Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дүкендердегі дүрбелең: Әмиянсыз саудаға салық

Дүкендердегі дүрбелең: Әмиянсыз саудаға салық

Анаубір жылдары қолма-қол ақша ұстап жүргендер шотына салып, оңай аударым жасауды үйреніп алды. Одан соң ел шулады. Дүкендер мен дүңгіршектер қолма-қол төлем жасауды аяқ асты талап ете бастады. Қызық, бұл сол жылдары «аударымдар тексеріледі, шектен асса салық салынады» деген ақпараттың тарағанынан орын алып еді. Бірнеше күннен соң қайта мобильді төлем қабылдап, ел болып қайта шоттан оңай аударым жасай бастады. Осының арасында жеке кәсіпкерлігін ашпай, жасырын төлем қабылдап жүргендер көбейді. Көбі әлеуметтік желіде бір айдағы кіріс пен шығысын көрсетіп, миллиондаған табыс таптым дегенін желеулетті. Енді міне, биылдан бастап тағы да дүрбелең басталды.

«Обналичка» немесе ЖК-сын жалға бергендер
Әр айдың белгіленген бір уақытында жұмадағы бөліп төлеулер басталады. Құдды тегін келіп жатқандай жалма-жан жұрттың бәрі осыған құмар. Алайда заттай алуға берілген жеңілдіктің түбі «алаяқтыққа» ұласады. Қалай деймісіз?
Қазақстандағы әрбір банктің өз тұтынушысына берер жеңілдігі бар. Жылдың кез келген уақытында бөліп төлеуді рәсімдеу онлайн қолжетімді болады. Осындайда қаржыдан қиналған көпшілік заттай тауар аламын деп несие рәсімдейді. Бірақ банкке көрсеткен тауарын алмайды. Жалға алынған жеке кәсіпкерлігі бар адамға айтып, тауарды қолма-қол ақшаға аударып алады. Әрине, бұл тегін емес. Әр сомаға белгілі бір пайыз алады. Делдалдар көбейіп, былтыр үлкен шу болғанын бірі білсе, бірі білмес. Нағыз бөліп төлеудің қайнап тұрған шағы болатын. Жылына 2-3 рет келетін жұмадағы жеңілдікте тіпті база жұмыс жасамай, «обналичкаға» кеткен жұрттың ақшасы қайтпай қалды. Тауар аламын деген талайы банкты алдап соқты. Оларға қолма-қол ақша қажет еді. Солай 3 күн бойы көпшілік қолма-қолға айналдырылған ақшасын ала алмай әлек болды. Екі ортаға түскен делдалдар жеке кәсіпкердің соңында жүрді. Ал ең жоғарысында бұл істі жасап отырған ЖК иесі банк маңын торуылдап, тергеуге дейін кірді. Қызығы, барлық алынған тауар бойынша есеп беріп, тұтынушылардан не зат алғаны жайында қолхат өткізді. Бір айдағы табысы 100 миллионнан асқан әлгі жеке кәсіпкер банктің күдігіне ілінген. Солай қосымшасы жабылып, түскен ақшаны банк бұғаттап қойды. Салық төледі, әбігерге түсті, қысқасы, бірнеше күнге созылған дүрбелең елді есеңгіреткені бар. Бұрын аз пайызбен пайда тапқан ақша айналдырушылар содан бері пайызын өсіріп жіберген. Бірақ «обналичка» жасауды қоймай отыр. Мобильді төлемдерді бұлар туысының, жақындарының, өзінің шотынан еркін жасап, күніне бірнеше аударымдар жасайды. Қош. Қайбір кездері жеке кәсіпкерлігін арендаға бергендер көбейді. Айына, аптасына, тіпті күніне пәлен мың теңге беріп отырамын дегендер әлгі адамның ЖК-сын оңай пайдаланады. Бірнеше сауда, аударымдар жасап алған соң өзіне қайтып береді. Ал арендасының ақшасын алып мәз болған жеке кәсіпкерге кейін осыншама салық сал деген талап қойылады. Кімді кінәлаймыз?
Түбіртексіз кәсіп
Елдегі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, кейбір қазақстандықтар кәсіпкерлік қызметтен жеке тұлғалардың шоттарына түскен мобильді ақша аударымдары мен кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті жосықсыз жасырады-мыс. Яки, төлем қабылдағаны туралы түбіртек бермей, кәсіпкерлікпен айналысады. Осыған байланысты Қазақстанда азаматтардың алған мобильді аударымдарын кезең-кезеңімен тексеру басталды. Оған кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс белгілері бар операциялар ғана жатады. Заңға сәйкес, бұған бір жеке тұлғаның қатарынан 3 ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардың банк шотынан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған ақшалай қаражат алуы жатады. Ол қалай анықталады?
Былтырғы жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар тұлғалар туралы мәліметтерді береді. Бұл ретте олар жеке сәйкестендіру нөмірлерін ЖСН жібереді, оған жоғарыда аталған критерийлерге сәйкес келетін тұлғалар ғана жатады.
Шағын эксперимент
Қазір көбі онлайн төлем жасауға әбден үйреніп алған. Дүкенге барса, таксиге мінсе де «Голд бар ма?» деп сұрайды. Үлкен қалалардан да жеткізіп беру қызметін таңдап, онлайн төлем жасап, затын ала алады. Кәсібін енді бастап тиыннан теңге құрап жатқандар үшін осы төлем түрі тиімді еді. Себебі олар чексіз жұмыс істеді. Жасалған аударым үшін ешқандай салық төлемейтін. Енді биылғы жылдан бастап кәсіпкерлердің мобильді аударымдары тексеріледі дегенді естіп біраз жұрт дүрлігіп жатыр. Әлеуметтік желілерде «дүкендер мобильді төлемді қабылдамай жатыр» деген жазбалар көбейді. Біз де құр жатпадық. Көзге іліккен дүкендерді аралап көрдік.
Жақында ғана тақтайшада жазулы тұрған аударым нөмірлері кейбір дүкендерден алынып тастапты. Көбі «қолма-қол төлем қабылдаймыз» деген ескертпені іліп қойыпты. Сауда жасап жатып «менде қолма-қол ақша жоқ» дегенім сол еді, саудагер шап етіп «голд жоқ бізде» деді жеки. Мейлі дедік те келесі дүкенге соқтық. Мұнда да солай, 0,5 литрлік су ала алмай кері қайттық. «Аяқ асты неге бұлай жасап жатсыздар?» деген сауалымызға жауап сол «Қолма-қол ақша қабылдаймыз» дегені ғана. Базарда да солай. Қағазға ілінген ескертпелер. Төлем қабылдамайды. Таксистердің де дені қолма қол ақша сұрап әлек. Ал «доставкамен» жұмыс жасайтын үлкен қаладағы киім не басқа да дүкендер ақшаны қолма-қол немесе бөліп төлеу бойынша жүзеге асырамыз дегенді алға тартты.
Салық кімге салынады?
Бұдан былай салық органдары банктегі қаржылық операцияларды қадағалап отырмақ. Дегенмен, аударымдарды бақылау жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асып, жалпыға бірдей декларацияда тіркеледі. Мәселен, биылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің мобильді аударымдары тексеріле бастайды. 2025 жылдан жеке кәсіпкерлердің, ал 2026 жылдан қарапайым халықтың ақша аударымы бақылауға алынады. Халық қазір қолма қол ақшаны көп ұстамайды, көбіне мобильді аударымды қолданады, кюармен төлейді. Салдарынан цифрлы төлемдердің үлесі 86 пайызға дейін өскен. Сондықтан салық органдары қаржы айналымының мақсатын тексеру маңызды дейді. Яки, бұл бақылаудың салығын төлеп отырғандарға қатысы жоқ. Кәсібін жүргізіп, кірісін жасырғандарды анықтауға бағытталады. Ал салық саясатына селқос қараған мемлекеттік қызметкерлердің жеке дерегі жемқорлыққа қарсы агенттікке жолданады. Заңсыз жұмыс істегендерге жауапкершілік те бар. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеді. 2024 жылы бұл сома 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін жетеді. Сондай-ақ кірісті жасырғаны үшін – төленбеген соманың 200 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда – 300 пайызға өседі. Ал чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін (198 100 теңге) айыппұл салынады. Дегенмен, Салық комитеті жаппай айыппұл салынбайды, оларға әуелі ескерту беріледі дейді. Мұның жеке мақсатта жіберген аударымдарға еш қатысы жоқ екенін баса айтты. Ата-анаға, туған-туыс, жақын достарға жіберілген қаржы операциялары заңсыздыққа жатпайды. Мемлекеттік кірістер органдары жоғарыдағы өзгерістердің осыған дейін табыс көзіне сай салық төлеп жүрген кәсіпкерлерге әсер етпейтінін және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанын айтады.
Қолма-қол ақша талап еткен сатушы айыппұл арқалайды
Салық қызметінің мамандары қолма-қол ақша төлеуді талап еткен бизнеске айыппұл салынатынын айтады. Қолма-қол ақшасыз төлемдерден бас тартқаны үшін (карта немесе QR) алдымен ескерту, содан кейін шамамен 150 мың теңге айыппұл салынбақ. Қазақстанда 2024 жылдың қаңтарынан бастап бизнес жаппай қолма-қол ақша төлеуді талап ете бастады. Бұл әмиянсыз сатып алуға үйреніп қалған қазақстандықтардың наразылығын тудырғаны рас. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормалары банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен төлеу тәсілдерін көздейді (25-бап), деп атап өтті ведомствода. «Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған: бірінші рет ескерту, қайталап бұзған жағдайда 147 680 теңге (40 АЕК*) мөлшерінде айыппұл салынады» деп нақтылады мемлекеттік кірістер комитеті. Егер сіз төлемді қолма-қол ақшасыз қабылдаудан бас тартқан сатушыға тап болсаңыз, салық қызметіне хабарласуға болады.
Түйін
Сізге салық сала ма? Дүрлігудің қажеті жоқ. Жоғарыда айтып өткендей кәсіпкерлікке, саудаға қатысы жоқ адамдарға салық салынбайды. Тек дүкен иесі сізден онлайн аударым жасамауды сұрап, қолма-қол ақы төле десе, сіз де одан тиісінше түбіртек беруді талап етіңіз.
Айнұр ӘЛИ
06 қаңтар 2024 ж. 243 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 67

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930