Теміржол бойының қырағы сақшылары
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмыс уақыты басқа мамандық иелеріндей сағат таңғы тоғыздан кешкі алты немесе жеті аралығымен шектелмейді. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзін ұранға айналдырған олар күні-түні халық тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті бақылайды. Қауіп пен қатердің алдын алып, зұлымдықпен арпалысып, жандарын шүберекке түйетін кездері де аз емес. Осындай оғландар шоғырланған ұжымның бірі ретінде Қазалы станциясындағы желілік полиция бөлімшесін айтуға болады.
Теміржол торабының тыныштығын күзететін тәртіп сақшылары бүгінде халық игілігі үшін талмай еңбек етуде. Қызмет ету аймағы 153 шаршы шақырымды құрайтын желілік полиция бөлімшесінде басшыдан бөлек он қызметкер мемлекет мүлкінің бүтіндігі мен тыныштықтың тұтастығы үшін бастарын бәйгеге тігіп жүрген жайы бар. Қызметтің қауіптілігіне қарамастан анттарына адал полиция қызметкерлері осы уақытқа дейін көптеген қылмысқа тосқауыл бола білген. Мәселен, жедел полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Бекнұр Қалжанов осыдан бір апта ғана уақыт бұрын Әйтеке би кентіндегі Михаилюк көшесінің бойында шұғыл іздестіру шараларын жүргізу барысында №60 ірілендірілген жол диспанциясы мекемесінің қарамағындағы теміржол рельсін жасырын түрде ұрламақ болған қылмыскерді құрықтаған. Теміржол бойындағы тасымалдау қызметіне аса қажетті мұндай құралдарды адамдар жеке мақсаттарына заңсыз түрде пайдаланғысы келетін көрінеді. Алайда қырағы тәртіп сақшылары бұндай жағдайда қол қусырып қарап отырмақ емес.
Арман Диханов басшылық ететін ұйымшыл ұжым қызметкерлерінің халық ілтипатынан бөлек алған алғыстары да аз емес. Олай деуіміздің себебі, ҚР Полиция күніне орай өткізілген мерекелік шарада желілік полиция бөлімшесіндегі әкімшілік полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Абима Пірімбетова облыстық деңгейдегі алғыс хатпен, осы бөлімшедегі патрульдік полиция тобының полицейі, полиция аға сержанты Еділбек Тәуекелов аудан көлеміндегі алғыс хатпен марапатталды. Бұл да болса Отан үшін қызмет етіп жүрген жүректі полицейлердің еңбегінің еленгені болар.
Қазалы стансасындағы желілік полиция бөлімшесінің басшысы Арман Тағыбергенұлының айтуынша, қылмысты болдырмау, қылмыс орын алған жағдайда оның салдарымен күресу – олар үшін басты міндет. «Бізге теміржол бойында болатын бөтеннің мүлкін ұрлау немесе мекеме заттары мен жол үстінде болуы мүмкін қауіптің алдын алу міндеті жүктелген. Бұдан бөлек белгіленген аймақтағы құқық бұзушыларды, теміржол көліктерінің уақытылы жүруіне кедергі жасаған азаматтарды анықтап, заң шеңберінде тиісті шаралар көру арқылы қылмыстың деңгейін төмендетеміз. Осы жұмыстарды абыроймен атқарып келеміз деп ойлаймын. Алдағы уақытта да халық пен мемлекеттің игілігі үшін жұмыс жасай береміз», – деп сөзін түйіндеді бөлімше басшысы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ