Жалпы халық арасында «Өнер сатылмайды, бағаланады» деген тәмсіл бар. Әйтсе де қазақ композиторларының және олардың тамаша туындыларының бағаланбай қалып жатқаны жасырын емес. Бұған кірме әндердің біздің төл өнерімізді ығыстырып жатқандығы себеп пе, әлде?
– 2000 жылдары ақпарат ағыны қарқын алған уақытта қазақ әндерінің орнын батыстық стильдегі әндер басты. Замана ағымымен той стиліндегі әндердің дәурені басталды. Тәуелсіздікке қадам басқан тұста әнді електен өткізетін арнайы комиссия болатын. Ал қазір ондай комиссия жоқ. Бүгінде мәнсіз, мағынасыз, сапасыз әндердің жиілеуі де соның әсерінен болып отырғаны жасырын емес. Еліміз нарыққа қарай бетбұрыс жасаған уақытта құр құлқынның қамын жеп, қалтаны қомпайту үшін кірме әндерге кеңшілік жасалғаны рас. Бір уақыттары теледидарда бірнеше рет айналымда болғаны да баршаға мәлім. Тіпті бұл жағдай кейбір қазақ композиторларының саз әлемінен кетуіне де түрткі болды. Өйткені ән кеңістігінде батыс стиліндегі әндерге насихат жұмыстары көптеп жүргізілді. Соның салдарынан нағыз музыка майталмандарының әндері бағаланбай жатты. Бірақ бұған қынжылуға болмайды. Өйткені бүгінгі тыңдарманның көзі ашық, көкірегі ояу. Талғамы да тым биік. Есті әрі ессіз әнді де таразылай біледі.
– Батыс мәдениетіне еліктеген жастарды төл әндерімізбен сусындату мүмкін бе?
– Қай заманда да еліктеушілік болды. Меніңше, бұл уақытша құбылыс. Бірнеше жылдықта қазақ мәдениетіне бойлаған батыс әндері де шетке ығысып шығуы әбден мүмкін. Өйткені елімізде соңғы 10-15 жылдықта фольклорға қатты көңіл бөлінуде. Жалпы фольклор деген сөздің өзін қазақ тіліне аударғанда халық даналығы деп айтылады. Алдағы уақытта халқымыздың дана музыкасын жаңғыртуға әлде де күш салсақ, музыканың мәні мен мазмұнына терең бойлайтын тыңдарманның артары анық.
– Ән тұрғысында әңгіме қаузаған соң, мынаны сұрамасам айып болар. Жалпы сіз үшін ән әлеміндегі өлмейтін қай жанр?
– Менің түсінігімде ғасырдан ғасырға өтіп, жалғасатын үш жанр бар. Байқасаңыз, классика он ғасырдан бері өлмей, бүгінге дейін жетіп отыр. Одан кейінгісі фольклор. Өзіңіз білесіз, халық музыкасы қаншама ғасырларды артқа тастап, заманмен бірге жасап келе жатыр. Қаншама әндеріміз ауыздан-ауызға тарап, бүгінге дейін өз реңін жоғалтпай жетті. Ал одан кейінгі өлмейтін жанр бұл – джаз. Жалпы джаз да фольклорға жатады. Халықтық джаз-дәстүрлі халық музыкасын джаз элементтерімен, әдетте бай текстуралы әндермен үйлестіретін музыкалық стиль ретінде халыққа жақсы таныс. Осы үш жанр өлмесе, ғасырлар көшінде шаң баспаған қазақ ән өнері мәңгі жасай бермек. Өйткені мұндай жанрлар мазмұндық тұрғыдан ұлттың ұстынын бейнелейтін дәстүрлі өнер саналады. Қала берді кемелденген, кәсіби өреге жеткен музыка мәдениетінің алтын өзегі деп те сипатталады.
– Сыр өңірі сазгерлерге кенде емес. Бүгінде сіздер салған жолды жалғаған жастардың да әндері көптің көңілінен шығып жүр. Аға буын өкілі ретінде кімдердің шығармашылығын артық бағалайсыз?
– Расын айту керек, Сыр өңірінің сазгерлері өте мықты. Әсіресе, жастар жағы қуантып тұр. Соңғы 10 жыл көлемінде біраз сазгерлер шығып жатыр. Әрине, есімі еленбей, қалтарыста қалып жатқандары да бар. Әйтсе де туындылары қалың жұртшылыққа жетіп үлгергендері жетерлік. Солардың ішінде Үкітай Ерниязов, Жарасхан Төлебай, Индира Елубай сынды қыз-жігіттердің саз әлеміндегі орны ерек дер едім. Сондай-ақ, жерлестеріңіз Сәукен Әліштің де шығармаларының шоқтығы биік десем артық айтқаным емес.
– Аға, сүбелі сұхбатыңызға көп рақмет.
Сұхбаттасқан
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ